Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

Сайлау комиссиясының мүшесі болу - жауапты жұмыс әрі абыройлы міндет

Түрлі деңгейдегі сайлау комиссиясының мүшесі болу - жауапты жұмыс әрі абыройлы міндет. Комиссия мүшесіне деген халықтың сенімі түптеп келгенде сайлау жүйесіне, елдің қоғамдық-саяси негізіне, стартегиялық даму жолына деген сенім екені сөзсіз. Елдегі облыстық және аудандық, қалалық, учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің өкілетті мерзімі 2023 жылдың соңында аяқталғаны белгілі.

Өткен жылдың аяғында мәслихаттар саяси партиялардың, саяси партиялардың ұсынысы болмаған жағдайда қоғамдық бірлестіктердің немесе жоғары тұрған сайлау комиссияларының ұсынысы негізінде комиссиялардың жаңа құрамын 5 жылға сайлады. Соның нәтижесінде облыстағы 4 мыңнан астам мүшеден құралған комиссиялардың жалпы құрамы 62,7 пайызға жаңарды. Ал, өз өкілеттілігін кәсіби және тұрақты негізде жүзеге асыратын комиссия мүшелерінің құрамы 37 пайызға өзгерді. Комиссиялардың  жаңа құрамы биылғы жылдың 3 қаңтарынан бастап тұрақты қызметіне кірісті. Қазіргі таңдағы басты мақсат – осы жаңа құрамның кәсіби біліктілігін арттыру, олардың құқықтық және теориялық білімдерін практикалық дағдылармен жетілдіру және сайлау процесін ұйымдастыруын ұштау болып табылады.

ҚР Орталық сайлау комиссиясы жаңадан сайланған облыстық, аудандық, қалалық аумақтық комиссияларының мүшелеріне «Қазақстан Республикасында сайлау процесін ұйымдастырудың теориялық және практикалық негіздері» тақырыбы бойынша семинар ұйымдастырды. Оқыту семинарына біздің өңірден облыстық аумақтық сайлау комиссиясының жаңадан сайланған 4 мүшесі, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының жаңадан сайланған 13 мүшесі қатысты. Олар құқықтық, ақпараттық, құжаттық және қаржылық бағыттардан тұратын арнайы курстан өтіп, біліктілік тестісінен өтті.

Батыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы биылғы іс-шара жоспарына сәйкес учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерін мамыр айынан бастап каскадтық әдіспен үздіксіз оқытуды көздеп отыр. Кейбір аудандарда учаскелік комиссиялардың құрамы 70-75 пайызға дейін жаңарды. Сондықтан бұл тақырып өте өзекті. Аталған жұмысқа ҚР Орталық сайлау комиссиясының оқыту семинарына қатысқан әріптестермен бірге сертификатталған жаттықтырушыларды тартуды көздеп отырмыз. Өңірде ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының Электоральды оқыту Орталығының сайлау ұйымдастырушыларын оқытатын жаттықтырушыларын даярлау курсын 11 адам нәтижелі аяқтады. Маңызды жұмысқа оларда спикер ретінде тартылады.

Ақпан - сәуір айында облыстың 5 ауданында 6 ауылдық округінің әкімдерінің сайлауы өткізілді. Сайлау алдында БҚО аумақтық сайлау комиссиясы дауыс беру күнгі іс-қимыл алгоритмін жетілдіріп жасақтады. Қабылданған методикалық әдісті қолдана отырып аудандық аумақтық сайлау комиссиялары саяси шара өткен учаскелік сайлау комиссияларының барлық мүшелерін  арнайы оқытты. Бұл оқыту семинарларының барысында сайлауға дайындық кезеңі, дауыс беру күні, сайлаушылардың дауыстарын санау және дауыс беру қорытындыларын белгілеу кезіндегі жұмыс істеу машықтары пысықталды. Сонымен бірге учаскелік сайлау комиссияларының төрағаларының көпшілік алдында сөз сөйлеу машығы да ұмыт қалмады.  Әсіресе, саяси партиялармен, байқаушылармен, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен, үкіметтік емес ұйымдармен және сайлау процесінің өзге де қатысушыларымен өзара іс-қимылды дамыту дағдылары саралау жақсы практикаға айналып отыр.

БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламановтың ұсынысымен   ауыл әкімі сайлауын өткізген аумақтық сайлау комиссияларының жұмысын жан-жақты талдау практикасы енгізілді. Талдауда оқыту үрдісінің сапасына да ерекше көңіл бөлінді. Айталық, комиссия отырысында Тасқала аудандық сайлау комиссиясының оқыту үрдісіндегі оң бастамалары мен тың әдістерін басқа да аудандық әріптестерге үлгі ретінде ұсынылып, аталған жұмысты жетілдіру қажеттігіне назар аударылды.

Ақжайық, Бәйтерек,Теректі, Шыңғырлау  аудандарының аумақтық сайлау комиссия мүшелері ауылдық округтердегі учаскелік сайлау комиссиясы мүшелеріне арналған семинар-кеңестер ұйымдастыруды бастап та кетті. Мысалы, Теректіде 15 ауылдық округтегі 20 елді мекенінде орналасқан 40 сайлау учаскесінің барлық комиссия мүшелері бірінші кезеңдегі оқытуға тартылды. Аудан бойынша сайлау комиссия мүшелерінің жартысынан көбі жаңарғанын ескерсек, (нақтырақ айтқанда 64,3 пайызы) осындай оқыту семинарлар аса қажет деп есептейді аудандық әріптестер. Алдағы электоральды кезеңдерде комиссия мүшелерінің біліктілігі бірінші кезекке шығады. Демек, учаскелік сайлау комиссия мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттыру мен сайлаушыларды сайлау процестеріне кеңінен тарту, қызықтыру, сайлауға қатысу белсенділігін арттыру бағытындағы жүйелі жұмыс Жайық өңірінде жалғасатын болады. Өйткені, сайлау процесінің адалдығы мен ашықтығын қамтамасыз етіп, саяси мәдениет құндылықтарын одан әрі қалыптастыруда үздіксіз оқытудың орыны бөлек.

Асыланбек Губашев, БҚО аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала