Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

Cу инфрақұрылымы 30 жылдан бері қараусыз қалды– гидротехник

Көктем шыға сала еліміздегі барлық су қоймасына тексеру жүргізіп, оларды күрделі жөндеуден өткізу үшін арнайы жоба әзірлеу қажет. Өйткені, су қоймаларының басым көпшілігі өткен ғасырдың 60-70 жылдарында салынған. Содан бері дұрыс жөндеу көрмегендіктен бүгінде қалт-құлт етіп әрең тұр. Мұндай пікірді су шаруашылығы саласының ардагері, инженер-гидротехник Әмірхан Кеншімов білдірді.

«Еліміздегі су қоймалары өз орнында тұр. Кезінде олардың бәрі арнайы зерттелген жерлерге орналастырылған. Енді 5-6 күнде олар суға лық толады. Бұл қоймаларға даладағы суды қуып әкеп, құя алмайсың. Ол үшін арық, канал, техника керек. Ал ондай мүмкіндігіміз жоқ. Осыдан келеміз де «неге су басып жатыр?», «неге Үкімет қарамайды?» деп байбалам саламыз. Үкімет қайтып қарайды, жағдайы жоқ. Су ресурстары және ирригация министрлігінің өзін өткен жылы ғана құрдық. Еліміздегі су инфрақұрылымына 30 жылдан астам уақыттан бері ешкім қарамаған, әбден тозған. Енді оны қайтып қалпына келтірмекпіз? Ол үшін млрд-таған доллар қаражат керек. Оны Үкімет қалай бөледі? Мүмкін емес. Бөлген күннің өзінде осы істейтін техника жоқ, мекемелер жоқ. Жалпы, еліміздегі су қоймаларының көпшілігі 60-70 жылдары салынған. Сондықтан көбі өте қауіпті. Жөндеу жұмыстары дұрыстап жүргізілмеген. Осы су қоймаларынан айырылып қалмайық десек, көктемнен бастап көпфакторлы зерттеу жүргізіп, не істеу керектігін бағамдап, дұрыс жоба әзірлеу қажет», - деді инженер-гидротехник.

Осы орайда ол Тәуелсіздік жылдары ішінде салынған «Көксарай» су қоймасының да жағдайы мүшкіл екендігіне алаңдаушылық танытты.

«Мәселен, «Көксарай» су қоймасын еліміздегі мүмкіндігі мол «Базис» корпорациясы салды. Бірақ оның құрылыс ісіне араласқан су шаруашылығын білетін мамандары болмады. 47 шақырымға созылған қойма 3 млрд текше метр суға арналған. Қазір 2 млрд текше метрге де жеткізе алмай отырмыз. Өйткені, дұрыс тұрғызылған жоқ. Жобаны дұрыс қарамаған. Жобаны қарайтын білікті мамандары болмаған. Енді оған қайтадан күрделі жөндеу жүргізу қажет. Оған құрылысқа кеткендей қыруар қаражат керек. Себебі, 47 шақырым дамбаны қайта жасау қажет. Мұның бәрі елімізде су шаруашылығына қатысты құрылыс мекемелерінің жоқтығы. Кезінде бәрі құрыған, талан-таражға түскен», - деді маман.

Оның атап өтуінше, қазір орын алған қарғын суға Су ресурстары және ирригация министрлігінің кінәсі жоқ.

«Былтыр ғана құрылған министрліктің ешқандай кінәсі жоқ. Өйткені, ол батпандап кірген ауруды бір күнде жұлып тастай алмайды. Мысқалдап, мысқалдап шығады. 5-6 жылдан кейін ған ажөнделеді. Министрлік жақсы жұмыс істеп жатқанымен мамандары жоқ. Үкімет бөлген штаттың өзін толтыра алмай отыр. Су шаруашылығы мамандығы бойынша диплом алғандары бар. Ал бірақ, білікті мамандары жоқ», - деді Әмірхан Кеншімов.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала