Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ҚАЗАҚ ТІЛІ» ҚОҒАМЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ ДҮНИЕ САЛДЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының негізін салушылардың бірі, көрнекті ғалым, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Өмірзақ Айтбаевтың дүние салуына байланысты отбасына көңіл айтты.

 

Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының негізін салушылардың бірі, көрнекті ғалым, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Өмірзақ Айтбаевтың дүние салуына байланысты оның отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады.

«Өмірзақ Айтбайұлы Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап мемлекеттік тілдің мәртебесінің артуына өлшеусіз үлес қосты. Ол қазақ терминологиясының дамуына, тіл білімі мамандарының жаңа буынын қалыптастыруға зор еңбек сіңірген ұлағатты ұстаз және ірі ғалым еді. Қазақ зиялыларының арасында өзіндік орны бар қадірлі Өмірзақ Айтбайұлының ғылыми мұрасы ел болашағы мен ұлт игілігіне қызмет ете береді деп сенемін», – делінген жеделхатта.

«Қазақпарат» агенттігінің мәліметінше,  Өмірзақ Айтбайұлы 1936 жылы 5 сәуірде Түркістан облысының Отырар ауданына қарасты Балтакөл ауылында дүниеге келген. 1959 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (ол тұста Киров атындағы ҚМИ) филология факультетін бітірген. 1971 жылы «М.Горький фразеологизмдерінің қазақ тілінде берілу жолдары» деген тақырып бойынша кандидаттық диссертация қорғаған. 1959-1962 жылдары Республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің əдеби қызметкері, 1962-1974 жылдары Қазақ ССР ҒА Тіл Білімі институтына кіші ғылыми қызметкері, 1974-1981 жылдары аға ғылыми қызметкер, 1981-1989 жылдары «Терминология мен аударма теориясы» бөлімінің меңгерушісі болып еңбек еткен. 1973 жылдан «Ғылыми терминологиялық орталықтың» директоры болып қызмет етсе, 1989 жылдан Республикалық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, кейін президенті болған. Ғалымның ғылыми зерттеулерінің негізгі бағыттары: қазақ терминологиясының практикалық мəселелері. «Терминология мен аударма теориясы» бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып жүрген тұста Өмірзақ Айтбайұлының басшылығымен бірнеше ұжымдық кітаптар (Қазақ терминологиясының мəселелері. «Ғылым», Алматы, 1981; Термин жəне олардың аудармалары. «Ғылым», Алматы, 1990, 12 б.т.) баспадан жарық көрді. Академик Өмірзақ Айтбайұлы Мемлекеттік терминология комиссиясының мүшесі, ғалым хатшысы ретінде де (1981–1991 жж.) 550-ден астам ғылыми еңбектің, 21 кітап пен монографиялардың авторы. «Қазақ терминологиясының жасалу көздері» (1981-1984) жəне «Қазақ əдеби терминологиялық лексикасының дамуы» (1985-1991), «Мемлекеттік тілде ғылыми терминологияны қалыптастырудың теориялық, ғылыми-əдістемелік жəне практикалық мəселелері» (1997-1999), «Терминологиялық сөздіктер, əдістемелік құралдар жасау» ғылыми-методикалық жоба (2008-2013) деген күрделі ғылыми тақырыптарға жетекшілік жасады. Оның сондай-ақ, сазгерлігін танытатын бірнеше, атап айтқанда, белгілі «Жар сəлемі», «Жас ойшыл», «Ана тілі», «Тіл өнері дертпен тең», «Ақ қоян», «Өренім» тағы да көптеген əні жұртшылыққа мəлім.

«Түркістан» халықаралық газетіне берген соңғы сұхбатының бірінде марқұм Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ терминология мәселесіне қатысты былай депті:

– Жалпы терминология кім көрінген араласа беретін нәрсе емес. Оған абайлап бару керек. Әркім өз саласын біліп, өз шаруасымен айналысқаны дұрыс қой. Термин мәселесі қызықтыра ма, мамандардан сұрасын. Оған бүкіл өмірін арнаған адамдар бар, сондықтан солардың пікіріне жүгініп, ойласқан артық емес. Терминдердің сәтті жасалғандарына тиіспеу керек. Мәселен «сынып» сөзін баяғыда Ахмет Байтұрсынұлы қалыптастырған. Кеңестік кезеңде Ахаңның жасаған терминдерінің біразын саясат үшін қолданыстан алып тастағанымен, қайтадан орнын тауып жатыр. Термин мәселесіне асығыстық жараспайды, бәрі бірден қалыптасып, дамып кетпейді. Халықаралық терминдерді аудару, оның тәжірибеде қолданылуы жайында білгісі келген кісі болса, ғалымдарымыздың еңбектеріне көз жүгіртсін. Керек нәрсесінің бәрін табады. Халықаралық терминдерді өзгертпей қабылдау керек, еліміздегі үш тілде білім беру бағытына сәйкес ағылшын тілін үйренгенде халықаралық терминдердің пайдасы зор дейтіндер, алдымен, қазақ тілін дамытуды ойласын. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ең алдымен қазақ тілін дамыту керек» деді емес пе, еліміздің тіл саясаты үшін дұрыс сөз ол. Жаратылыстану ғылымдарының бәрін ағылшынша оқытамыз деген сөз – абсурд. Математика, физика, химия пәндерін мектепте қазақша оқып өстік қой, олардың бәрінде қазақша қалыптасқан терминдер бар. Академик Қаныш Сәтбаевтан бастап, небір мықты ғалымдардың бәрі жаратылыстану пәндерін қазақша оқыған. Солар кімнен кем? Қазақ мектебінде балаға көптеген пәндерді ағылшынша оқыту – қазақ тілін құртумен бірдей. Егер балаға қазақ тілінде білім берілмесе, оның кімге қажеті бар? Ал білім береміз бе, терминдердің қазақшалануының маңызын білу керек.


 

Фото: turkystan.kz


 

 

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала