Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.85

Ұлттық құрылтайдың көтерген жүгі мен жиын шешкен түйіндер

Осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы өзінің жолдауында жаңа қоғамдық институт – Ұлттық құрылтай құруды ұсынған еді.

«Ұлытауда, Ордабасы мен Күлтөбеде өткен ұлы басқосулар – соның айқын дәлелі. Келелі жиында айтылған кесімді сөзге алты Алаштың баласы түгел тоқтаған. Біз  бірліктің бастауы болған осы дала демократиясының дәстүрін жаңғыртуымыз керек. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарды. Енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынамын. Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қызметін  жалпыхалықтық деңгейде жалғастырады. Құрылтай қоғамдық диалогтың біртұтас институционалдық моделін қалыптастыруға тиіс. Сөйтіп, билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналатын болады. Қазіргі қоғамдық кеңестердің бәрін өз айналасына топтастырады» - деді Президент 2022 жылдың 16 наурызында айтқан сөзінде.

Осылай Президенттің бастамасымен құрылған Ұлттық  құрылтайдың алғашқы жиыны дәл сол жылы 16 маусымда Ұлытауда өтті.

Ұлттық құрылтайдың сол кездегі құрамына Мәжіліс депутаттары мен ҚХА мүшелерінен, азаматтық қоғам мен саяси партия өкілдерінен, сарапшылар мен өңірлердегі қоғамдық кеңес мүшелерінен, кәсіпкерлерден жасақталған 117 адам кірді. Кейін бұл тізім өзгеріп, жаңарды.

Ұлытаудағы ұлы жиынның тізгінін ел Президенті қолға алып, орынбасары ретінде мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен «Бас редакторлар клубы» республикалық бірлестігі президенті Бибігүл Жексенбай тағайындалды.

Тұңғыш Құрылтайтың алғашқы отырысында Президент: «Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген. Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары  жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды», – деді. 

Бірінші Құрылтайда қандай маңызды мәселелер айтылды және не орындалды?

25 қазан – Республика күні жаңаша атап өтілетін болды. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл Қазақстанның тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы еді. Осы Құрылтай жұмысынан кейін елімізде 25 қазан – Республика күніне мемлекеттік мереке мәртебесі берілді.

Құрылтайдағы келелі мәселелер бойыншга жаңа 3 облыс құрылды. 2022 жылғы 8 маусымда Қазақстанда 3 жаңа облыс пайда болды. Атап айтқанда, Жетісу, Абай және Ұлытау облыстары құрылды.

Ұлы жиын алдында Ұлытаудағы Жошы хан тарихи-мәдени кешені абаттандырылды.  Бір сөзбен айтқан тарих сабақтастығы мен құндылықтар қайта зерделенді. Келелі мәселе мен кесімді шешім шығаратын дәстүр болған «Күлтебедегі жиын» қайта жалғасын тапты.

Ұлттық құрылтай жиынын 2023 жылы 18 маусымда Түркістан қаласында өтті. Онда Мемлекет басшысы 8 маңызды мәселені көтерді.

  • Мемлекеттік нышандарды жетілдіру, нышандарымызға бірегей ұлттық кодымызды белгілеу.
  •  Ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту. Дамыған мемлекеттің бәрі толық зерттелген төл шежіресін дәріптеуге айрықша мән беретіндігі айтылды.
  • Мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеу. Жасанды тұлғалардың есімін түрлі нысандарға беруді доғару, жалпы ономастика саласын тәртіпке келтіру.
  • Ұрпақ тәрбиесіне база назар аудару. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі. Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз.
  • Ақпарат саясатының тиімділігін арттыру.
  • Мемлекеттік саясатта талдау, сараптама жасау қызметтерін жетілдіру.
  • Шекаралас аймақтарды дамыту. Оның маңызын бағамдау.
  • Жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейтіп, мемлекеттік қызметшілерге көбірек дербестік беру.

Енді осы Президент айтқан мәселелер бойынша қандай жұмыстар атқарылды соған тоқталсақ.

Ұлттық құрылтайдан кейін кадр мәселесінде де айтарлықтай өзгерістер болып, жаңа әрі жас министрлер билік тізгінін ұстады.

Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі жаңа бағытта серпін алып, мәслихаттардың өкілеттіліктері кеңейді.

Шекаралас аймақтағы мәселелер де бірте-бірте шешімін таба бастады. Мемлекет басшысы Жарлығымен Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысында жаңа аудандар құрылды.

2024 жылдың 1 қаңтарында жарияланған ресми құжатқа сәйкес, Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданының әкімшілік орталығы Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданының Үлкен Нарын ауылынан Қатонқарағай ауылына көшірілетін болды. Шекарада тұрған Марқакөл ауылы аудан болып қайта құрылды.

Бұдан бөлек Абай облысының құрамындағы Үржар ауданының құрамынан бөлу жолы­мен әкімшілік орталығы Мақаншы ауы­лында орналасатын Мақаншы ауданы құрылса, Семей қаласының құрамынан Абралы, Айнабұлақ, Ақбұлақ, Алғабас, Ертіс, Новобаженово, Озерка, Приречный, Жиенәлі, Достық, Қараөлең, Көкентау ауылдық округтері мен Шүлбі, Шаған кенттерін бөлу жолымен Семей қаласының аумағында әкімшілік ғимараттарды ор­наластыра отырып, Жаңасемей ауданы пайда болды.

Сонымен қатар Жетісу өңіріндегі адамдардың тығыз орналасуы мен экономикалық әлеуеті ескеріліп Алматы маңындағы Жетіген ауылы жаңа қала мәртебесіне ие болып, Алатау деп аталды. Міне, осындай ауқымды өзгерістер Ұлттық құрылтайдың келелі жиынынан бастау алды.

Ұлттық құрылтайдың үшінші жиыны Атырау қаласында өтеді. Ол туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістандағы жиында айтты.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала