Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.85

Ауғанстанның Әмудариядағы жобасы: Орталық Азиядағы су проблемасы

Ауғанстан Әмудария суының 20 пайызын өздеріне бұрып алмақшы. Сол үшін қазір Құндыз қаласының жанынан құм басқан шөл даланы көктей ететін Кош Тепа каналын қазып жатыр. Ені 100 метр, тереңдігі 8 метр, ұзындығы 285 шақырым болатын арна бетондалмайды. Соған қарамастан жергілікті БАҚ нысанға «ғасыр жобасы» деген айдар тағып үлгерді. Каналдың қарабайыр тәсілмен қазылып жатқанын алға тартқан кейбір сарапшылар нысан Әмудария суының төрттен бірін Ауғанстан аумағында тосып қалады деген болжамдар айтып отыр.

Бұл жоба осыдан жарты ғасыр бұрын басталуы керек болған. Кейін Ауғанстанда тұрақсыздар өршіді де «балапан басына, тұрымтай тұсына» дейтіндей заман орнады. Кабул АҚШ-тың бақылауында болған жылдардың аяғында ел үкімет ұмыт қалған жобаны қайта қолға алған. Оның орнына келген тәліптер осы істі жалғап әкеткенімен қоймай, жергілікті халыққа билік ауысуының ең бір жағымды жаңашылдығы ретінде насихаттап отыр. Жоба аяғына дейін жетсе, 550 мың гектар жер суармалы алқапқа айналады деген есеп бар.  Соның арқасында қазіргі билік елдегі азық-түлік тапшылығын біржола жойып, импортқа тәуелділіктен құтылуды көздейді.

 Бұл өзеннің бойында әлемдегі ең үлкен су арнасы саналатын Қарақұм каналы бар. Ол да іші бетондалмаған, ең қарабайыр тәсілмен қазылған. Ресми мәліметтерде Қарақұм Әмударияның 45 пайыз суын алып жатқаны айтылады. Шын мәнінде Әмударияның бүкіл суы Түркіменстан мен Өзбекстанның мақта және бидай алқаптарын суаруға кетіп жатыр деуге болады. Өйткені төмендегі Аралға өзеннен су жетпейді.

Суының 80 пайызы Ауғанстан аумағында қалыптасатынын ескерсек, Кабулдың Әмудариядан өз үлесін алуға деген талпынысы орынды деуге де болады. Арал бассейніндегі экологиялық апатта Кош Тепа каналынан бұрын пайда болған. Бірақ өзеннің төмен жағын жайлаған Өзбекстан мен Түркіменстан айтарлықтай алаңдап отыр. 1950 жылдан бері Әмударияның суын тел еміп келген қос мемлекет осынау мол игілікке өрдегі Ауғанстанның ортақтасқанын ауыр қабылдап отыр.

 The Washington Post ресурсы былтыр тамызда осы мәселе туралы көлемді мақала жариялап, Өзбекстан тарабы осы мәселені талқылау үшін Кабулға ресми делегация жібергенін мәлім еткен.

Арада екі ай өткенде CABAR.asia сараптамалық журналистика орталығы Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан ғалымдарын шақырып, осы мәселе жөнінде сарапшылар кездесуін өткізді.

Әмудария Қазақстан аумағынан тыс жатқанымен ол құйған Арал көлі Өзбекстан екеуінің аумағында жатыр. Қазір Аралдың қалпына келмейтінін, қазіргі қалдығын сақтаудың өзі утопияға жақын екенін ескерсек бұл тұрғыдан да Ауғанстан жобасының Қазақстандағы ахуалға ықпалы шамалы. Біздің сарапшылар Өзбекстанның Әмудариядан алатын суы азайса, Сырдарияға ауызды көбірек салуы мүмкін дейтін қауіп бар. Ол үшін Өзбекстан Сырдария суын бірлесіп пайдалану туралы төртжақты келісімнің шартын бұзуы немесе өзгертуді талап етуі мүмкін.

Аталған келісім бойынша Қазақстан Сырдария бассейнінен 13,17 млрд текше метр су алуға құқылы.

Ташкенттің қазір бауырлас елдермен барынша интеграцияда болуды қалайтын саясаты тұрғанда біздің осы үлестен қағылуымыз екіталай. Бірақ билік ауысып, жүйе өзгеріп жатса, бұл мәселе ертеңінде-ақ күн тәртібіне шықпайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Олай болмаған күннің өзінде Орталық Азияның экожүйесі біртұтас екенін алға тартып, Астананы алдағы келіссөздерге килігуге шақыруы мүмкін.

Кезінде Өзбекстанның мемлекеттік органдарында жұмыс істеген белгілі экономист Сапарбай Жобаев әзірге Ташкент Ауғанстанмен арадағы мәселені өз күшімен шешуге пейілді екенін айтады.

«Бұл мәселе бойынша Өзбекстан Үкіметі Ауғанстан билігімен бірнеше рет кездесіп, келіссөз жүргізген.  Бірақ әлі анық шешім жоқ. Оның екі себебі бар. Біріншісі – Ауғанстан БҰҰ-ның трансшекаралық су көздері бөлісу туралы құжаттарға қол қоймаған. Екіншісі – Орталық Азия республикалары кеңес дәуірі кезінде бір орталыққа бағынса, Ауғанстан дербес ел болып тұр. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан елдерінің арасында трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдаланудың тәртібі құжатпен қатталып, реттелген. Яғни, Ауғанстан бұл құжаттарға да қол қоймаған. Сондықтан талибан үкіметі өз мүдделері үшін каналды қазып жатыр. Оған ешкім қары бола алмайды да. Бірақ іргелес елдермен ақылдасып барып істегені оңтайлы болар еді», - деді сарапшы.

Экономист бұл жобаның Қазақстанға жанама әсері бар екенін айтады.

«Әмудария суы Арал теңізіне құю керек еді. Бірақ кейінгі 5-10 жылда Өзбекстанның Мойнақ қаласына да су жетпей қалды. Мойнаққа су барғанда Аралға су түсіп, Қазақстандағы жағына да оң әсері білінер еді. Қазір Аралға Әмудария мүлде құймайтындықтан тікелей әсері жоқ деп отырмын. Аралдың түбі қаңсыған сайын тұзды шаң неғұрлым көп ұшады. Оның теріс әсері бізге де тиеді. Жанама әсері дегенім осы. Оның үстіне Өзбекстан Әмудариядан алатын суы азайса, Сырдариядан көбірек алуы мүмкін. Ферғана аңғары мен Мырзашөлде Сырдарияны көбірек буа түссе, Көксарайға, Қызылорда мен Түркістан облыстарына қиын болуы мүмкін. Қазақстан осы жағын қазірден бастап ойлану керек», - дейді ол.

Ауғанстан билігінде әр жиырма жыл сайын төңкеріс болып, соның кесірінен су саласындағы халықаралық келісімдерден тыс қалғаны жоғарыда айтылды. Осы олқылық ресми Астана Сапарбай Жобаев айтқан ақылды қаперге алған күннің өзінде көп кедергі келтіруі мүмкін. Су ресурстары және ирригация министрлігі осы мәндегі сұрағымызға:

«Бұл мәселе Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық ету аясында қаралады», - деген жауап жолдады.

Мұндай ұстаным қисынды деуге болады. Ауғанстан мен Қазақстанның жері шекаралас болмағандықтан, екеуіне ортақ өзен ағып тұрмағандықтан тікелей келіссөз жүргізу мүмкін емес. Ал Арал трагедиясы – Орталық Азияның ортақ проблемасы. Қазақстан бұл мәселеге осы тұрғыдан ғана ықпал ете алады.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала