Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.85

Үштаған философиясы - озық әрі табысты елге айналудың басты кілті

Қазақстанда 400 мыңға жуық азамат лудоманияға шалдыққан. Тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткішті Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келтірді.

«Лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіріп, онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып бара жатқанына қынжылады.

«Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады. Біз нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресу үшін кешенді жоспар қабылдадық. Үкімет лудоманиямен күреске қатысты дәл сондай жоспар қабылдауы керек. Құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қою қажет»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұлттық құрылтай құрамына енген Алматы облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі, заң ғылымдарының кандидаты Қазыбек Дәуітәлиевтің айтуынша,   келелі кеңестің атқаратын және атқара беретін миссиясы қоғамдық сананың жаңа мәдени-идеологиялық стандарттарын қалыптастыру болып табылады. Өйткені біз экономиканы алдыға тартып, өмірімізді, тұрмыс-тіршілігімізді, материалдық жағдайымызды жақсартқанымызбен, қоғамдық санадағы өзгерістердің орын алмауы, мәдени стандарттарымыздың тоқырауға ұшырап жатуы көптеген проблемаларды туындатып отыр.

«Алқалы жиында Президент осы күні 400 мың қазақстандық лудоманияға,  яғни құмар ойынға шалдыққанын атап өтті. Бұл тұтас бір облыстың немесе алып шаһардың халқы. Мәселен, Ұлытау облысында 178 000 тұрғын бар, Солтүстік Қазақстан облысында 420 000 адам тұрады. Бұл аз көрсеткіш емес. Түп-тамырына үңілсек, қоғамда бір күнде байып кету деген түсінік қалыптасқан. Әп-сәтте байып кетемін деу - қате ой. Кезінде заңсыз жекешелендіру процесі жүрді. Мұны кезінде академик Салық Зиманов та көп айтты. Бізде жекешелендіру төрт кезең бойынша жүрді. Алғашқы екі кезеңінде халық өз еншісінен қағылды, қыруар байлық ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Қазақстан олигархат елге айналды. Әлеуметтік теңсіздік өте терең бел алып, сызат пайда болды.  Өйткені 167 адам ғана 75% байлықты иеленді, бұл бар қаржы санаулы адамның уысында болды деген сөз. Мұны қоғамдағы әділетсіздіктің ең сорақы түріне жатқызамыз. Сондықтан қазір адал еңбекті дәріптеу идеясы жиі айтылып жатыр. Маңдай термен тапқанды заң арқылы қорғай алатын қоғамды орнатуға тиіспіз. Ол үшін қоғамдағы мәселелерді ортаға салып, жағымсыз салдарларды жоюымыз керек. Лудомания, бұл қоғамдағы бір жарақаттың пісіп жарылған сырты ғана, оның өзегін жарып, уызын, тамырын, соқтасын алу үшін біз ұзақ мерзімді осындай мәдениетімізді қалыптастыру, жаңа стандарттарды белгілеу, құндылықтарды анықтау және сол бағытқа қоғамды жұмылдыру жұмысымен айналысуымыз керек. Президент жастардың құмар ойынға салынып, арзан табысқа ұмтылуына жол бермеуіміз керектігін көтерді. Расында, адал еңбекпен тапқан табыс қана берекелі болады»,- деді Қазыбек Дәуітәлиев.

«Адал еңбек» демекші, Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Президент «Адал азамат» ұғымын қайта жаңғыртып, өлшемін дөп басып сипаттап берген еді. Кешегі Сарайшықтағы келелі кеңесте де «адал» сөзіне қатысты үштаған философиясын алға тартты.  

«Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады. Балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сондай-ақ қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия, вандализм сынды мәселерді көтерді.

«Ашығын айтсақ, қоғамда қатігездік күшейіп барады. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті, ұрып-соғуға дайын тұратындар аз емес. Жедел жәрдем және қоғамдық көлік жүргізушілеріне шабуыл жасалғанын білесіздер. Адамға әлімжеттік көрсету, қорлау дұрыс емес. Мұндай теріс әрекеттерге көз жұма қарауға болмайды. «Ауруын жасырған өледі». Сондықтан біз осы қоғамдық дертті жасырмай, ашық айтуымыз керек. Азаматтар үйде де, түзде де өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Заң мен тәртіп қатаң сақталуға тиіс, яғни қоғамда заң үстемдігі болуы қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің аға оқытушысы Қазыбек Дәуітәлиев те Президенттің бұл сөзін құптайды. Заңгердің айтуынша, Ұлттық құрылтайдың негізгі атқаратын міндеті мен қызметі – жаңа қоғамға лайықты идеологияны қалыптастыру.

 «Қазір қоғамда көп әйел алушылықты контентке айналдырып, арзан күлкі, әзіл-сықаққа ұластырып,  интернеттен, әлеуметтік желіден таралымдар беріліп жатқан жәйі бар. Бұл қоғамдағы мәдениет пен тәрбиенің кемшіндігінен.  Қазір елде отбасылық, тұрмыстық зорлық-зомбылық  көбейіп кетті. Мұның себебін біз әйел мен балаға адам ретінде дұрыс қарай алмауымыздан деп ойлаймын. Мұны адам проблемасы деп басты орынға қоюымыз керек.  Әйелге, балаға әлсіз, қорғансыз зат ретінде қарайтын жабайы кері түсініктен арылып,  тұлға ретінде  қарауымыз керек. Зорлық-зомбылық – қоғам дерті. Оның түбі тым тереңде жатыр. Бастысы – мәдениет мәселесі. Президенттің айтып отырғаны осы. «Ел боламыз десек, мәдениетті түзейік» демекші,  бұл проблемалардың тек қана салдары, ал түптеп келгенде тәрбие, білім, мәдениет мәселелері жатыр»,- деді Қазыбек Дәуітәлиев.

Ғалымның сөзінше,  Ұлттық Құрылтай Қазақстанды біртұтас ұлтқа айналдыруды көздейді. Алқалы жиынның ел азаматтарына беретін артықшылығы көп. Бастысы – қоғамда орын алған түрлі мәселені  талқылау, оның себептерін іздеу, болдырмаудың жағдайларын жасау.

«Меніңше, Ұлттық құрылтай – өте жақсы платформа. Қоғамдағы қордаланған мәселелерді саяси партиялардың, өзге де номенклатуралардың сүзгісінен өткізбей бірден ортаға салып, талқылап, соны іріктеп, жіктеп, жинақтап, бір тұжырым шығаратын алаң. Сондай мүмкіндік жасалды, болды айтатын ойларымызды айтуға да, жеткізуге де жақсы жол, мүмкіндік берілді, соның арқасында жақсы тұжырымдар қолға алынып жатыр»,- деді заңгер.

Президент қазір ресурстарға, инвестицияға, көлік логистикасы мен коммуникацияға қызу талас жүріп, жаһандық бәсеке күшейе түскені туралы баса айтты.   

«Бізге әлемдегі оқиғалар және олардың ұлттық мүддемізге тигізетін әсері туралы кешенді талдау қажет. Бұл – құзырлы мекемелердің, ғалымдар мен саясаттанушылардың міндеті. Еліміз сындарлы диалог, белсенді дипломатиялық және сыртқы экономикалық қызмет арқылы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты дамыта береді. Еуразия кеңістігіндегі және Орталық Азия аймағындағы ықпалдастық үдерістер әрдайым біздің басты назарымызда болады. Қазақстан түркі елдерінің ынтымақтастығын дамытуға өз үлесін қосады»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Саясаттанушы Жомарт Сімтіковтің сөзінше, бұл мәселелер тәуелсіз мемлекетіміздің алдында тұрған  ең ірі және еліміздің болашақ стратегиясына әсер ететін дүние болғандықтан, оған ерекше қарау керекпіз.

«Қазір инвестиция, көлік логистикасы, коммуникацияларға байланысты территориямыз Орталық Азиядағы ірі мемлекеттердің арасында жатқандықтан, көрші мемлекеттермен де, Батыс пен Шығыстың арасын жалғайтын ел ретінде де біз  осы мәселеде өз ерекшелігіміз бен  мүддемізді қорғауды бірінші кезекке қою керекпіз. Құрылтайда Президент еліміз сындарлы диалог, белсенді дипломатиялық және сыртқы экономикалық қызмет арқылы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты дамыта беретінін жеткізді. Бұл ұстаным Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтуға септігін тигізеді.  Сондай-ақ Мемлекет басшысы Еуразия кеңістігіндегі және Орталық Азия аймағындағы ықпалдастық үдерістер әрдайым біздің басты назарымызда болатынын айтты. Ол үшін Орта Азияда, Еуропа мен Азияның арасындағы көпір ретінде біз бұл мәселеде өзіміздің экномикалық және әлеуметтік жағдайымызды нығайту жөнінде үлкен жұмыстар жасауға тиіспіз»,-деді Жомарт Сімтіков.

Саясаттанушының пайымдауынша, Қазақстан Түркі елдерінің ынтымастығын дамытуға өз үлесін қосатындығын тек қана сөз жүзінде емес, іс жүзінде де дәлелдеп жүргендігін байқауға болады.

«Қазір түркі тілдес мемлекеттермен, көршілес елдермен біздің қарым- қатынасымыз өте жақсы дамып отыр және әрі қарай дами береді деп те ойлаймын. Сол себепті елімізді болып жатқан ішкі және сыртқы саясатқа қатысты мемлекеттік деңгейдегі әрбір шешімдердің бәрі іргелі жалпыұлттық мүдделерді негізге алу керектігі айтылды,  шешімдерді қабылдар алдында оның мәні мен салдары туралы дәлелді әрі ғылыми талдау жасалуы тиіс екені тілге тиек етілді. Халықаралық саммиттердің құжаттар арқылы талапқа сай нақты міндеттерін жүктейтін шешімдер құрғақ сөз ретінде қалып қоймай, дер кезінде орындалу қажеттігін баса айтты. Сондықтан ішкі-сыртқы саясатта ешқашан қателікке бой ұрындырмай, даму стратегиялық бағытында жұмыс жасағанымыз жөн деп ойлаймын»,-деді саяси ғылымдарының докторы, профессор Жомарт Сімтіков.

          Сәтбаев Университеті Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы  Ерік Меркібаев бұл Құрылтай бұрынғыдан өзгерек әсер қалдырды дейді.

«Мен бұл жолғы құрылтайдан мүлдем басқа дүниені аңғардым. Өзім де ата мен әженің қолында өскен бала болғандықтан, атаның әкеге, әкенің балаға айтқан ақылы сияқты қабылдадым. Президетіміз мемлекетімізді бір алып адамға теңепті. Ол дегеніміз әрбір адам өзіне осы айтқандарды толық қабылдап, әрекет етсе біз бірігіп тұтас салауатты-сауатты мемлекетке айналамыз. Шынымен ғой, әрбір адам тың тарихымызды ұлағаттаса, ру мен елге бөлінбесе, тілімізді құрметтесе, балаларымызды нашақорлық, лудомания, вандализм сияқты жаман әдеттерден аулақ ұстаса бір адамның дұрыс өмір сүргені! Енді кітап оқуды парасаттылыққа ұмтылудың алғашқы қадамы деп білемін. Осы әдетті мың адам, миллион адам, толық Қазақстан дағдыға айналдырса, бізге сырттан келетін жау да, іштен ірітетін дау да болмас еді. Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін!»,-деді Ерік Меркібаев.

Автор: Жанна Жомарт

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала