Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

Қазақстан неге шөлейтте отырып «виртуалды су» экспорттайды?

Жаһандық жылыну қарқын алған сайын «виртуалды су» дейтін сөз жиі айтыла бастады. Біздің Қазақстан шөлейтте орналасқан, ашық теңіз бен мұхитқа шығар жолы жоқ «тұйықталған» мемлекет болғанына қарамастан, әлемге миллиондаған тонна «виртуалды су» сатып отыр деп есептеледі. Әрине, бұл мақтанатын жайт емес. Керісінше, терең өндіріске мұқтаж, табиғат берген ырзықты шикізат күйінде ғана жарата алатын, жерінің асты-мен үстіндегі байлықты шикі күйінде сатып күнелтіп отырған мемлекет етіп көрсетеді.

Мұндағы «виртуалды су» деп отырғанымыз – қандай да бір өнімді шығаруға жұмсалатын судың шығыны. Мысалы, Қазақстан топырағынан бір келі мақта алу үшін 20 мың литр су шығындалады. Ал бір келі бидай алу үшін 1400-1800 литр, бір гигаджуоль мұнай өндіру үшін 72 литр, бір келі аллюминий өндіру үшін 100 литр су керек.

Енді осыны жылдық көлемге шағып көрейік. Жыл сайын Қазақстан орта есеппен 75-80 млн тонна мұнай, 7-8 млн тонна бидай, 150-180 мың тонна алюминий, 250-280 мың тонна мақта экспорттайды. Яғни, мұнаймен бірге 200-210 млн тонна су, бидаймен бірге 11-12 млрд текше метр су, алюминимен бірге 15-18 млн текше метр су, мақтамен бірге 4-5 млрд текше су экспорттап жатыр деген сөз.

Мемлекет су тұтынудың қазіргідей ысырапты деңгейін халықаралық стандарттарға жақындату үшін арнайы тұжырымдама қабылдаған болатын. Ол құжат бойынша елдегі жалпы ішкі өнімнің әрбір 1000 долларына жұмсалатын су шығынын 91,2 текше метрден 73 текше метрге дейін түсіру керек. 

Бұл жұмысты жарты жыл бұрын құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігі егін шаруашылығындағы шығындарды азайтудан бастамақ.

Кейінгі бес жылда оңтүстік өңірлерде күріш пен мақта алқаптарын қысқарту жұмыстары жүргізіліп келеді. Шынын айту керек, бұл әзірге су үнемдеуге соншалық бір септігін тигізіп жатқан жоқ. Керісінше  топырағына күріш пен мақтадан өзге дақыл өне қоймайтын елді мекендердің халқын ата кәсіптен ажыратып отыр. Яғни, су үнемдеу дақыл алқабын қысқарту арқылы шешіле салатын оңай-оспақ шаруа емес. КСРО заманында елдің су шаруашылығын басқарған Нариман Қыпшақпаевтың қоймай айтып келе жатқан мәселесі де осыған саяды. Күріш алқаптарын жаппай қысқартқаннан суды мейлінше аз жұтатын сұрыптарды дамыту әлдеқайда тиімді. Сарапшы кезінде Қызылордада осындай сұрыптарды әзірлейтін зертхана болғанын, Өмірзақ Шөкеев Ауыл шаруашылығы министрі болып тұрған кезде ол зертхана жұмысын тоқтатқанын айтады.

Сарапшының айтуына қарағанда, Қазақстанның күріш және мақта шаруашылығы КСРО заманындағы деңгейде қалып қойған. Ал әлем елдері одан бері су үнемдейтін сұрыптың түр-түрін шығарып, соның арқасында ылғалды үнемдеуге көшіп кеткен.

Мысалы, Қызылорда облысында күріш алқабының әр гектарына  орта есеппен 20 мың текше метр су кетеді. Ал Вьетнам, Қытайда, Үндістан сияқты елдер бір гектар алқабы 10-12 мың текше метр ғана су ішетін сұрыптар егіп отыр.

Іргедегі Өзбекстанның өзі мақтаның су үнемдейтін сұрыптарын дамытып үлгерген. Қазір олар гектарына 8-10 мың текше метр су жұтатын сұрыптар егіп, мақтаны табыс көзіне айналдырып отыр. Израиль сияқты ғылымға сүйенген елдер мақта алқабының әр гектарына 7 мың текше метр ғана су шығындайды.

Сарапшылардың айтуынша, Сырдария бассейнінен ылғал алатын егіс алқаптарының жалпы ауданы 3,5 млн гектарды алып жатыр. Осынша ұланғайыр алқаптың 90 пайызын шаруалар әлі күнге дейін атыз салып, кетпенмен суарып жүр. Яғни, атыздың аяғындағы егін суды қажетті нормада алу үшін басындағы егін нормадан 1,5 есе көп су ішу керек деген сөз. Осылайша қазақстандық диқандар технологиядағы мешеуліктің кесірінен егінмен бірге құм суаруға мәжбүр.

Су ресурстарын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында осы суару арналарын бетондап, бүкіл мәліметін цифрландыру арқылы егіске жұмсалатын ылғалды тиімді басқару көзделген. Ол үшін жалпы ұзындығы 14 мың шақырымнан асатын каналды қайта жаңғыртып, 3,5 мың шақырым каналды цифрландыру жоспарланып отыр.

Жалпы республикалық меншікте, яғни,  «Қазсушар» РМК балансында 21 мың шақырымнан асатын 3480 канал бар. Оның 4,2 мың шақырымы, яғни, 20 пайызы ғана қапталған.  Биыл 3500 шақырым арнаны қаптау жоспарда бар. Бұл бетондалған арналардың үлесіне тағы 16,7%-ға арттырады деген сөз.  Осы қарқынмен жүре отырып, 2028 жылға дейін тағы 14 450 шақырым каналды бетондау жоспарланған.

«Қазсушар» балансындағы арналардың тозу деңгейі 60%-ға жеткен. Арналардың техникалық жай-күйін жақсартып, сүзгілеу шығындарын азайту жұмыстарын халықаралық қаржы ұйымдары мен республикалық бюджет есебінен жүргізу көзделген. Сондай-ақ, «Қазсушардың» шаруаларға жүктеген тарифінің есебінен де жыл сайын арналарды жөндеу жұмыстары жүргізіледі», - дейді «Қазсушар» РМК директорының орынбасары Ербол Салихбаев.

Бұл бетондау жұмыстарына Еуропа елдерінің озық технологиясы енгізілмек.  Нақтырақ айтсақ, «Қазсушар» РМК мен германиялық «HUESKER» synthetic GmbH» компаниясы арасында пилоттық жобаны іске асыру туралы келісім жасалды. Тараптар жоба аясында Жамбыл облысындағы Өтеміс каналын еуропалық компанияның технологиясымен бетондап көрмек.

«Пилоттық жобаны жүргізу үшін ұзындығы 50 м канал учаскесі анықталды. «HUESKER» Synthetic Gmb»H осыған қажет материалдарды есептеп жатыр. Одан кейін  өндіріс барысын бақылау үшін «Қазсушар» мекемесінің маманы Германияға жіберіледі.  Яғни, арнаны бетондайтын материалдың алғашқы легін сол жақтан әкелеміз», - дейді «Қазсушар» өкілі.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала