Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.85

Эквадорда есірткі мафиясы елде бүлік шығарып жатыр

Эквадор мафиясы президент жариялаған төтенше жағдайға жауап ретінде бүкіл елде тәртіпсіздіктер мен қақтығыстар ұйымдастырды. Есірткі картелінің мүшелері тікелей эфирде телеарнаны басып алып, бірнеше полиция қызметкерін кепілге алды, түрмелерде бүлік шығарды. Бұл туралы ВВС ақпарат таратты.

Жаңа президент Даниэль Нобоа сейсенбі күні 22 мафиялық топты лаңкестік ұйым деп атап, елде ішкі қарулы қақтығыс жүріп жатқанын айтты. 

Бір күн бұрын түрмеден мафиялық топтардың бірінің жетекшісі жоғалып кеткеннен кейін президент Нобоа елде төтенше жағдай жариялады. Төтенше жағдай полиция мен әскерилерге кеңейтілген өкілеттілікті, қоғамдық жиындарға тыйым салуды және коменданттық сағатты қамтамасыз етеді.

Эквадордағы әлеуметтік желі қолданушылары сейсенбі күні көшелердегі қарулы адамдарды, өртенген көліктерді, тіпті жарылыстардың видеолары мен фотосуреттерін жариялады.

Соңғы нақты мәлімет бойынша полиция қақтығыстар кезінде 10 адамның қаза тапқанын хабарлады.

Теларнаны басып алу

Сейсенбі күні бетперде киген бір топ қарулы адам тікелей эфир кезінде Гуаякиль портындағы ТС телестудиясына басып кірді. Олар телеарна қызметкерлеріне еденге жатуды бұйырды. Кадр сыртында атыс пен айқай естілді.

Көп ұзамай тікелей эфир үзілді. Артынша қаруланған адамдар телеарна ғимаратынан шығып, біраз уақыттан кейін полиция олардың барлығы қамауға алынғанын айтып, еденде қолдары байланған адамдардың суреттерін жариялады.

Эквадор полициясының басшысы Сезар Сапата журналистерге 13 адамның ұсталғанын, олардан бірнеше атыс қаруы, екі граната мен жарылғыш зат табылғанын айтты.

Полицияның хабарлауынша, телеарнаның барлық қызметкерлері аман.

Полиция мен әсерилерге шабуыл

Эквадор және халықаралық баспасөздің хабарлауынша, дүйсенбі және сейсенбі күндері елдің әр аймағында, оның ішінде ел астанасы Китода жеті Эквадор полициясының қызметкері кепілге алынған.

Куэнка қаласында белгісіз біреулер әскери жүк көлігіне қолдан жасалған бомба лақтырған. Полицияның хабарлауынша, Эсмеральда провинциясында үш рет жарылғыш зат қолданылған.

Эквадордың тағы бірнеше жерінде жарылыс болды.

Бірнеше қалада қарақшылар көліктерді өртеп жіберді. Сонымен бірге Китода полиция отқа оранған бір көліктен газ баллондарын тапты, қылмыскерлер оларды жарылуы мүмкін деп күткен болуы мүмкін.

Түрмедегі тәртіпсіздіктер

Эквадордың 24 провинциясының алтауындағы түрмелерде тәртіпсіздіктер болды, кейбір жағдайларда күзетшілер кепілге алынды, деп хабарлады Эквадор түрме басшылығы SNAI.

Арнайы полиция мен әскери жасақтар Эль Оро, Лоха, Чимборасо, Сотопаши, Асуай және Пичинча провинцияларындағы түрмелердегі тәртіпсіздіктерді басуға мәжбүр болды. Артынша әскерилер түрме аулаларында сарбаздардың қоршауында тұрған жартылай жалаңаш тұтқындардың суреттерін жариялады.

Президент Нобоа түрмедегі тәртіпсіздіктер - оның түзеу мекемесін бақылауға алу әрекетіне мафияның реакциясы екенін айтты.

Бүлік неден басталды

Өткен жылдың қазан айында Эквадордағы президент сайлауында жеңіске жеткен Даниэль Нобоа елде орын алған қылмыс толқынын ауыздықтауға уәде берді.

Эквадор ұзақ уақыт бойы өзара шиеленістері бар екі ірі кокаин өндіруші ел - Колумбия мен Перудің ортасында тіршілік етіп келе жатқан тыныш арал. Бірақ соңғы жылдары есірткі мафиясының топтары бұл елде де күшейді.

Эквадорда кісі өлтіру көрсеткіші 2018-2022 жылдар аралығында төрт есеге өсті. 2022 жылы 17 миллион халқы бар елде 7800 адам қаза тапты. Сол жылы полиция 220 тонна есірткі тәркіледі.

Түрмелердегі қанды қақтығыстар бөлек мәселеге айналды: 2021 жылдың ақпан айынан бері 460-тан астам тұтқын қаза тапты.

Британдық Financial Times газеті жазғандай, мафия Эквадорда 2007-2017 жылдар аралығында билік еткен солшыл президент Рафаэль Корреа тұсында тамыр ала бастады. Оның тұсында билік Тынық мұхитындағы Эквадор порттары арқылы есірткі тасымалына көз жұма қарады.

 

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала