Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

Алматыдағы 5 балдық жер сілкінісі: Үрей мен қорқынышқа толы түн

23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 минутта жер сілкінісі тіркелді. Жерасты дүмпуі Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 264 шақырым жерде, Қазақстен мен Қырғызстан шекарасы аумағында болды. Жер сілкінісі Алматыда 5 балл деңгейінде сезілді. Cонымен қатар Қазақстанның өз де қалаларында да жер қозғалысының әсері болды.

Бұл жерасты дүмпуі қалада қатты сезілгені айтылып жатыр. Ұзақ уақыт бойы шайқалған. Тұрғындар үрейленіп, үйінен көшеге, далаға шықты. Көпшілігі сол түнді далада үрей мен қорқынышты сезіне отырып сыртта өткізді. Кейін ресми билік қалада жақын уақытта қатты зілзала күтілмейтінін хабарлап, жұртты сабырға шақырды. Бірақ үрей мен күдікты ұлғайтқан түн көпшілік үшін ұзаққа созылғандай болды.

Қала әкімдігінің хабарлауынша, қатты жер дүмпуінен 60-тан аса адам зардап шекті. Арасында ауыр жарақат алғандар да бар.

Алматының сейсмологиялық жағдайы қандай?

Қазақстан жалпы сейсмикалық тұрғыдан қауіпті мемлекеттер қатарына енген. Бұған дейін де Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері Алматыда 9 балдық жер сілкінісі болса, тұрғын үйлердің 30% қирауы мүмкін екенін айтып жүр.

Қала 27 қауіпті техногендік плитаның қосындысында орналасқан. Бұл – негізінен қаланың таулы аудандары. Өзгелеріне қарағанда барынша қауіпсіз аудан – Түрксіб ауданы. Қалғандары плиталардың қосындысында орналасқан. Бұл орындарда қауіп айтарлықтай жоғары.

Жыл сайын қаладан 80 км радиуста 200-ге дейін әлсіз жерасты дүмпулері болады. Бұл ретте магнитудасы 2-ден 4 балға дейінгі жер сілкінісі қала үшін фондық режим. Мегаполис арқылы 30-ға жуық тектоникалық жарық өтеді, оның 60 пайыздан астамы таулы аймақта орналасқан.

Сейсмология маманы, профессоры Әлқуат Нұрмағамбетовтың айтуынша, осыдан 40 жыл бұрын 1983 жылы Сейсмология институты қаланың ең сейсмикалық қауіпті аймақтарын көрсететін Алматының бірінші ғылымға негізделген сейсмикалық микроаудандау картасын жасап шығарды. 

Алматы қаласы терең «шұңқырда» орналасқан, бұл ойық Үлкен және Кіші Алматы өзендерінен ағып жиналған шөгінді тау жыныстарынан тұрады. Бұл деген, қала аумағында құрылыс орналасқан грунт өте әлсіз, ал мұндай әлсіз грунт сілкініс күшін 1-1,5 балға дейін жоғарылатады дегенді білдіреді.

Алматыдағы жер сілкінісінің жалпы хронологиясы

Алматыда жойқын жер сілкінісі 1887 жылы 9 маусымда тіркелді. «Верный сілкінісі» ретінде белгілі зілзаладан қаланың жермен-жексен болғаны туралы деректер бар. Таңғы сағат 04:35 кезінде қалада магнитудасы 7,3 балл болатын жер дүмпулері сезілген. 332 адам көз жұмды.

Алматы тарихындағы екінші жойқын жер сілкінісі 1911 жылдың 4 қаңтар күні болған. Сол кезде магнитудасы 8,2 балды құраған. «Кемин» жер сілкінісі деген атау берілген осы зілзала салдарынан қала ішіндегі көшелер қақ айрылып, үлкен жырықтар пайда болған.

1916 жылы 28 ақпанда шаһарда 6 баллға дейін жер сілкінісі сезілді.

1928 жылдан 1938 жылға дейінгі кезеңде Алматыда 11 жер сілкінісінің ошағы анықталды. Бұл жер сілкіністерінің кейбірі Алматыда 3-4 балға дейін болды.

1938 жылы 21 маусымда Алматыда 6 балдық екпіндегі жерасты дүмпуі тіркелді.

2011 жылы 1 мамырда осы қалада магнитудасы 4 балл болатын жерасты дүмпуі байқалды.

2014 жылы 16 тамызда таңғы сағат 3:43-те Алматы облысында 5,6 балдық жер сілкінісі болды. Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығының мәліметіне сүйенсек (EMSC), жер сілкінісі 16 тамыз күні Алматы қаласынан 40 км шығысқа қарай, Талғар қаласынан 25 шақырым қашықтықта жергілікті уақыт бойынша 03:42:30-да тіркелген.

Бұған дейін дәл осындай қуатты жер асты дүмпуі 2011 жылы 1 мамырда болған еді. Ол жолы жер сілкінісінің қуаты 5,5 балға жеткен.

2017 жылы 9 тамызда таңғы уақытта Алматы мен Алматы облысының тұрғындары магнитудасы 4 балл болатын жер сілкінісін сезді. Мұндай жер сілкінісі соңғы рет 2013 жылы тіркелген екен.

2018 жылы 31 тамыз күні Алматыда 4 балдық дүмпу болды. 

Осыдан кейін Алматыда құрылыс нысандарының беріктігі тексерілді. Бұл ретте, «Алматыны паспорттау» жобасының аясында қаладағы 3 мыңнан аса ғимарат жағдайы қаралатыны хабарланды. 2017 жылы ҚазҚСҒЗИ сарапшылары 7027 нысанның жағдайын тексеріп, олардың әрқайсысына электронды паспорт берді.

2023 жылы 2 сәуірде Алматыда жергілікті уақытпен сағат 16:56-да 2 балдық жер сілкінісі сезілді. Эпиорталығы Алматыдан 17 км қашықтықта, Қазақстан аумағында орналасқан. Энергетикалық санаты – 8.2. MPV магнитудасы – 3.6.

2023 жылы 1 қазанда алматылықтар жер сілкінісін сезінді. Атап айтқанда, түнгі сағат 03:30-да Алматы қаласында жер сілкінісі тіркелді. Зақым болған немесе қираған жағдай байқалған жоқ. Сейсмологиялық тәжірибе әдістемелік экспедициясы» ММ сейсмикалық станциялар желісінің дерегі бойынша, зілзала ошағы Алматы қаласынан оңтүстікке қарай 122 шақырым жерде Қырғызстан жерінде орналасқан.

2023 жылы 8 қарашада Алматыда 2 балдық жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпуінің ошағы Алматыдан оңтүстікке қарай 323 шақырым жерде, Қытай аумағында тіркелді.

Мамандар жер сілкінісі кезінде мына нұсқаулықтарды ұсынады

  • Егер жер сілкінісі болса, негізгі ішкі қабырғаның жанына, негізгі қабырғаның бұрышына, есіктің жақтауына немесе негізгі тіреуіштің жанына тұру керек;
  • Лифт пайдалануға тыйым салынады;
  • Жуыну бөлмесіндегі ванна жақсы құтқарады, әсіресе шойын ванналары;
  • Сейсмикалық ауданда тұратын адамдар сақтық шараларын білуі керек және «дабыл сөмкесін» дайындап қоюы қажет. Онда құжаттар, фонарь, жылы киім, ауыз су, тез бұзылмайтын азық-түлік, алғашқы медициналық көмек көрсету қобдишасы болуы керек.

 

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала