Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

ҚОЖАЛЫ ҚАНДЫ ОҚИҒАСЫНА 30 ЖЫЛ ТОЛДЫ

Осыдан тура 30 жыл бұрынғы Қожалы елді-мекеніндегі қанды қасаптың әлі күнге дейін жергілікті тұрғындар үшін қорқынышты түс, ал қалған көпшілік үшін қайғы жұтқан қаралы күн болып табылатындығы рас.

1992 жылы 26 ақпан түні бұрынғы КСРО-ның 366-шы мотоатқыштар бөлімшесінің тікелей қатысуымен және жергілікті тұрақсыз әскерилердің қосалқы көмегімен Арменияның қарулы күштері Әзербайжанның Таулы Қарабақ аймағындағы Қожалы қаласына баса-көктеп кірді.

Шабуыл нәтижесінде 613 бейбіт тұрғын, олардың қатарында 63 бала, 106 әйел мен 70 қария өлтірілді. Қолдан жасалған қырғын үстінде 487 адамның денелері жауыздықпен бөлшектенді, тіпті кейбірі тірілей өртеліп, кейбірінің бастарын кесіп алған, тағы біреулеріне ауыр дене жарақаты салынса, кейбірінің бас терісі тірідей сыпырылды. 1000-ға жуық бейбіт тұрғын ауыр жараланып, 1275 адам тұтқынға алынды.

Қожалының 150-ге жуық тұрғыны әлі күнге дейін іс-түссіз жоғалғандар қатарында. 8 отбасы толығымен қырылып, 25 бала тұл жетім, тағы 130 бала жартылай жетім атанды.

Халықаралық соттар мен ұйымдар Қожалыдағы оқиғаның қатыгездігін және қылмыстың бар ауырлығын толығымен мойындады. Қасіретті оқиғадан бірнеше апта өткен соң, 1992 жылдың 11 наурызында Еуропа Кеңесінің министрлер комитеті декларацияда «жақын арада орын алған жаппай адам өлтіру мен қатыгездікке» қатты алаңдаушылық білдіріп, Таулы Қарабақ аймағының тұрғындарына қарсы бағытталған «зорлық-зомбылық» әрекеттерін қатаң түрде айыптады. Бірақ 30 жыл өтсе де қанды қырғынның жергілікті тұрғындардың жүрегіне салған жарасы әлі жазылған жоқ...

Қожалы оқиғасына 30 жыл толуына орай Нұр-Сұлтан қаласындағы Әзербайжан елшілігінде арнайы шара өтті.

Шарада Әзербайжанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ағалар Атамоғланов сөз сөйлеп әзербайжан халқы үшін қаралы күн туралы айтты.

«Қожалыдағы болған қайғылы оқиға көп жылдан бері әзербайжан халқының жүрегіндегі жара. Қанды оқиғаға 30 жыл өтсе де ол туралы айту әлі де ауыр. Әзербайжанға Гейдар Әлиев басшы болып келгеннен кейін ғана Қожалы трагедиясы өзінің саяси-құқықтық бағасын алды. Әзербайжан Парламенті 26 ақпанды «Қожалы геноциді» күні деп бекітті. Содан бері әлем елдеріне осы күнді әзербайжандықтардың қайғылы күні ретінде көрсету шаралары жалғасып келеді», - деді Елші.

Сондай-ақ шарада Қожалы қырғынына қатысты тарихшылар, саясаткерлер Қожалы қырғыны туралы тарихи деректермен бөлісті.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала