Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

Туризм ел экономикасының драйверіне айнала ала ма?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына алғашқы Жолдауында туризм саласының экономикаға қосар үлесінің ұшан-теңіз екендігіне назар аударып, бұл саланы дамыту қажеттігін айрықша атап өткен болатын.

«Туризмді, әсіресе экотуризм мен этнотуризмді дамытуға экономиканың маңызды саласы ретінде баса мән беру қажет. Туризмді дамыту үшін қажетті инфрақұрылым жүргізуді, соның ішінде жол салып, білікті мамандар дайындауды қамтамасыз ету қажет», - деген еді Президент.

Қасым-Жомарт Кемелұлының бұлай айтуының да нақты себептері бар. Айталық, Дүниежүзілік туристік ұйым ұсынған деректерге қарағанда, қазіргі уақытта туризм әлемдік экономиканың табысы жоғары әрі қарқынды дамып келе жатқан салаларының біріне айналып отыр. Тіпті, бұл сала табыстылығы жағынан мұнай өндіру мен мұнай өңдеуден және автокөлік экспортынан кейін үшінші орынға тұрақтайды екен. Туризм әлемдік жалпы ұлттық өнімнің шамамен 6 пайызын, әлемдік инвестициялардың 7 пайызын, әрбір 16-шы жұмыс орнын, әлемдік тұтыну шығындарының 11 пайызын және барлық салық  түсімдерінің 5  пайызын құрап отыр. Демек, туризм саласынын дамытуға жан-жақты қолдау көрсету арқылы оны ұлттық экономиканың толыққанды қуатты драйверіне айналдыруға болады деген сөз. Ал еліміздің алуан-түрлі табиғатының, көркем жерлерінің оған толықтай мүмкіндігі бар.

Осы бағытта ел Үкіметі де нақты жұмыстарды қолға алды. Мәселен, өткен жылы Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді.Құжат туризм инфрақұрылымын, логистиканы құру және дамыту, қолайлы жағдайлар жасау, сервис сапасын арттыру және цифрландыруды дамыту, елдің туристік әлеуетін өңірлік және халықаралық деңгейде ілгерілету сынды нақты бағыттарды қамтиды. Егер тұжырымдама толыққанда жүзеге асырылған жағдайда 2029 жылға қарай ішкі туристер саны 11 млн адамға жетіп, келуші туристер саны 4 млн адамға дейін артатын болады. Ал қонақ үйлер «eQonaq» ақпараттық жүйесімен 100 пайыз қамтылады.

Жалпы, елімізде соңғы 2-3 жылдан бері туризм инфрақұрылымының деңгейін және сервис сапасын арттыру мақсатында бірқатар инфрақұрылымдық жоба іске асырылып жатыр. 2022 жылы еліміздің өңірлерінде 28 инфрақұрылымдық жоба іске асырылды. Олардың қатарында Балқаш курорттық аймағында инженерлік коммуникациялар салу, Ақтау қаласының жылы жағажайына дейін автомобиль жолын салу, Үшарал және Үржар әуежайларын іске қосу сынды маңызды жобалар бар. Өткен жылы 85 инфрақұрылымдық жоба бойынша жұмыс жалғасты. Олардың ең ірілері ретінде Имантау-Шалқар курорттық аймағында автомобиль жолдарды салу және реконструкциялау, Алакөл көлінің жағалауында жағалауды нығайту жұмыстары, Балқаш қаласындағы Бертіс шығанағының жағалауын абаттандыру, Жасыбай көліне кіреберісті орташа жөндеу сынды жобаларды атауға болады. Мұнан бөлек, 20 өңірде туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ТОП-20 дестинация бойынша жол карталары іске асырылып жатыр. Сонымен қатар, мемлекеттік ұлттық табиғи парктерде және елді мекендерден тыс орналасқан туристік объектілерде инженерлік инфрақұрылым құру бойынша жергілікті атқарушы органдарға құзырет беруге қатысты қолданыстағы заңнамаға бірқатар түзету әзірлеу мәселесі пысықталуда.

Қазақстан аумағында 14 мемлекеттік ұлттық табиғи парк бар. Олардың аумағында табиғатқа зиянын тигізбейтін экотуризмді, ал табиғаты көрікті жерлерде орналасқан ауылдық елді мекендерде агротуризмді дамытуға мүмкіндік жетерлік. Бірақ, бұл жерлерге жетудің өзі қиын, жол нашар. Жеткен күннің өзінде жайлы қонақ үй, сапалы қызмет көрсету деңгейі тым төмен. Яғни, туризмді дамытуға қажетті барлық табиғи, тарихи, мәдени ресурстар болғанмен сол ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін инфрақұрылым жоқү

Сондықтан да жақын уақыттың ішінде туризмді дамытуға мол мүмкіндігі бар жерлерде инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет. Мұнан бөлек, елін-жерін көркейткісі келетін, туризм саласын дамытуға бел шеше кірісуге, инвестиция салуға дайын кәсіпкерлерге де мемлекет, жергілікті әкімдіктер тарапынан да қолдау болғаны жөн.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала