Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

«ASHYQ ALAŃ» — АЙРЫҚША ЖОБА

Осы апта қазақ телевизиясы тарихында жөн-жосығы ерек, мəн-мазмұны бөлек ерекше жобаның тұсауы кесілді. Дүйсенбіден бастап «Qazaqstan» Ұлттық арнасынан көрермендерге тікелей  эфирде жол тартқан «ASHYQ ALAŃ» деп аталын қоғамдық-саяси ток-шоуы алғашқы күннен-ақ жарқы етіп шығып, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.    

Соңғы жылдары мемлекеттік ақпарат құралдарына бақылаудың күшеюі немесе «орындықшыл» медиа менеджерлердің әсіре сақтығы мемлекет қаржыландыратын ақпарат құралдарына деген сенімге селкеу түсірді. Соның салдарынан жұрт жаппай әлеуметтік желіге көшіп, кім не жазса, соны оқитын болды. Дерек-дәйегі жоқ, бір адамның ой-қиял, болмас-болжамына негізделген ақпараттар легі көрерменнің талғамын таяздатып, ой-жүйесіне салқынын тигізді. Сапалы ақараттар легі тым аз. Сондықтан қазіргі кезде дәстүрлі медиаға әсіресе, мемлекеттен қолдау көріп отырған медиаларға халықтың әлсіреген сенімін қайта күшейтіп, жаңаша форматта түлеу ең басты мақсат болса керек.

Биыл «Qazaqstan» Ұлттық арнасының жаңа маусымға дайындаған 14 жаңа жобасының ішінен «ASHYQ ALAŃ» қоғамдық-саяси ток-шоуы алғашқы күннен-ақ дараланды. Эфирге жол тартқан сәтте биліктің жырын жырлайтын, пропағандалық соқпақтағы көп бағдарламаның бірі болатын шығар деп күмәнмен қарағанымыз да рас. Бірақ, атына заты сай болып, бағдарламада қоғамдық мәселелердің өткір айтылып, бүкпесіз ашық талқылануы көңіл қуантты. Студияның декорациясы мен безендірілуінде де айрықша мəн бар, соны форматпен үйлесім тапқан. Алты спикер қатысатын, тікелей эфирде шығатын, студия көрермендерінің сұрағы мен телефон арқылы қойылатын сауалы бар, ең бастысы-күнде шығатын мұндай бағдарламаны басында көз алдымызға елестете алмағанбыз. 
Көп бағдарламалардың бағын жүргізуші ашып жатады. Бұған дейін бірталай бағдарлама арқылы көрермен көзайымына айналған, көзіне цензураның қамшысы тимеген Нартай Аралбайұлы əдеттегідей "жандырды". Бір сағаттай уақыттың қалай зыр ете қалғанын байқамаппыз. Арасында көреременнің көкейіндегі сауалды қоюға арналған "Ашық микрофоны" да ерекше. Тікелей эфирге көрермендер қоңырау шалып та сауалдарын қойып жатты, Ал скайф арқылы да тиісті адамдармен байланыс орнатылып, эфирден мезетінде көрсетіліп отырды. Тіпті көрермендер көкейдегі сұрақтарын бағдарламаның арнайы ватсап нөмірі арқылы да, бағдарламаның ресми парақшасы арқылы да қоя алатыны сүйсінтті. Аудиториямен байланыста мін жоқ. Бұның бәрі ұжымның, айналып келгенде үлкен дайындықтың жемісі. Ток-шоудың мақсаты - қоғамдағы саяси-әлеуметтік мәселелерді, елдің саяси өміріндегі түйтікілді тақырыптарды көпшілік талқысына салу. Атап айтқанда, ел өміріндегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік оқиғалар мен сан саладағы өзекті де өткір мәселелер бағдарлама тақырыбына арқау болып, арнайы шақырылған спикерлер терең талқыға салады. Бұрындары мұндай бағдарламаларды Түркия, Ресей, АКШ, Украина сынды елдердің арналарынан көріп, қызығып қана қоятынбыз. Енді міне, олардан артық болмасақ, кем емес екенімізді көріп қуанып отырмыз.

Бұл «Қазақстан» телерадиокорпорациясының жаңа басшысы Ләззат Танысбайдың әрбірден соң Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың үлкен ұтысы. Билік пен халықтың арасындағы диалогты арттырып, өзекті мәселелерді бірге талқылауға жасап отырған нақты қадам. Бағдарлама ары қарай да дамып, жаңа деңгейге көтеріле береріне сенім мол. Жаңа бағдарлама халқымызға қайырлы болып, ұзағынан сүйіндірсін! Төменде «ASHYQ ALAŃ» жобасына қатысты біраз адамның пікірін бергенді жөн көрдік. 

Мұрат ӘБЕНОВ, қоғам қайраткері

Демократиялық өзгерістер елімізде басталғаннын қалай білеміз? 
Оның бір көрінісі - БАҚ жұмыстарының ашықтығынан байқалу керек. Әсіресе, мемлекеттік телеарналарда сөз еркіндігі болса.... 
Бүгін "Қазақстан" арнасында "Ашық Алаң" жаңа пікір алмасу ток-шоу бағдарламасының тұсаукесері өтті! Тікелей эфирде – цензурасыз, монтажсыз шығады екен. Ашық десе ашық түрде пікір айту мүмкіншілігі бар, сөзді, ойды шектемеді. Маған бұл бастама ұнады! Бізге осындай хабарлар көптеп керек. Сол арқылы азаматтардың қоғамдық саяси сауаттылығы жоғарылайды. Билікке де жақсы - қоғамдағы жағдайды өз аузынан бүкпесіз біліп отырады. 
Жұрналист Нартай Аралбайұлы мықты екен, ашық пікір айтуға тартады, өзі тақырыпты жақсы түсінеді, және сын көзқарастарды шектемейді. 
Жаңа жобаға сәттілік тілегім келеді. 
"Қазақстан" арнасына осындай жаңа жобаларды көбірек эфирге шығаруды ұсынамын. Сонда тарап кеткен көрермендер фейсбуктен телеарнаға қайта оралар. Ойын-сауық, өсек-аян, әзіл- сықақ хабарлардан азаматтар шаршағаны қашан... Қоғамға пайдалы өзекті ақпарат керек.

Айгүл ОРЫНБЕК, белгілі блогер, Ұлттық кеңестің мүшесі

Биліктің беті бері қарап жатыр. 
Бұрын осындай үлкен мәселелерді қозғап, шығарған эфирлерімді шығармай қойған жеке телеарналар. Ал ұлттық арна бұл жолы сенсация жасады. "Ашық алаң" бағдарламаны ойлап тапқан, шығарған адамға да үлкен рахмет! Хабардың ертегісін тыңдап шаршаған халық, бүгін экран бетіне жиналды деп ойлаймын! Соңына дейін сенбедім эфирге шығаратынын. Арыстықтардың мәселесі бір эфирмен бітпейді. Бұл тақырыпқа қайта ораламыз "Ашық алаңға " деген үміттемін! Президент Тоқаев шынында да өзгеріске дайын екен....

Мұхамеджан ТАЗАБЕК, «Асыл арна» телеарнасының бас директоры

Нартай Аралбайұлы жүргізетін "Ашық алаңды" түннің бір уағында көріп отырмын... Ынсапты, түсінікті, жан-жақты жақсы бағдарлама болды. Ақырына дейін көрдім. Біраз ой түйдім. Осындай деңгейлі бағдарламалардың жолы болсын!

 

 

Суреттер фейсбуктен алынды.

 

 

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала