Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

МЕМЛЕКЕТТІҢ ЕКІ ҚОЛЫ БАНК СЕКТОРЫНЫҢ ҚАЛТАСЫНДА

"Цеснабанк" АҚ-ның кейбір мәселелері туралы осы жылдың тамыз айында Fitch американдық рейтингтік агенттігі есеп айырысуларды жариялағанда белгілі болды. Осыған сәйкес қаржы институтының өтімді активтері екінші тоқсанда 30,3 пайызға төмендеді. Іле-шала ресми түрде Үкімет пен Ұлттық банк аграрлық секторды қосымша қолдау туралы бірлескен мәлімдеме жасады. Ол бойынша, Үкімет пен Ұлттық Банк ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді және бүкіл аграрлық секторды қолдаудың қосымша іс-шараларын дайындағаны белгілі болды. Басты мақсат — саланың серпінді өсуіне қажетті жағдай жасау, жаңғыртудың қарқынын төмендетпеу, күрмеуі күрделі мәселелерді шешу. Іс-шаралардың ішінде АӨК кәсіпорындарына түсетін борыштық жүктемелерді азайтуға және олардың борыштық ауыртпалықтарын азайтуға ерекше көңіл бөлінген.

«Цеснабанк» «Агробизнес 2020» бағдарламасы мен кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалардың жобаларын іске асыруға белсенді атсалысып келген. Оның үлесі - 65%. Сол себептен, «Цеснабанк» «ҚазАгро» Холдингімен бірлесе отырып, берілген валюталық несиелер мен қарыздарды қайта қаржыландыруды және олардың мерзімдерін ұзарту мәселесін қолға алғаны туралы айтылған.

Сөйтіп Үкімет пен Ұлттық Банк «Цеснабанктен» 450 млрд. теңгеге ауыл шаруашылығы несиелер портфелін сатып алу тетіктерін пысықтауда. Бұл банктен қарыз алушы агроөнеркәсіптік сектор кәсіпорындарын қаржылық сауықтыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, сондай-ақ «Цеснабанктің» қаржылық тұрақталығын нығайтады.

Егер Әділбек Жақсыбеков Президент Әкімшілігінің басшысы болып қызмет етпегенде, «Цеснабанк» тәуекелдері көп және салған ақша дұрыс қайтпайтын аграрлық секторды еш қаржыландырмас еді. Бізше, аталған секторға банк саяси биліктің өтініші бойынша барған тәрізді. Демек, бұл оқиға банк секторында шынай рынок әлі орнамағанын көрсетеді. Яғни мемлекет екі қолын банк секторының қалтасында терең салып алған.

Сайып келгенде, Қазақстанда мемлекеттік капитализм мен мемлекеттік кәсіпкерлік белең алуда. Мұндай жағдайда, Қазақстан-2050 стратегиясының орындалуы өте қиын.

Ал 2018 жылдың 8 айында банк секторының барлық пайдасының 80% алда келе жатқан 5 банк қамтамасыз етті. Олардың пайдасы 419 миллиард теңгені құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жақсы көрсеткіш. Былтырғы көрсеткіш бойынша - 160,3 млрд теңге шығынға ұшыраған болатын. Жалпы соңғы 5 жылда банктердің табысы 2,5 есе өсіп, 249,4 млрд теңгеге жетті.

«Халық Банкі» өткен айлардың қорытындысы бойынша пайда үлесі бойынша көшбасшы болды - барлық пайданың 43,9% бұл банкке тиесілі. Яғни ақшалай баламада 183,7 млрд теңгені құрады. Екінші орында - Kaspi Bank, сектор пайдасының 16,1% - ын немесе 67,6 млрд теңге. Одан кейін  РФ Сбербанкі 30,8 млрд теңге көлеміндегі пайданы иеленді, бұл 7,4% құрайды.

Ең табысты банктердің ТОП-5 үлесіне сектордың барлық пайдасының 77,1% немесе 322,6 млрд теңге жатады. Активтер мен капиталға қатысты банк секторының рентабельділігі тиісінше 14,7% құрады.

 

Қайырбек АРЫСТАНБЕКОВ, Экономикалық саясат институтының директоры, экономика ғылымдарының докторы

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала