Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

ТРАМП ӘКІМШІЛІГІ ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА ЖАҢА СТРАТЕГИЯ ДАЙЫНДАУДА

Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді АҚШ-қа ресми сапармен барып қайтты. Вашингтонда екі күнге ұласқан  сапарға АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның шақыруы негіз болған. 

Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары екіжақты қатынастардың барлық спектрі бойынша көп жоспарлы өзара іс-қимылмен сипатталатын кеңейтілген стратегиялық әріптестікті дамытуға ниетті. М. Тілеубердінің Вашингтон қаласына сапарының бағдарламасы Мемлекеттік департаменттегі өзінің әріптесі М. Помпеомен екіжақты кездесуінен басталған. «Біз сенім мен өзара түсіністік рухында дамып келе жатқан АҚШ-пен ынтымақтастығымызды одан әрі кеңейтуге үлкен мән береміз. Осының арқасында Қазақстан мен Құрама Штаттар кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне жетті, ол ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы қаңтардағы Вашингтонға ресми сапарының қорытындысы бойынша бекітілді», - деді Қазақстан СІМ басшысы.

Қазақстанның АҚШ-пен өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға бейімділігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылғы қыркүйекте Нью-Йоркке жасаған сапары барысында атап өтілді. «Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекет, оған Құрама Штаттар өңірдегі сенімді серіктес ретінде сенеді. Біз сіздің еліңізді өңірлік қауіпсіздікті қолдаудағы басты серіктес деп санаймыз», - деді Мемлекеттік хатшы М. Помпео

Сапар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 28 жылдығын мерекелеу қарсаңында өтуде. АҚШ Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған және біздің елде өзінің дипломатиялық өкілдігін ашқан алғашқы мемлекеттердің бірі болды. Сол күні Министр М. Тілеуберді Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің басшылығымен және Қазақстанның «достар тобындағы» АҚШ конгрессмендерімен келіссөздер жүргізді. Сыртқы саяси күн тәртібіндегі экономикалық дипломатияның басымдылығын ескере отырып, СІМ басшысы Дүниежүзілік банктің Вашингтондағы штаб-пәтеріне барды. Еуропа және Орталық Азия бойынша Вице-президенті Сирил Мюллермен кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Банк тобының қаржы институттары арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. С. Мюллер Дүниежүзілік Банктің Директорлар кеңесі 2020-2025 жылдарға арналған Дүниежүзілік банктің елдік серіктестік стратегиясын мақұлдағанын хабарлады. Тараптар сондай-ақ 2020-2024 жылдарға ауыл шаруашылығын дамыту саласындағы бірлескен жобаны талқылады. Экономикалық ынтымақтастық дәстүрлі түрде Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі болып табылады. 2019 жылғы қаңтар-қазан аралығында екі ел арасындағы тауар айналымы 1,8 млрд. долл. құрады. Қазақстаннан АҚШ-қа экспорт 682 млн. долл., ал АҚШ-тан Қазақстанға импорт - 1,1 млрд. долл. жетті.

2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға американдық инвестициялар 5.3 млрд. АҚШ долл. жетті. Тұтастай алғанда, АҚШ-тан ҚР экономикасына тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 2005 жылдан бастап шамамен 40 млрд. долл. құрады.

Екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту аясында, Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы қарсаңында Министр М. Тілеуберді АҚШ Конгресінің кітапханасына барып, қазақ әдебиетінің екі томдық антологиясы мен ұлы ақынның қара сөздер кітабін салтанатты түрде табыс етті.

1800 жылы құрылған АҚШ Конгресінің кітапханасы әлемдегі ең ірі болып табылады және 450-ден астам тілдерде 38 миллионға жуық кітап пен басқа да баспа материалдары бар.

         Бұл сапарда мәлім болған тағы бір жәйт, АҚШ Орталық Азияға қатысты жаңа стратегиясын жарияламақ екен. Azattyq.org сайтының хабарлауынша, АҚШ мемлекеттік департаменті өкілі Дональд Трамптың әкімшілігі Орталық Азияға қатысты жаңа стратегия дайындап жатқанын мәлімдеген. Сайт тартқан ақпратта «Мемлекеттік департамент өкілі АҚШ-қа барған Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесуден соң баспасөз мәслихатын өткізіп, биыл Вашингтонның Орталық Азиядағы бес елмен қарым-қатынасы “жанданғанын” айтқан. Шілдеде АҚШ делегациясы төрт жылда алғаш рет Қырғызстанға барған. Қарашада мемлекеттік департамент Түркіменстан сыртқы істер министрі Ришад Мередовті қабылдаған. Мемелкеттік департамент өкілінің сөзінше, АҚШ келесі жылы көктемде Тәжікстан мен Өзбекстан делегациясымен кездесуді жоспарлап отыр. Ресурсқа бай Орталық Азияға Ресей мен Қытай ықпал еткісі келеді. Бұл аймақтың тыныштығына Ауғанстандағы содырлар да қауіп төндіріп тұр. Қытай Орталық Азия елдеріне экономикалық әрі саяси ықпалын күшейтуге тырысып жатқан тұста АҚШ та бұл аймақтағы елдермен дипломатикалық қарым-қатынасты кеңейтпек. Пекин Шыңжаңнан қашқан мұсылмандарды да кері қайтару үшін қазір Орталық Азия елдеріне қысым жасауға тырысып отыр. 2017 жылдың көктемінен бері Қытайдың Шыңжаң өлкесінде мұсылмандар, оның ішінде қазақтар мен қырғыздар “саяси лагерьге” қамалғаны туралы хабар тарап жатыр. Батыс елдері Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын сынайды» деп жазылған.

 

Суреттер mfa.gov.kz сайтынан алынды.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала