Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

Премьер-Министр мектепке дайындық мәселелері бойынша бірқатар тапсырмалар берді

Санаулы күндерден соң жаңа оқу жылы басталады. Ата-аналар балаларының мектеп формасы мен аяқ киімдерін, оқу құралдарын түгендеу қамына кірісті. Алайда олардың бағасы ең өзекті мәселенің бірі болып отыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Әлихан Смайылов өзінің facebook парақшасында жазды.

 

«Әлбетте, баға саясатына әлемдік логистиканың қымбаттауы, шикізат пен қызметтердің құны тікелей әсер етеді. Бірақ Үкімет пен әкімдіктерде қазақстандықтар үшін қаржылық шығындарды жеңілдетуге мүмкіндік беретін механизмдер бар», - деп атап өтті Ә. Смайылов.

 

Оның жазуынша, осы аталған мәселе бойынша бірқатар шұғыл шараларды қабылдау тапсырылған.

 

«Біріншіден, мектеп формасына бағаны ұстап тұру үшін Индустрия министрлігі «Атамекен» ҰКП-мен және әкімдіктермен бірлесіп, Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының, ірі тігін цехтары мен ательелердің өкілдерімен келіссөздер жүргізеді;

 

Екіншіден, Сауда министрлігі «Атамекен» ҰКП-мен және әкімдіктермен бірлесіп, ірі сауда орталықтарымен және базарлармен канцеляриялық тауарларға, сөмкелер мен аяқ киімдерге және басқа да керек-жарақтарға бағаларды ұстап тұру мәселелерін пысықтайды;

 

Үшіншіден, әкімдіктер «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, облыс және аудан орталықтарында, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында төмендетілген бағамен мектеп жәрмеңкелерін, сондай-ақ жылжымалы мектеп автодүкендерінің шалғай ауылдарға шығуын ұйымдастырады;

 

Төртіншіден, әкімдіктер аз қамтылған отбасыларға мемлекеттік органдар мен бизнес-құрылымдарды атаулы көмек көрсету үшін бекітіп беретін болады;

 

Бесіншіден, бүгінгі таңда мұқтаж отбасыларды қолдау үшін құрылған «Жаппай оқыту» қорына өңірлердің бәрі бірдей қаражат бөліп отырған жоқ. Сондықтан әкімдерге аталған жобаны қажетті көлемде қаржыландыруды қамтамасыз ету тапсырылды», - делінген Премьер-Министрдің жазбасында.

 

Сондай-ақ, Ә.Смайылов аталған мәселелерге байланысты мемлекеттік органдар мен әкімдіктер өзі белгілеп берген бағыттар бойынша жұмыс істеуі керектігін баса айтты. Бұл мәселе Үкіметтің бақылауында болады.

 

 

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала