Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.85

«Көк тиын бөлінген жоқ» - Жигули Дайрабаев ауылдың жанайқайын жеткізді

Фото: kaztag.kz

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде «Жаңа өнеркәсіп саясаты. Өңдеу өнеркәсібін дамытудың сапалы жаңа моделі» тақырыбында Үкімет сағаты өтті. Үкімет сағатында Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев ауыл туралы айтпаған министрді сынға алды, деп хабарлайды Ulys.

Депутат жиында министр ауыл шаруашылығы және отандық ауыл шаруашылық техникасын шығару мәселелері туралы бір ауыз сөз айтпады деп сынады.

«Егер сіздер Қазақстанды аграрлы мемлекет ретінде мойындамайтын болсаңыздар онда Қазақстанның болашағы болмайды. Сіздер бүгін айтып отырған «ана жерден зауыт салам», «мына жерден машина салам» деген сөздердің бәрі бос әңгіме. 20 млн қазақстандық тамақ жейді. Барлық министр, барлық шенеунік тамақ жейді. Менің жаным ауырады. Ауылды тоздырып бітірдік. 6295 ғана ауыл қалды. 1500 ауылды құртып жібердік», - дейді депутат.

Депутат жиында ауылға бүгінгі күнге дейін көк тиын ақша бөлінбегенін жеткізді.

«Ауыл шаруашылығы жөнінен Президент тапсырма қойды. 2,5 пайызға ауылдағы еңбек өнімділігін арттыру керек деді. Өнімділікті қайтіп өндіреміз? Күрекпен, балтамен, айырмен жүріп, жұмыс істейміз бе? Жан жаққа қарайық та. Мәселен, Қазақстанда әртүрлі ірілі-ұсақты ауыл шаруашылығының заттарын құрастыратын, жинайтын, локализация жасайтын 18 зауыт бар. Сол зауыттарда қазақстандық жастар жұмыс істейді. Сол зауыттың барлығын аралап көрдім. Біз лизинг деген әңгіме айттық, Президент 2022 жылы Үкіметке тапсырма берді. Одан бері биыл үшінші жыл өтіп жатыр. Биыл Президент Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде 450 млрд теңгеге жеткізу керек деді. Сәуір айының басында Бектенов мырза (ред. – Премьер-Министр Олжас Бектенов) 1 мамырға дейін 100 млрд теңге ақша бөліңдер деді. Бүгінгі күнге дейін көк тиын ақша бөлінген жоқ. Сонда Үкіметтен не күтуге болады? Елге Үкімет мынандай шешім қабылдайды дейді, сіздер орындамайсыздар. Сіздер Мемлекет басшысын халықтың алдында жаман көрсетіп жатсыздар», - деп толықтырды Жигули Дайрабаев.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала