Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

«АЛТЫН АДАМ» АНАДОЛЫДА

Қазақ тарихының тереңдігі мен бабалар жасаған өркениеттің өресінің биіктігін көрсететін «Алтын адам» Анадолы жерінде. Түркияның астанасы Анкара қаласындағы Анадолы өркениеттер музейінің көрме залында ҚР Ұлттық музейінің «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесі ашылды. «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» атты  халықаралық жоба аясында жүзеге асты.

Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің ақпаратына қарағанда, Еуропаның ең үздік музейі деп танылған  Анадолы өркениеттер музейінде өткен көрменің ашылу салтанатына Түркия Республикасы мәдени құндылықтар және музейлер басқармасы директорының орынбасары Сейіт Ахмет Арслан, Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Қазақстанның Ұлттық музейі директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы мен ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов қатысқан. Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы өз сөзінде «Қазақстанның «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында Анкараның төрінде, Түркияның ең маңызды музейлерінің бірінде өткізіліп отырған осы мағыналы шараға қош келдіңіздер!
«Алтын адамның әлем мұражайларына шеруі» халықаралық көрме жобасының бауырлас Түркияға келіп жеткені баршамызды ерекше қуантып отыр. «Ұлы дала тарихы және мәдениеті» атты осы көрме арқылы ұлтымыздың баға жетпес қазынасын тамашалаудың таптырмас мүмкіндігіне ие болып отырмыз. Осы іс-шара арқылы түрік көрерменінің де қазақтың бай тарихи және мәдени мұрасымен танысып, тәнті боларына күмәнім жоқ» -деді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» турнесі аясында көрме бұған дейін Беларусь, Ресей, Әзірбайжан, Қытай, Польша, Оңтүстік Корея, Татарстан, Өзбекстан және Солтүстік Македония музейлерінде өткен болатын. Қазақстан Республикасы Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы, көрмеге киімі алтын жапсырмалары және жебе, қар барысы, арқар, жылқы және құс түріндегі алтын тілімшелер әшекейлеп тұрған конус пішінді ерекше бас киімді Алтын адамның реконструкциясын және осы жас сақ жауынгерімен (археологтар пікірінше, 17-18 жастағы) бірге жерленген ерте темір дәуіріндегі (б.д.д. V-IV ғасыр) археологиялық жәдігерлер қойылғанын өз фейсбук парақшасына жазды. Сондай-ақ ол көрмеге Қазақстан Республикасының Ұлттық музей қорларынан 207 зат ұсынылғанына тоқтала келе, «көрмеге қойылған Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық өнерінің жауһарлары - бұл Еуразия дала мәдениеті мұрасының өзіндік ерекшелігін бұрынғының есімдері белгісіз шеберлерінің туындыларының аз ғана бөлігі. Көрмеге келген қонақтар Қазақстанның көне мәдениетіне, шеберлердің өнеріне тамсанып, ерекше әсерленіп шығуда»,-деп жазды. Шара аясында Қазақстан мен Түркияның бас музейлері арасында ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойылды. Көрме 12-ші қазанға дейін болады.

 

 

Суреттер Қазақстанның Түркиядағы Елшігінің фейсбук парақшасынан алынды.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала