Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

Әкімшілік кодекске енгізілетін өзгерістер халықтың қалтасына қалай әсер етеді

Бүгін Мәжіліс депутаттары Әкімшілік  құқық бұзу туралы кодекске өзгерістер мен түзетулер енгізетін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Енді екінші оқылымға толықтырып әкеліп, Сенатқа жолдау керек. Сенат мақұлдаса, Президентің қол қоюына жіберіледі. Бұл туралы Ulys тілшісінің мақаласынан толықырақ.

ТӘРТІП БҰЗДЫҢ БА, 5 КҮН ТЕГІН ЖҰМЫС ЖАСАЙСЫҢ

Құжаттағы басты жаңашылдықтың бірі – еңбекке мәжбүрлеп тарту шарасы қылмыстық заңнамадан әкімшілік заңнамаға ауысып отыр.

Заң жобасы туралы қосымша баяндама жасаған депутат Сергей Пономарев қоғамдық тәртіппен, әдеппен байланысты заңсыз әрекеттердің көбін мәжбүрлеп еңбекке тарту жазасын қолдану арқылы  азайтуға болатынын айтады.

«Бұған дейін Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексте қоғамдық жұмысқа тарту шаралары жол еді. Біз көптеген дүниені осы тетік арқылы тындыруға болады деп есептейміз. Мысалы, адам дәретхананы есігін теуіп кетуі мүмкін немесе жарнама сөресін қиратып, автобус аялдамасын бүлдіріп кетті дейік. Осы сияқты заңсыздықтар үшін қоғамдық жұмысқа тарту көзделіп отыр. Қоғамдық жұмыс дегенде, 5 күн бойы көше сыпырып, аула тазалайды.  5 күн адамның не бүлдіргенін түсінуіне жеткілікті уақыт. Айыппұл болса, төлеген сәтте ұмытып кетуі мүмкін. Ал 5 күн бойы еңбекке тартылса әрекетінің салмағын сезіне алады», - дейді ол.

ЖҮРГІЗУШІ ҚҰҚЫҒЫНАН АЙЫРУ ЖАЗАСЫ СӘЛ ЖЕҢІЛДЕЙДІ

Заң жобасындағы тағы бір назар аударуға тұратын норма жол-көлік оқиғасымен байланысты. Жобаны әзірлеген жұмыс тобы жол-көлік оқиғасы кезінде денсаулыққа зиян келмесе, жүргізуші құқығынан айыру жазасын қолданбауды ұсынып отыр.

Мәжіліс кулуарында журналистер бұл норманың ертеңгі салдары туралы көп сұрақ қойды. Әділет министрі Азамат Есқараев та, депутат Сергей Пономарев те мұндай «жұмсақ» норманың мас болып көлік айдайтындарға қатысы жоқ екенін баса айтты.

Қолданыстағы заң бойынша мас болып көлік апатын жасаған адамға 7 жылға дейін көлік жүргізуге тыйым салынады.

Сергей Пономаревтің сөзінше, адамды 7 жыл бойы көлік жүргізу құқығынан айырудың әлеуметтік салдарын алға тартып, қарсылық білдірушілер көп болғанын айтады.

«Бір рет мас көлік айдағаны үшін бірнеше жыл бойы көлік жүргізуден шектелген азаматтардың такси болып отбасын асырап жүргендер де бар көрінеді. Бірақ табысың такси болса, көлік тізгініне ішімдік ішіп отырмасаң болды емес пе? Сондықтан мас болып көлік айдайтындардың жазасы өзгеріссіз қалды. Ал сау жүріп көлік апатын жасағандар өзгелердің денсаулығын зиян келтірмесе, айыппұл ғана төлей алады», - дейді депутат.

АҚЫЛЫ ТҰРАҚ ИЕЛЕРІ АЙЫППҰЛМЕН ҚОРҚЫТА АЛМАЙДЫ

Астанада көлікпен жүретін тұрғындардың еті үйреніп болған бір парадокс бар. Ақылы тұраққа көлік қаңтарып, ақысын төлеуді ұмытсаңыз, автоматты түрде айыппұл тағайындалады. Ал басқа қызметтердің ақысы төленбесе, тараптар мәселені сот арқылы шешеді. Яғни, қазіргі заңнама ақылы тұрақ иелеріне артықшылық беріп тұр деп түсінуге болады. Кодекске осы парадоксты жоюға бағытталған норма ұсынылып отыр. 

«Сіз дүкенде тауар ақысын төлемей қойсаңыз, ол үшін бірден қамамайды немесе бірден айыппұл салмайды. Мәселені тек сот қана шеше алады. Тұрақ ақысы да екі азаматтың арасындағы мәселе. Яғни, азаматтық құқық аясында шешілу керек.  Яғни, тұрақ ақысын төлемесеңіз, қазіргідей сыртыңыздан айыппұл жазып тастай алмайды. Тек сотқа шағымдану арқылы өндіріп алады», - дейді Сергей Пономарев.

 Бұл норма тұрақ ақысын төлеуден жалтаруға жол береді деп түсінуге болмайды. Тиесілі ақыны еркіңізбен төлемеген күннің өзінде сот шешімі арқылы өндіріп алады. Оның үстіне мойныңызға сотқа кеткен шығынды өндіру туралы талап қойылуы мүмкін.

«КӨЛІГІ ЕСКІ ЕКЕН ДЕП ЕСІРКЕМЕЙМІЗ» 

 Сондай-ақ ағашты рұқсатсыз кесудің жазасы қатаңдатылмақ.

Бұған дейін кәсіпкерлер кеңсесінің алдындағы ағаштарды кескенін «бизнеске кедергі келтіріп тұр» деген желеумен ақтап, айыппұлдан құтылып кететін – алғашқы рет ескерту ғана беріледі. Енді ағашты рұқсатсыз кескендерге ешқандай ескерту берілмейді, бірден айыппұл салынады. 

Көліктен шыққан дыбыспен өзгелердің мазасын алғандар мен темір тұлпарының түтінімен қоршаған ортаны шектен тыс ластап жүргендер де ешқандай ескертусіз айыппұл арқалауы мүмкін. Депутат Сергей Пономарев соңғы норманы Алматыдағы ахуалды ескеріп енгізгендерін айтады.

«Алматыға сырттан кіретін көліктер экологиялық порттарда тексеріледі. Сол кезде қоршаған ортаға тастайтын газы шектен тыс зиянды екені ескертілген жүргізушілердің 78 пайызы бір жыл ішінде ақауды жоймаған. Біз осындай қорытынды шығарып, ауаны шектен тыс ластайтын көлік иелеріне бірден айыппұл тағуға мүмкіндік беретін норма ұсындық. Түсінемін, көбі ескі көлігін ниеті болмағандықтан емес, артық ақшасы болмағандықтан жаңалай алмай жүр. Бірақ бұл қоршаған ортаны қорғауға кедергі болмау керек. Көлік ескі болса да, жөндетіп, қоршаған ортаға зиянсыз етіп міну керек», - дейді ол.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала