Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

Электронды сайлау жүйесі: Жаңашылдық пен қауіп

Күнде өзгеріп, жылдам дамып жатқан біздің дәуір сайлау жүйесіне де өзінің әсерін тигізбей қоймады. Оның үстіне қазір жүйені өзгертіп, заманға сай лайықтамасаң көптеген түйінді мәселелер туындауы мүмкін. Қазақстандағы сайлау жүйесі де түрлі эволюциялық даму кезеңдерін бастан өткерді. Алда да түрлі өзгерістер күтіп тұруы әбден мүмкін. Ulys тілшісі Қазақстанның сайлау жүйесінің болашағы мен аталған саладағы заңнамалық өзгеріс кезеңдеріне шолу жасап көрді.

САЙЛАУ ЗАҢНАМАСЫНА ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗУ ЭВОЛЮЦИЯСЫ

Жалпы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін сайлау жүйесі үнемі өзгеріп келеді.  Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заң үнемі жетіл­діріліп, заманауи әлемнің реалий­леріне сәйкес түзетіліп, көштен қалмауда. Мысалы 1995 жылғы қабылданған Сайлау туралы заңға оннан көп өзгерістер енген. ҚР сайлау заңнамасы ЕҚЫҰ-ның 1990 жылғы Копенгаген құжаты қалыптастырған сайлау құқығының негізгі қағидаттарына сәйкес келеді.

«Сайлау туралы» заңға неғұрлым тұжырымдамалық өзгерістер 2004, 2007, 2009, 2011 2013 және 2022  жылдары жасалды. Солардың негізгілерін атап өтер болсақ, 2004 жылы бала­масыз сайлау, алдын ала дауыс беру алынып тасталып, сайлау комиссия­ларын қалыптастырудың жаңа қағи­даты – саяси партиялардың ұсынуы­мен жергілікті өкілді органдарды сайлау бастамасы енгізілді.

Сайлаушылардың тізімін құру қағидаты өзгеріп, олар тізімге тұрғылықты жеріндегі тіркеуге сәйкес енгізілді. Кан­дидаттардың БАҚ-қа тең қолжетімділігіне кепілдіктер беріліп, отан­дық және халықаралық байқаушылардың құқықтары едәуір кеңейді.

Конституцияға 2007 жылғы ма­мырда енгізілген өзгерістерге бай­ланысты «Сайлау туралы» заңда Парламент Мәжілісін қалыптасты­рудың жаңа тәртібі белгіленді. Республиканың сайлау заңнамасына 2009 жылы енгізілген маңызды өзгерістің бірі – екінші партия заңда белгіленген 7%-дық кедергіні еңсермеген жағ­дайда да, кемінде 2 саяси партия­ның қатысуымен Парламент Мә­жілісін құруға мүмкіндік беретін құқықтық тетік пайда болды.

2011 жылғы толықтырулар респу­б­лика Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау мен өткізу мәселелері тәртібін қамтыды.

2013 жылғы толықтырулар Парламент Сенаты мен Мәжілісінің кезектен тыс сайланған депутаттар өкілеттіктерінің конс­титуциялық мерзімін есептеуге негіз болды. 

Ал Сайлау туралы заңнамаға ең үлкен өзгерістер 2022 жылы жасалды. Осы жылғы жаңа талаптарға сәйкес мәжілістің депутаттық корпусының 70% пропорционалдық, 30% мажоритарлық тәсілмен жасақталды. Сонымен қатар сайлау бюллетеньдеріне түрлі бағандар енгізілді. Бұдан бөлек облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауы да аралас үлгімен өтті. Бұл өзгерістер тәуелсіз Қазақстан тарихы сайлауындағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер деп айтуға болады.

БОЛАШАҚТАҒЫ САЙЛАУ ЖҮЙЕСІ ҚАНДАЙ БОЛМАҚ?

Қазір көптеген дәстүрлі әдістер бірте-бірте өзінің өміршеңдігін жоюда. Дәстүрлі әдістерге балама ретінде көпшілікке ыңғайлы, оңай әрі жылдам құралдар ұсынуда. Сол сияқты сайлау жүйесінде де озық техологияларды пайдаланып, дәстүрлі бюллетеннен бас тартып электронды нұсқаға көшу туралы да түрлі пікір-ұсыныстар айтылуда.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы 16 наурыздағы Қазақстан халқына жолдауында электронды сайлау технологияларын енгізудің маңызы туралы айтқан еді.

«Cайлау үдерісін жаңғырту. Халықаралық тәжірибеде сайлауды ұйымдастыру жүйесі ұдайы өзгеріп отыратыны белгілі. Яғни, әділ және ашық сайлау өткізу үшін тиімді шешім іздеудің маңызы зор. Көптеген елдер дауыс берудің баламалы түрлерін пайдаланып жатыр. Яғни электронды, мерзімнен бұрын, қашықтан көпкүндік дауыс беру тәсілдері кеңінен қолданыла бастады. Сондықтан әлемдегі үздік тәжірибелерді зерттеп, қажет болса, оны біртіндеп енгізген жөн», - деді Мемлекет басшысы.

Негізі сайлау кезінде электронды дауыс беру жүйесі 2000 жылы енгізілді. Естеріңізде болса 2005 жылғы президенттік сайлау кезінде дауыс берудің екі жолы қолданылды. Оның бірі дәстүрлі бюллетень болса, екіншісі электронды жүйе. 2007 жылы «Сайлау» электронды дауыс беру жүйесін қолдануды біржола тоқтатты. Оның себебі көп...

Тиісті сарапшылардың айтуынша электронды сайлау жүйесін енгізген бірқатар мемлекетте техникалық қателер кетіп, арты үлкен дауға айналған. Сондықтан сала мамандары электронды сайлау жүйесін толықтай зерттеу қажеттігін алға тартады.

Тек электронды сайлау өткізуге қатысты бұдан ілгеріде ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин де жауап берді.

«Электронды түрде дауыс берсек, ертең халықаралық қауымдастыққа, байқаушыларға біз сайлаудың әділ өткенін, дауыстарды санау кезінде қателікке бой алдырмағанымызды, жасырын дауыс беру тәртібінің сақталғанын қалай дәлелдейміз? Менің ойымша, алдағы 1-2 жылда мұндай мүмкіндікті жасауға болады. Ол үшін байқаушылар да сәйкесінше электронды бағдарламаны түсіне алатын ІТ саласының мамандары болуы тиіс», - деген еді Бағдат Мусин.

Әрине электронды сайлау жүйесі ол болашақтың ісі. Себебі бұл сайлау жүйесі уақыт пен қаржыны үнемдеудің тапсырмас әдісі. Бірақ оның екінші жағы барын әлеуметтанушы ғалым былай деп түсіндіреді.

«Ал сайлау жүйесіндегі электронды формат деген көп жағынан тиімді болар еді деп айтар едім. Алайда кез келген электронды жүйенің қауіп-қатерлері көп екенін де ескерген жөн», - дейді әлеуметтанушы Рамазан Саттарұлы.

P.S. Сайлау жүйесі мен оған қатысты заңнамалар үнемі жетілдіріліп, өзгере беретін болады. Бұл біз таңдаған демократиялық қоғам азаматтарының негізгі талабы. Ал біз айтып отырған сайлаудың электронды форматы уақыт еншісіндегі маңызды мәселе болып қала береді.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала