Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

Бізде су қоймаларын күтіп-ұстауға жауапты мекемелер жоқ

Елімізде жыл сайын көктем келе салысымен жер-жерлерде ауылдарды су басып, халық күйзеліп жатады. Биыл да дәл сол жағдай қайталанып отыр. Су шаруашылығының маманы, гидротехник Аманбек Рамазанов мұндайға жол бермеу үшін көктемгі су тасқынына ерте қам жасап, арналар мен қоймалардың дұрыс жөнделу жауапкершілігін заңнама арқылы меншік иесіне жүктеу қажеттігін айтады.

«Басты себеп - еліміздегі көктемгі су тасқынына дайындықтың тым кеш басталуы. Яғни, біздегі дайындық қыстың соңында, қар жамылғысының нақты қалыңдығы белгілі болған кезде және көктемгі кезеңдегі жауын-шашын мен температураның азды-көпті нақты болжамдары анықталғанда жасалады. Ал су тасқынына дайындықты ауыл шаруашылығында суару маусымы аяқталғаннан кейін бірден бастағанда жағдай мүлдем басқаша болар еді», - деді су маманы.

Оның айтуынша, бұрын әр облыста су шаруашылығы басқармасы және ірі шаруа қожалықтары болды. Мұнан бөлек, жылжымалы механикаландырылған лектер қызмет көрсетті. Олар каналдардың арнасын тазарту, су тығыздағыштарды, бөгеттерді жөндеу жұмыстарын күзде, тіпті жаздың соңында бастап кететін. Ал қазіргі уақытта республика аумағында мұндай жұмыстар мүлдем жүргізілмейді. Оны жүргізуге күш те, техника да жетіспейді.

«Әкімдіктер жылыту маусымы аяқтала салысымен келесі жылыту маусымына дайындықты бірден бастап кетеді. Яғни, олар келесі жылыту маусымына дайындықты күзде емес көктемде, ағымдағы жылдың жылыту маусымы аяқталғаннан кейін бірден қолға алады. Дәл солай су тасқынына дайындықты суару маусымынан кейін бірден бастау керек. Әрине, мұны айту оңай, ал жасау  өте қиын екені түсінікті. Өйткені, облыстық шаруа қожалықтары, ұжымшарлар мен кеңшарлар, каналдар мен су қоймаларының күтіп-ұсталуына жауапты мекемелер жоқ», - деді Аманбек Рамазанов.

Осы орайда гидротехник мұндай жағдайда каналдар мен гидротехникалық жабдықтарды кім ретке келтіруі тиістігіне тоқталды.

«Меніңше, мұны мемлекеттік немесе жеке меншікте болғанына қарамастан құрылыс нысандарының иелері істеуі керек. Бұл міндеттер заңмен белгіленуі тиіс. Қазір қолданыстағы заңдарда мұндай міндеттер көзделмеген, жоқ. Ал ол жұмыстарды ұйымдастыру жауапкершілігі заң жүзінде Су ресурстар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдарға жүктелуі қажет. Сонымен қатар мұндай міндеттерді бассейндік кеңестерге де жүктеуге болады. солай болған жағдайда аталған кеңестердің рөлі мен құрамы заңмен күшейтілуі керек. Осы шаралар қолға алынған жағдайда жұртшылық шешім қабылдауға қатысуға және осы жұмыстардың орындалуын бақылауға мүмкіндік алады. Бұл көптеген дамыған елдерде бар тәжірибе», - деді ол.

Су маманы соңғы жылдары климат өзгеріп, ауа температурасы жылып келе жатқандығына назар аудартып, соның салдарынан туындайтын қиындықтарға қарсы тұруды үйрену қажеттігін баса айтады.

«Ол үшін «Азаматтық қорғау туралы» Заңда қазіргідей төтенше жағдайлар мен оның салдарын жою жөніндегі іс-шараларды жоспарлауды ғана емес, олардың алдын алуды да көздеу қажет. Сонымен қатар, бұл жоспарлауға тек Төтенше жағдайлар министрлігі мен өзге де мүдделі мемлекеттік органдар ғана емес, сонымен қатар ғылыми қызметкерлер, Қазгидромет қатысуы тиіс»,-  деді гидротехник.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала