Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

«Бәріне қарсымын» бағаны сайлау процесінің ашықтығын арттырады

2021 жылдың қыркүйегінде 7-ші шақырылған Парламенттің 1-ші сессиясын ашқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген жазу енгізу туралы бастама көтерген болатын.

 «Сайлау бюллетеніне «бәріне қарсымын» деген бағанның енгізілуі өте маңызды шешім болды...»,- деді Президент.

 Бұл саяси бастама сол жылы-ақ жүзеге асырылып, заңмен бекітілді. Ал 2022 жылы өткен кезектен тыс Президент сайлауында, одан кейін былтырғы Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлауда дауыс беру бюллетеніне «бәріне қарсымын» деген баған енгізілді. Бұл ел тұрғындарына өздерінің азаматтық ұстанымын ашық білдіруге берілген үлкен мүмкіндік еді.

Өйткені, бұған дейінгі сайлауларда дауыс берушілердің кейбірі бюллетеньдегі тізімінен президенттікке немесе Парламент депутаттығына лайықты кандидатты не партияны көрмесе, онда бюллетеньге қаламсаппен кандидаттардың бәріне қарсы екендігін жазып кететін-ді. Ал мұндай бюллетеньдер жарасыз саналады. Енді республика тұрғындары «бәріне қарсымын» бағанын белгілеу арқылы өздерінің азаматтық ұстанымын білдіруге мүмкіндік алып отыр.

Әрине, бұл бағанның сайлау нәтижесіне ықпал етуі мүмкін еместігі сөзсіз. Мәселен, 2022 жылдың 20 қарашасында өткен Президент сайлауында 8 млн 300 мың адам дауыс берсе, соның 5 пайызға жуығы ғана «бәріне қарсымын» бағанын белгілеген. Ал одан кейін 2023 жылғы 19 наурызда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің сегізінші сайланымы депутаттарын кезектен тыс сайлау өткен болатын. Осы саяси науқанда республика бойынша сайлаушылар тізімдеріне 12 035 578 азамат енгізілсе, оның ішінде 6 517 360 адам дауыс беруге қатысты. Дауыс бергендердің ішінде 248 291 адам немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 3,90 пайызы ғана «бәріне қарсымын» бағанын таңдаған. Дегенмен, бюллетеньге енгізілген дәл осы баған алдағы сайлауларда дауыс берушілер санының артуына ықпал етуі мүмкін.

Жалпы, дауыс беруге келген кез келген сайлаушының тізімдегі үміткерлерге өзінің қарсылығын айқын білдіре алуы демократиялық қоғамның айқын көрінісі десек те болады. Яғни, ел тұрғындары сайлауға түсіп жатқан кандидаттарға наразылығын ашық көрсетеді. Сонымен қатар дауыс беру нәтижесінде «бәріне қарсымын» бағанын көрсеткен адамдардың саны биілік үшін де, сарапшылар үшін де, сайлауға түскен кандидаттар үшін де өте маңызды. Осы баған арқылы кез келген кандидат немесе саяси партия өздерінің сайлауалды бағдарламасының халықтың көңілінен қаншалықты шыққанын не шықпағандығын, оның қаншалықты тиімді екендігін біле алады.

Қорыта айтқанда, сайлау бюллетеніне «бәріне қарсымын» бағанының енгізілуі сайлаушылардың құқықтарын кеңейтіп, сайлау процесінің ашықтығын арттыра түсуге септігін тигізіп отырғаны анық.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала