Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

ҚАРАҒАНДЫДА «ӨҢІРЛІК БАҚ. ДАМУ ВЕКТОРЛАРЫ» АТТЫ ФОРУМ ӨТТІ

Биылғы форум жылда Бұқаралық ақпарат құралдарының
қызметкерлері күні қарсаңында ұйымдастырылатын шаралардан
өзгеше болды. Бұрнағы жылдары журналистер марапатталып, ары
қарай концерттік шара мен журналистерге жайылған мерекелік
дастарханға ұласатын. Биыл журналистиканың маңызды
мәселелерін көтеретін форум ретінде жасалып, оған республикалық
деңгейдегі білікті мамандарды алдыртқан. Шараға өңірдегі барлық
журналистер яғни облыс орталығынан шалғайда жатқан аудандар
мен қалалардағы журналистерге дейін арнайы шақырылған.
Форумда «Kazakh TV» телеарнасының директоры Майя Бекбаева,
«Informburo.kz» ақпараттық порталының бас редакторы Михаил
Дорофеев, «Ulys» цифрлық журналының бас редакторы Ержан
Қалымбайұлы, облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің Директоры
– Бас редактор Қамбар Ахметов пен «Бұқар жырау жаршысы»
газетінің бас редакторы Әлия Жұмақаева баяндама жасады.
«Qazaqstan» Ұлттық арнасының «Апта» ақпараттық
бағдарламасының жүргізушісі, белгілі журналист Мейіржан
Әлібекұлы мен «Saryarqa» арнасының журналисті Азиля
Жұмабекова жүргізген шарада журналистиканың ардагері,
өлкетанушы Екатерина Кузнецова да өз лебізін білдірді. Ал өз
кезегінде сөз алған облыс басшысы Ерлан Қошанов аймақ
журналистерінің әрқайсысын жақсы танитынын көрсетіп, біраз
жақсы жаңалықтармен көпшілікті сүйіндірді. Арқа
журналисткасынан шыққан мамандардың алды Ресей, АҚШ,
Қытай мен Франция сынды елдерде қызмет етіп жүргенін айтқан

Ерлан Жақанұлы бұдан былай жыл сайын облыстық бюджет
есебінен журналист болғысы келген ауыл жастарына қосымша
гранттар бөлінетінін хабарлады. ҚарМУ-дың журналистика
бөлімінде тегін оқығысы келетіндер ол үшін өз қала, аудандарында
кемі 3 жыл жұмыс істеуі тиіс. Сонымен қатар, «Сарыарқа-Ақпарат»
холдингі аясында журналистерді даярлап, біліктілігін жетілдіріп
отыратын медиа мектеп те құрылатынын айтты. Бұдан тыс, аймақ
журналистері семинар, тренинг өткізіп, бас қосып, пікір алмасатын
журналистерге арналған медиа коворкинг орталығын ашу жайына
да тоқталды. Форум сұрақ-жауаппен жалғасып журналистер
әріптестері мен аймақ басшысына көкейдегі сауалдарын қойып,
ұсыныстарын білдірді. Шара соңында Бұқаралық ақпарат
құралдары қызметкерлеріне «Алтын сұңқар» сыйлығы табысталды.
Биыл 13-ші мәрте өткізіліп жатқан медиа сайысқа жүзден астам
ұсыным түсіп, төмендегі журналистер жеңімпаз атанды:
«Мамандыққа адалдығы үшін» – Қазақстан Журналистер одағының
мүшесі Аман Жанғожин.
«Белсенді өмірлік ұстанымы үшін» – теміртаулық белсенді азамат
Олег Гусев.
«Ауыл тақырыбын үздік жариялағаны үшін» – аудандық
«Қарқаралы» газетінің тілшісі Бану Мұқашева.
«Объектив шебері» – «Взгляд на события» газетінің фототілшісі
Дархан Мусин.
«Әлеуметтік тақырыпты үздік жариялағаны үшін» – «5 канал»
телеарнасының журналисі Бақытгүл Матуова.
«Өндірістік тақырыпты үздік жариялағаны үшін» – «Бірінші
Қарағанды» телеарнасының бас редакторы Алмас Мұсабеков.
«Алғашқы табыстары үшін» – аудандық «Жаңаарқа» газетінің
тілшісі Мөлдір Қасымова.

«Жылдың үздік шығармашылық жұмысы» – «Saryarqa»
телеарнасының режиссері Айжан Әбдірахманова.
«Мәнер мен атқарымдылығы үшін» – облыстық «Ortalyq
Qazaqstan» газетінің жауапты хатшысы Нұрқанат Қанапия.
«Еңбек адамы» тақырыбын үздік жариялағаны және насихаттағаны
үшін» – «Қазақстан» телеарнасының жаңалықтар қызметінің шеф
редакторы Жанар Алпысбаева.
«Дін тақырыбын үздік жариялағаны үшін» – облыстық
«Индустриальная Караганда» газетінің ұжымы.
«Қарағанды журналистикасының дамуына қосқан үлесі үшін»
аталымы бойынша бас жүлдені жеңіп алған Жезқазған қаласының
«Дидар» телеарнасы ұжымы қанжығасына 1 миллион теңге
байланды.


Суреттер: ortalyq.kz сайтынан алынды

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала