Валюта бағамы
USD - 382.56
EUR - 426.48
RUB - 5.84

ТЕРМИН — ТІЛДІҢ ТІРЕГІ

Көріністер: 13
Ad

Тәуелсіздік жылдары термин саласында біраз жұмыс жасалды. Алайда, жасалатын жұмыстың қарасы одан екі-үш есе көп. Осы саланы түбегейлі реттесек, ана тілдің дамуына соны серпін бере аламыз. Латын графикасына көшіп, ұлттық қаріпті қалыптастыру барысында термин жасауды да жандандыру керек. Бұл жерде терминнің — тілдің тірегі екенін әсте естен шуғаруға болмайды.

Жуырда Парламент Мәжілісінде «Рухани жаңғыру: қазіргі қазақ терминологиясы» тақырыбында өткен ғылыми-практикалық конференция аясында термин мәселесі терең қаузалды. Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің  хатшысы, Мәжіліс депутаты Бейбіт Мамыраев «Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі, «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қазіргі қазақ терминологиясын одан әрі дамытумен тікелей байланысты. Елбасы: «Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет... Терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керек», - деген болатын»-деп өз ойын білдірді.

Термин саласындағы ең басты проблема — бірізділік жоқ. Сосын бір сөзді қайта-қайта өзгерту сәнге айналған. Мәселен 5 рет өзгерген сөздер бар. Ғалымдардың ынтымақтаса жұмыс істемейтінін, әркім өзінікін жөн санап, тілден гөрі жек мүддесінің үстемдігі салтанат құрғанын қалайтыны аңғарылатындай. Одан соң президенттік деңгейдегі ықпалды ұйымның жоқтығы көзге ұрады.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек ұлттық термин қорын қалыптастыру үшін жұмыс істеп жатқандарын, алдағы уақытта 50 бағыт бойынша ұлттық термин қорын қалыптастыратындарын айтты. Алдымен  бастауыш мектептер пайдаланатын терминдер сөздігі шығарылады. «2021 жылы 5-9 сыныптар, яғни негізгі білім беру термин қоры анықталады. 2022 жылы орта және кәсіптік білім - 10-11 сыныптар, көптеген колледж бен теxникум оқушылары үшін бірнеше томдық терминологиялық сөздіктерді жасауымыз қажет. 2023 жылы жоғары оқу орындары деңгейінде 20 қалың қоғамдық ғылымдар бойынша салалық терминологиялық сөздік бітеді. 2024 жылы 15 салалық теxника ғылымдары бойынша сөздіктер дайын болуы керек. Ал 2025 жылы Елбасы тапсырмасы бойынша біз тіл реформасын толық аяқтауға тиіспіз. Жаратылыстану ғылымдары бойынша 15 томды әзірлеу жоспарланып отыр»-деді. Ол сонымен қатар,  ғалымдардың пайымы бойынша, белгілі бір саланы дамыту үшін кем дегенде 10 мың термин қажет екеніне айрықша тоқталды. «Терминдердің саны 10 мыңнан аз болған жағдайда нақты бір сала толыққанды дамымайды екен. Олай болса, іріктелген 50 саланы дамыту үшін бізге кемінде, бекітілген 500 мың термин керек»-деген ол отыз жылдың ішінде терминкомның 20 мыңның айналасында ғана термин бекіткенін жеткізді. Ал ғалым-терминолог, профессор Шерубай Құрманбайұлы кейбір жаңа сөздерді терминком бекітіп, жұрт үйренісе бастағанда өзгеріп кететініне налыды. Мәселен, бастапқыда айналымға енген «бәссауда» мен «әнұран» сөздері 2014 жылы «аукцион» және «гимн» болып қайта өзгерген.

«Мұражай» кейін «музей» болса, «пайыз» «процент» болған. Тіпті бес рет өзгерген сөздер бар. Бұның бәрі айналып келгенде жүйесіздікке әкеледі, сосын сала мамандарына деген сенімсіздікті күшейтеді. Ғалым сондай-ақ термин жасаушылардың сапа емес, сан қуалап кеткенін ашық сынады. «Өткен жылы индикатор бойынша 21 мың термин қайта бекітілсе, биыл 24 мың термин бекітілуі керек, ал келесі жылы бұл сан 27 мыңға жету керек. Термин жасаудың шарушылық емес, шығармашылық үдеріс екенін ұмытпауымыз керек»,-деді ол. Жоғарғы соттың судьясы Бағлан Мақұлбеков те заң саласындағы олқылықтар аз емес екеніне нақты мысалдар келтірді. Бұрын қолданыстағы кодексте «талап қоюшы» «талапкер» деп аталса, жаңа кодексте «талап қоюшы» болып кеткен. Сосын қолданыстағы процестік кодексте «имущество» деген термин бұрынғыдай «мүлік» емес, «нәрсе» деп берілген.

Сосын терминком мен БАҚ арасында мүлде байланыс жоқ. Жаңа жасалған сөздердің бұқара санасына сіңіп, кең айналымға енуі үшін ақпарат құралдарының рөлі ерекше. Жиын соңында жоғарыдағы олқылықтарды оңалтуға себі тиюі үшін мемлекеттің тіл саясатын одан әрі жетілдіруге бағытталған қарар қабылданды.

Ернат МЕЛСҰЛЫ, журналист аудармашы

Суреттер Сайлау Майлыбаевтікі.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала