Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

ТҮРКІСТАН — ЕР ТҮРІКТІҢ БЕСІГІ ҒОЙ

Түркі әлемінде «Түркістан» дегенде, ең алдымен бір қаланың аты емес, тұтас бір аймақ еске түседі. Аймақ атауы ретінде Түркістан «түріктердің елі» деген мағынаны білдіреді. Бұл жердегі «стан» жұрнағы парсы тілінде «елді мекен», «отан» деген мағынаға келеді. Мағжанның «Түркістан» өлеңі тек бір қала туралы емес, бүкіл өңіріміз  хақындағы жыр. Ирандықтар Амударияның шығысын атам заманда «Тұран», ал кейінгі заманда «Түркістан» деп атаған. Басқаша айтқанда, Түркістан атауы – «Түркі жұрты», «Түркі әлемі» деген ұғымдармен мағыналас.

XVIII-XIX ғасырда Ресей империясы мен Қытай аймақта отарлық саясат жүргізгенге дейін Қазақ хандығы, Қоқан хандығы, Бұқара Әмірлігі мен Хорезм хандығы дербес мемлекеттер ретінде өмір сүрді. Алайда, бұл елдердегі халық өздерінің ортақ бір Түрік атаның ұрпақтары екендігін білетін. Түріктердің әлем саясатындағы әскери және саяси салмағының азаюымен бірге аймақтың шығысын Қытай, ал батысын Ресей империясы жаулап алды. Ресей өз аумағындағы жерлердің солтүстігінде «Дала губерниясын», ал оңтүстігінде «Түркістан губерниясын» құрса, Қытай өз жерінде Шынжаң аймағын құрды. Десе де, Қытайдың қарамағындағы жерлер халық арасында Шығыс Түркістан болып аталды.

XX ғасырдың басында өз биліктерін орнатқан большевиктер түрікшілдік идеологиясын империяның территориялық тұтастығына қауіп деп білді. Сондықтан Дала губерниясында Қазақ Республикасын, ал Түркістан губерниясында Түркімен, Өзбек, Қырғыз және Тәжік республикаларын құрды. Осылайша, түріктердің отаны «Түркістан» атауы картадан жоғалды.

XX ғасырдың басында ыдыраған Османлы мемлекетінің мұрагерлері «түрік» атын қайта жандандырып, Мұстафа Кемал бастаған топ өздерінің елін «Түркия» деп атады. Бұл жаңа мемлекеттің түрік тарихы, түрік тілі, түрік мәдениетіне ие болуы Түркі әлемі орталығының шығыстан батысқа ауғандығын білдірді. Ал Түркиядағы халықтың санасында «Түркістан» атауы «Ата жұрт» ретінде қабылданатын болды. Түркияның осы ұстанымына және Кеңес Одағындағы идеологияға байланысты «Түркістан» атауы «саясиланып», тыйым салынған атауға айналды.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін түркістандықтар аймақтың аты ретінде «Түркістан» атауын емес, «Орталық Азия» атауын қабылдады. Бұның бірінші себебі, Тәжікстанның өзін «Парсы мәдениеті өкілі» деп санауы болса, екінші себебі, Ресей Федерациясының сондай-ақ Қытай мен Иранның «түркофобиясын» яғни Түрік Бірлігінен қорқынышын қоздырмауға бағытталған геосаяси қадам болды. Осылайша аймақтың атауы ретінде «Түркістан» тағы да шеттеп қалды. Осы жағдайлардың барлығын ескерсек, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда жаңа бір облыс құрып, оны «Түркістан» деп атауы тек қазақтың ұлттық санасының жандануы жағынан ғана емес, бүкіл Түркі әлемінің рухани жаңғыруы тұрғысынан өте батыл шешім екендігіне шүбә жоқ.

 

ТҮРКІСТАН ҚАЛА РЕТІНДЕ...

Түркістан қаласының негізгі аты — Яссы. Оның қашаннан бастап  Түркістан болып аталғаны туралы нақты мәлімет жоқ. Десе де, бұл өзгерісті Ахмет Яссауимен және оның қалыптастырған «түркілік және далалық ислам» ұғымымен байланыстыруға болады.

Қысқаша еске түсіре кетсек, Яссауи өмір сүрген XI ғасырда Түркі әлемінде Мәуренахр деп аталатын Сырдария мен Әмударияның арасы және Еділ өзені аңғарын жайлаған түріктер Ислам дінін қабылдай бастаған болатын. Алайда, осы екі өңірдің арасындағы Дешті қыпшақтық көшпенді түріктер әлі де ата жолымен өмір сүріп жатты. Яссы қаласы осы Ұлы даланың шетінде орналасқан еді. Аталған шахарда еңбектерін түрік тілінде жазып, шәкірт тәрбиелеген Яссауи дала түріктерінің мұсылмандануында өте маңызды рөл ойнады. Қолдарына домбыра ұстаған, ауыздарында ұстаздарының «Диуани Хикмет» жыры бар Яссауидің тоқсан тоғыз мың шәкірті көшпенді түріктердің Ислам дінін қабылдауына себеп болды.

Тек Дешті Қыпшақтағы түріктер ғана емес, Анадолы тіпті Балқан түбегінің ең батысындағы мұсылман түріктер де өздерін «Ахмет Яссауиге борыштымыз» деп санайды. Әзірет туралы жазылған алғашқы ғылыми зерттеу болып саналатын «Түрік әдебиетіндегі алғашқы сопылар» еңбегінде Фуат Көпрілі Ахмет Яссауиді түрік ұлттық рухының өзегі деп сипаттайды. Нәтижесінде, Яссауиді ерекше құрметтеген түріктер оны «Пір-і Түркістан» яғни «Түркістанның пірі», «Түріктердің пірі», «Түріктердің әулиесі», «Түріктердің иесі», «Әзірет», «Әзіреті Сұлтан» деп атап кетті. Ал оның мазары орналасқан Яссы қаласы түріктердің рухани астанасына айналды. Тіпті Яссауидің қабіріне зиярат жасау кіші қажылық болып саналатын болды. Осылайша, қала біртіндеп «Түркістан» атала бастады.

Парсы тіліндегі «стан» жұрнағының тағы бір мағынасының «орталық», «елордасы» деген мағынаны білдіретіні де қызық сәйкестік. Мысалға, Османлы мемлекетінің астанасы Ыстанбұл қаласының «Аситане» деген тағы бір аты бар. Тіпті «Ыстанбұл» деген сөздің өзінде де «стан» сөзі  тұрған сияқты. (Бұл, бул, бол, пол, полис — грек тілінде «қала» деген сөз.) Біздің «Астана» сөзіміздің түбірінде де осы «стан» жұрнағы бар. Сондықтан, Түркістанды «Түркі астана» деп түсінген жөн.

 

ТҮРКІСТАН ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ АСТАНАСЫ РЕТІНДЕ...

Яссы қаласының «Түркістан» аталуының «Қазақ» атауы, қазақтың ұлттық болмысы және тарихымен де тікелей байланысы бар. Қазақтардың исламдану үдерісін еске түсіретін болсақ, Алтын Орда ханы Өзбек ханның кезінде Яссауи ілімі елдің ресми діні болып жарияланғандығы белгілі. Дэвин Дэвистің «Алтын Орданың исламдануы» атты еңбегіне сүйенсек, осы кезде Ислам дінін қабылдаған түріктер өздерін «өзбек» деп атай бастады. Басқаша айтқанда, «өзбек» атауы «мұсылман» дегенді білдіретін болды.

Әбілхайыр Шайбанидің кезінде көшпелі өзбек мемлекетінің шекарасы Мәуренахрдағы отырықшы елді мекендермен түйісті. Осы жерде Яссауидің Түркі өркениеті негізінде қалыптастырған далалық ислам түсінігі отырықшы Парсы мәдениеті негізінде қалыптасқан Нақшибанди Ислам түсінігімен қақтығыса бастады. Басқаша айтқанда бұл — көшпенді Түркі өркениетімен отырықшы Парсы өркениетінің текетіресі еді. Бұл қақтығыста Әбілхайыр хан өзінен бұрынғы Ғазнауилер, Селжуктар, Хорезмшахтар әулеттері секілді қалалық Парсы мәдениетін таңдады. Далалық түріктер тұрғысынан қарағанда бұл өзгеріс олардың Яссауи жолынан, дәлірек айтқанда ата жолынан бас тарту дегенді білдіретін. Осы пікірді қолдаған Зікірия Жандарбектің еңбегіне сүйенсек, Әбілхайырдың шешіміне қарсы шығып көтеріліс бастаған «өзбектер» Керей мен Жәнібекті хан сайлап қазақ болып бөлініп шығып кетті. Демек, «қазақ» деген сөз «өзінің ата жолын сақтаған, сырттан келген жат мәдениеттерді қабылдамаған, өз болмысын қорғап қалған» деген мағынаны білдіреді. Ал Түркістан қаласының Қазақ хандығының астанасы болуы және  хандарының осы қалада жерленуі жаңа мемлекеттің рухани негізінің Яссауи жолына құрылғандығының көрсеткіші болса керек.

Қорыта айтқанда, «Түркістан» аты бүкіл Түркі жұрты үшін қасиетті атау болып саналады. Бұл атаудың жандануы Түркі өркениетінің қайта шарықтауының, Түріктердің бірлігі мен ынтымағының қайта орнайтындығының нышаны десек артық болмас. Өйткені түріктердің пірі, иесі мен киесі Әзіреті Сұлтан Қожа Ахмет осы қалада мәңгілікке байыз тапты...

 

  

Дінмұхаммед ӘМЕТБЕК, Халықаралық қатынастар бойынша PhD докторы, Түркиядағы «Анкара дағдарыс және саяси зерттеу орталығының» сарапшысы  

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала