Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.85

Елтаңбаны ауыстыру: Депутаттар қандай ұсыныстар айтуда

Президент Қасым-Жомарат Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысындағы сөзінде Елтаңбаны ауыстыру туралы айтқан еді. Қазіргі кезде осыған қатысты қоғам пікірі екіге жарылды және мәселе жан-жақты талқыланып жатыр. Бірі қазіргі Елтаңбаны даттап, оның өзгертуге қарсылық білдірсе, екіншілер ұлттық белгінің күрделі екенін оған өзгерістер жасау қажеттігін айтып, өздерінің дәлелдері мен дәйектерін ұсынуда. Пікір әр-алуан. Ulys тілшісі Парламент қабырғасында жүріп, халық қалаулыларының Елтаңба туралы пікірлерін жинап, соған шолу жасап көрді.

Бүгін Мәжілісте Еркін Әбіл бастаған «Аманат» фракциясының депутаттары Елтаңбаға қатысты талқылау жүргізу үшін арнайы алаң құруды ұсынады. Олар ұсынысты ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалы арқылы білдірді.

«Жаппай пікірталасты өркениетті бағытқа бұрып, барлық тараптарға дәлелді түрде сөйлеуге, барлық ықтимал артықшылықтар мен ықтимал кемшіліктерді, соның ішінде бюджет шығындарын есептеуді талқылауға мүмкіндік беру керек... Мемлекеттік елтаңбада шын мәнінде тарихи сабақтастық жоқ және Қазақстанның тәуелсіз ұлттық мемлекет ретінде көрсетілмейді. Қолданыстағы Мемлекеттік Елтаңба Қазақ КСР – нің өзгертілген Елтаңбасы. Онда бидай орнына тұлпардың қанаттары, Орақ пен балғаның орнына шаңырақ, ал «ҚазССР» деген жазудың орнына «Qazaqstan» деген жазу қойылған. Бес бұрышты жұлдыз өзгеріссіз қалды», -делінген депутаттар сауалында.

«Аманат»  партиясының депуттары Елтаңбаның қазақстандықтар үшін ғана емес, шетелдіктер үшін де түсінікті әрі қарапайым болуы керек атап өтеді.

Ал депутат Абзал Құспан халық қалаулылары атынан Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады.

«Бұл ұсыныс қоғамның қызығушылығын туғызып, қызу талқылануда. Олардың бір тобы қолданыстағы гербті осы қалпында қалдырайық десе, енді бірі заман талабына сай өзгертейік дейді. Бұл - заңды әрі оң құбылыс. Азаматтық қоғамның белсенділігі мен жетілгенінің көрінісі. Екінші жағынан, жұртшылықтың елдік нышандарға бей- жай қарамайтынын, отаншылдық сезімінің жоғарылығын айқын аңғартады. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, мемлекет гербі сол елдің терең тарихымен, төл дүниетанымымен және алға қойған мұратымен тығыз байланысты болады. Герб атауының өзі «мұра» деген ұғымды білдіреді», - делінген Абзал Құспанның депуттық сауалында.

Сонымен депуттар Елтаңбаны ауыстыру туралы қандай нақты ұсыныстар айтты?

«Аманат» фракциясының депутаттары Үкіметке мынадай ұсыныстар жасады:

Мемлекеттік рәміздерді жаңғырту идеясын талқылау үшін алаң құру, оған қоғам қайраткерлері, геральдикадағы мамандар кіруі тиіс;

Алаңда талқылау үшін мемлекеттік рәміздерді жаңғырту бойынша барлық қажетті материалдарды дайындау, оның ішінде Елтаңбаны ауыстыру процесін қамтитын барлық шығындар бойынша деректерді қамту керек;

«Аманат» партиясының парламенттік фракциясы жалпыұлттық бірегейлікті қалыптастыру процесінде өзінің жауапкершілігін сезіне отырып, Үкіметпен бірлесіп мемлекеттік рәміздерді жетілдіру мәселелерін талқылауды ұйымдастыру бойынша жұмыс жүргізуге дайын.

Ал Абзал Құспан бастаған тағы депуттардың легі мынадай ұсыныстарын алға тартты.

«... Президенттің Гербті қоғаммен талқылау туралы бастамасын қолдай отырып, оны тарихи сабақтастықты, заман сұранысын ескеріп, жетілдіру жайын ойластырған жөн деп санаймыз. Бұл маңызды істі осыған жауапты мемлекеттік органдардың қолға алып, көпшілікпен, тиісті мамандармен, қолданыстағы герб авторымен       жан-жақты талқылау ұйымдастыруын ұсынамын», - деді депуттар.

Бүгінгі Мәжілістің жалпы отырысында палата спикері Ерлан Қошановта аталған мәсеге қатысты пікір білдірді.

«Кейінгі күндері қоғам қызу талқылап жатқан Елтаңба мәселесі өзекті болып отыр. Шынтуайтында, аталған мәселенің талқыға түсуі – қоғамдағы пікір алуандығының көрінісі. Қолданыстағы таңбаның бейнесіне байланысты жастар, қоғам белсенділері тарапынан көтерілген ұсынысқа Президентіміз құрылтайда өз пікірін білдіріп, ортақ, байыпты шешімге келуге шақырды. Мемлекет басшысы осылайша Елтаңба мәселесін ашық талқылауға шығарып отыр», - деді Ерлан Қошанов.

Осы орайда палата спикері геральдика саласының кәсіпқой мамандарының ұсыныстары жете талқылау маңыздылығын және ең бастысы, еліміздің болашаққа ұмтылысын бейнелейтін бірегей атрибутикасына айналуы тиіс  екенін айтты. 

P.S. Еліміздің басты символдарының бірі – Елтаңбаға қатысты талқылау мұнымен бітпесі шындық. Кеше Үкіметтің отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев Елтаңбаны ауыстыруға байланысты шешімді қабылдайтын комиссия құрылатынын айтты.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала