Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.85

Конституциялық референдум қаншалықты әділдік орната алды?

2022 жылдың 5 маусымында өткен республикалық референдумда Конституцияның 33-бабына 56 өзгеріс енгізу ұсынылды. Бұл Конституцияның үштен бір бөлігі өзгеруі мүмкін деген сөз еді.

Жалпы бұған дейін Ата Заңымыз төрт рет өзгертілген болатын. Бірақ бұған дейінгі өзгерістердің бәрі Парламент шешімі арқылы қабылданса, бұл жолы халықтың тікелей дауыс беруі арқылы бекітілді. Сапаршылар мұны билік пен бұқараның арасын жақындатқан қадам ретінде бағалап жатты.

33-бапқа енгізілген 56 өзгерістің ең сүйекті дегендері қандай еді?

Ата Заңның 6-бабының 3-тармағына жердің асты мен үстіндегі байлық халықтың меншігі екені аттың қасқасындай етіп анық жазылды. Мемлекет сол халықтың атынан шешім қабылдауға хақылы екені де осы бапта айтылды. Оған дейін жердің асты-үстіндегі барлық байлық мемлекет меншігінде еді.

Елдің басты құқықтық құжатындағы «Адам және азамат» бөлімінде өлім жазасы терроризм мен аса ауыр қылмыстар үшін ерекше жаза екені туралы екіұшты уәждеме болған еді. Оның орнына «өлім жазасына тыйым салынады» деген кесімді шешім енді.

Конституциялық референдумның тағы бір жаңашылдығы Конституциялық Кеңестің орнына Конституциялық сот институтын қайтарғанында болды. Сондай-ақ, Есеп палатасының орнына Жоғары аудиторлық палата орнады. Осы өзгерістер арқылы Конституциялық сот құрамындағы 7 судьяның төртеуін Президент, үшеуін Сенат, үшеуін Мәжіліс тағайындайтыны айқындалды.

Президенттің сенаторларды тағайындау квотасы 15 адамнан 10 адамға дейін азайды.

Ал Мәжілістің құрамы ықшамдалып, депутаттар саны 107-ден 98 адамға дейін азайды. Олардың 70%-ы партиялық тізім арқылы аралас сайлау жүйесі бойынша, 30%-ы бір мандатты аумақтық округтер бойынша өте бастады. Дауыс берушілердің осы мажоритарлық жүйе бойынша сайланған депутат жұмысына көңілі толмаса, мандатты кері қайтаратын болды.

Референдум қорытындысы бойынша Қазақстан басқарудың суперпрезиденттік қалыптан «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» принципіне өтті.

Сондай-ақ, президенттің туыстарына жоғары мемлекеттік қызметтерді атқаруға тыйым салынды.

Референдумда дауыс беруге хақылы қазақстандықтардың саны 11 722 536 адам екені айтылды. Орталық референдум комиссиясы резерв қажеттілігін ескере отырып оларға арнап 11 839 761 бюллетень басып шығару туралы шешім қабылдады.  Референдум қорытындысы бойынша басылған квоталардың 320 мыңы жарамсыз деп танылды.

Орталық референдум комиссиясы жариялаған қазақстандықтардың референдумға қатысу көрсеткіші 68,06% болғанын, 77,18%-ы Конституцияға ұсынылған өзгерістер мен толықтыруларды қолдағанын ресми жариялады.

Сол кездегі Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Конституциялық референдум өткізуге республикалық бюджеттен 16 млрд 400 млн теңге бөлінетінін айтты. Бұл қаржы республикалық бюджеттен, Үкімет резервінен алынды.

Бұл ақшаның 79 пайызы комиссия мүшелерінің жалақысын төлеуге, қалған 21 пайызы дауыс беру учаскелерін метариалдық-техникалық қамтамасыз етуге, референдум комиссияларының жұмысына, баспа өнімдерін даярлауға, ақпараттық сүйемелдеуге, сондай-ақ ел аумағында арнайы билбордтар ілуге жұмсалды.

Референдумды халықаралық бақылаушы ретінде қағалауға келген  Түркия Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Мухаррем Аккайя өз отанында референдум тек Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу мақсатымен  үш рет (1986, 2010 және 2017 жылдар) өткізілгенін атап өтті.

Ал Азиялық зерттеулердің еуропалық институтында өткен «Конституциялық өзгерістер - Қазақстан - Еуропалық Одақ қатынастарының болашағы» атты семинарда институтатқарушы директоры Лин Гоэтальс бұл референдум Жаңа Қазақстан құру жолындағы маңызды қадам болғанын айтты.

«Бұл Қазақстанды трансформациялау жолындағы алғашқы маңызды қадам болды. Енді осы өзгерістердің өмірге қалай енгізілгенін асыға күтеміз. Біз Қазақстанды демократияландыру, биліктің халық алдындағы есептілігі, маңызды шешімдер қабылдауға халықтың тікелей араласуына мүмкіндік беру бағытында бетбұрыстар жасауға ниетті екенін көріп отырмыз. Осы тұрғыдан келгенде Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы өзара қарым-қатынас әрі қарай да нығая түседі деп сенеміз» - деді сарапшы.

Референдум күні елдегі БАҚ біткен араға 27 жыл салып референдум өткізу тәжірибесі қайта жалғасын тапқанын айтып жатты. Шынымен де тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде екі рет референдум өткен болатын.

1995 жылдың 29 сәуірінде 1996 жылы өтуге тиіс болған президент сайлауы шегеріліп, Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеті референдум арқылы тағы 5 жылға ұзартылды.

1995 жылдың 30 тамызында тағы бір референдум өтіп, елдің 1993 жылы қабылданған Конституциясы айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Human Rights Watch ұйымы Конституциялық соттың құзыретін шектеу осы референдумнан басталғанын жазды.

Қазақстан тарихында референдум өткізу туралы бірнеше ұсыныстың іске аспай қалған сәттері де бар.  2011 жылы қазір Л.Н.Гумелев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры болып жүрген Ерлан Сыдықов бастаған топ сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдум өткізуге ұсыныс жасап, оны Парламент мақұлдады. Тіпті ұсынысты қолдаушылардың үш миллион дауыс жинағаны да айтылды. Бірақ Нұрсұлтан Назарбаев парламент ұсынысынан бас тартты.

Ал 2016 жыл 2016 жылдың 30 наурызында сол кездегі Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев сол жылдың 1 шілдесінен бастап ауыл шаруашылығына жарамды 1,7 млн гектар жер аукцион арқылы сатыла бастайтынын мәлім етті. Елде қарсылықтар үдеп, қоғам белсенділері  бұл мәселені референдумға шығаруды ұсынған болатын. Бірақ ел наразылығы аталған бастамаға мораторий жариялаумен аяқталды.

2019 жылдың 20 наурызында президенттің өкілеттігін қабылдап алған Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының атын Нұр-Сұлтан деп ауыстыруды ұсынып,  бұл мәселені республикалық референдум шешу ұсынылды. Бірақ Президент мәселені Парламент арқылы шешуді жөн көрді.

2019 жылдың күзінде бастамашыл топ елдегі сайлау жүйесіне бірмандаттық тетікті қайта енгізіп, саяси партия тіркеудің шарттарын жеңілдетуге бағытталған референдум өткізуді ұсынып, қолдау таппады.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала