Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.85

Тасқын суын кәдеге жарата аламыз ба

Кейінгі жылдары су мамандары Қазақстанда қуаңшылық кезеңі өтіп жатқанын жиі айтып кеткен болатын. Әсіресе Экология және табиғи ресурстар, Су ресурстары және ирригация министрліктерінің өкілдері өздеріне су тапшылығы жөнінде төтесінен қойылған сұрақтың бәріне «құрғақшылық кезеңі өтіп жатыр» деп жауап қатуға машықтанып алған. Жауыр болған жаттанды жауаптан жалыққан журналистер «Ол не деген бітіп бермеймін қуаңшылық» деп таңданатын. Биылғы тасқын Қазақстан аумағының бірыңғай шөлейттенуге бет алғаны туралы пессимистік теориялардың шегесін босатып кетті. Өйткені кейінгі 10 жылда қаңсуға айналған өзен-көлдердің ернеуі жіпсіп, айдындарға құс орала бастаған. Бұл жайттардан көктемгі тасқын шаруашылығы мығым, басқару жүйесі бекем ел үшін қатерден гөрі мүмкіндік көп әкелетінін көруге болады.

 ЖАЙЫҚТЫҢ ЖАҒАСЫ ҚАЙТА ЖАЙҚАЛА МА?

Жер шарының асты мен үстіндегі қылт еткен қимыл мен жылт еткен өзгерістің бәрін ғарыштан бақылап, табиғат өзгерістерін мезгіл бұрын болжауға мүмкіндік беретін технологиялар бар заманда ешбір мұхитпен шектеспейтін, құрлықтың қақ ортасында отырған Қазақстан қоғамында «Су – тілсіз жау» дейтін мақалдың өзекті болмайтын заманы жетті.

Тасқынның алғашқы толқыны еңсеріліп, қарғын су құрсауындағы ел-жұрт есін жия бастаған тұста жер-көкке жайылған тегін суды кәдемізге жаратып үлгермей, рәсуа етіп алмаймыз ба деген уайымдар айтылып жатыр.

Сәуірдің басында Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов биыл жазықтан жер-көкке су жайылып, қапыда қалғандарын айтқан.

«Елдегі 11 өңірде тасқынның алдын алып үлгердік. Қалған 5 облыста, байқаған болсаңыздар, су өзендерден емес жазықтан келіп жатыр. Шынын айтсақ, су біз күтпеген тұстан келді. Яғни, су даладан келді. Байқасаңыздар, кейінгі 30 жылда судың артуы даладан туындаған жоқ болатын», - деді ол журналистердің сұрағына берген жауаптың бірінде.

Демек, жазықтан жайылған су топыраққа сіңіп жоғалады деген сөз. Тасқынның екінші толқыны әсіресе трансшекаралық өзендердің бассейнінде болып жатқанын ескерсек, ол суды арнайы қоймаларға жинақтап, кәдеге жаратпау барып тұрған жауапсыздық болар еді.

Жайықтың суы биыл ерекше мол болатынын өрдегі Башқұртстан мамандары бізге қыстың ортасынан бері ескерткені мәлім болды. Сол есептері шынға айналып,  Иреклі су қоймасынан артылған су етектегі елді мекендердің халқын әбігерге салды.

Жайықтағы жойқын толқын бізге жеткеніне де аптадан астам уақыт болды. Жылда жылап ағатын Жайықтың асау толқындарын өңірдегі қаңсуға айналған қоймалар мен тоғандарға, көлдер мен көлшіктерге құйып үлгереміз бе? Осы сауалды Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қойып көргенбіз. Оның айтуынша, «Қазсушар» мекемесінің Атырау облысындағы филиалы Жайық арқылы келетін тасқын суды Каспий теңізіне бағыттау үшін қосымша 14,5 шақырым канал қазып жатқан көрінеді. Бірақ бұл каналды бетондау жоспарда жоқ. Өйткені Ресейден келетін судың көлемі жылда мұндай мөлшерде болады деуге негіз жоқ.

 Ал Батыс Қазақстан облысы Жайықтың артылған суын Жайық-Көшім суару жүйесінен Қамыс-Самар көлдеріне жіберіп жатыр. Бұл су өңірдің оңтүстік аудандарын ылғалдандырады деген сөз. Нұржан Нұржігітовтің сөзінше, бұл көлдерге кейінгі 20 жылда су бармаған.

Ресей мен Қазақстан арасындағы уағдаластық бойынша, Қазақстан  су орташа жылдары Жайық арқылы Ресейден 7,8 км3 су, құрғақ жылдары – 5,4 км3, өте құрғақ жылдары – 3 км3 су алуы керек. Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы Жайық-Көшім суару жүйесіне өзеннен алатын судың көлемін құрғақшылық деңгейіне қарай өзгертіп отырады. Биыл  жүйеге Жайықтан 607 млн текше метр су алуға рұқсат берілген болатын. Бірақ Ресейден келіп жатқан судың болжамнан асып кетуіне байланысты ол меже 1 млрд текше метрге (1 км3)  дейін ұлғайтылып отыр. Осының арқасында құрғауға айналған Еділсор, Жалтыркөл, Бірқазан, Соркөл, Салтанат көлдеріне су жетті. Бұл жазда осы маңдағы жайылымдарды суаруға жұмсалады.

ТОБЫЛДЫҢ АРНАСЫ ТОЛДЫ

Қостанай өңіріндегі тасқынның әсерінен Тобылдың суы да 2000 жылғы деңгейіне жетті. Оның бойындағы Жоғарғы-Тобыл, Қаратомар су қоймалары 92% толған. Бұл қоймалардан жыл сайын125-150 млн текше метр су алынады. Осы есеппен алсақ, тасқыннан жиналған су алдағы 5-7 жылдың көлемінде маңайдағы шаруалардың қажеттігін өтеп, Тобылдың арнасын қалыпты деңгейде ұстап тұруға жетеді.

Мамандар биыл Астана су қоймасы 100 пайыз толғанын айтып отыр. Былтыр бұл қойма 82 пайыз ғана толып, жетпеген суды Қ.Сәтбаев атындағы каналдан алған болатын. Биыл сырттан су іздеудің қажеттігі жоқ. 

Ақмола облысындағы «Алва», «Кеңбидайық» лиманды суару жүйелері де 100% толған. Сондай-ақ, Целиноград ауданының Қозыкөш, Мұқыр және Қарасу өзендерінің арнасы да толық. Қорғалжың қорығындағы Теңіз көліне 1,5 млрд текше метр су жіберілген.

Қарағанды облысының су қоймалары да 100% толды. Мұнда жиналған су аймақ экономикасының қажеттіліктерін жыл бойы толық қанағаттандыруға мүмкіндік береді.

Ұлытау облысының Кеңгір су қоймасынан алғаш рет Сарысу өзені арқылы Қызылорда облысындағы көлдерге су жіберілді.

Былтыр Жамбыл облысы су тапшылығын тартып, шаруалар біраз шығынға ұшыраға.

«Жамбыл облысының Тасөткел су қоймасынан Шу өзеніне су жіберілді. Бұл су сәуір айының басында Түркістан облысы Созақ ауданына жетті. Тасөткел су қоймасынан су жіберу жұмыстары 1 мамырға дейін жалғасады. Осы аралықта Шу өзені арқылы Созақ ауданына шамамен 1 млн текше метр су түсуге тиіс», - дейді министр.

Биыл Ертісте де су мол болатын түрі бар. Қазірдің өзінде өзен суын табиғат қорғау шараларына жіберу басталып кетті. Бұл Павлодар облысының жемшөп базасын нығайтуға септігін тигізбек. Жалпы биыл Ертістің бойындағы су қоймаларынан береді. Су қоймаларынан жалпы көлемі 6,3 млрд текше метр су жіберу жоспарланып отыр.

Іле өзенінен Алматы облысындағы Қапшағай қоймасына келген су көлемінің мол болуына байланысты Балқаш көліне су жіберілген. Соның арқасында 1 қантар мен 24 сәуір аралығында Балқаштың деңгейі орташа 15 сантиметр көтерілген.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала