Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

Рашад МАММАДОВ: Екі елдің халқы ең қиын сәттерде бір-біріне үлкен қолдау көрсетіп отырды

Қазақ-әзербайжан халқының ортақ тарихының тамыры тереңнен бастау алады. Сондықтан да қилы кезеңдерде бір-бірінің қасынан табылып, қолдау көрсетуі заңдылық. Өткен ғасырда тәуелсіздік алған қос елдің бауырластық байланысы берік стратегиялық ынтымақтастықпен күшейді. Осы орайда Әзербайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рашад Маммадовтың туыс мемлекеттердің ежелден келе жатқан мызғымас бірлігі туралы құнды деректерге толы мазмұнды мақаласын назарларыңызға ұсынамыз. Терең сараптама Әзербайжанның сыртқы саяси ведомствосының 100 жылдығына арналады.

 

 

Баршамызға мәлім, Әзербайжан осы жылы айтулы оқиға — Әзербайжан дипломатиясының 100 жылдық мерейтойын атап өтеді. Бір жыл бұрын бүкіл мұсылмандық Шығыстың тұңғыш демократиялық республикасы - Әзербайжан Демократиялық Республикасының (ӘДР) құрылғанына 100 жыл толған еді. Аталған кезеңнің қиын да күрделі саяси шарттары мен ірі державалардың аймақ үшін жүргізген аяусыз күресі Әзербайжанның белсенді дипломатиялық жұмыс жүргізуін қажет етті. Осындай қиын шарттарда Сыртқы істер министрлігі құрылды (СІМ). Сыртқы саяси құрылымның жұмыстары мыңжылдық саяси дәстүрі мен тереңге тамыр тартқан тарихына сүйенген болатын. Сол кезеңде дипломатиялық салада қол жеткізген жетістіктер мұның жарқын дәлелі бола алады.

pastedGraphic.png

Осылайша, ӘДР әртүрлі кезеңдерде Әзербайжан территориясында орын алған бай саяси мектептің заңды мұрагеріне айналды. Бұл жерде Кавказ Албаниясы, көне ғұн, тәңіршілдер (көктүріктер), салжұқтар, ақ қойлылар және сафауилердің империясы секілді мемлекеттердің дипломатиялық тәжірибесі меңзеліп отыр. ӘДР жаңа халықаралық шарттарға тез бейімделді. Бұл жайт оның салиқалы ұстанымы мен бай дипломатиялық мұрасын көрсетеді...

Әзербайжан СІМ-інің ең басты міндеті - әлемдік қауымдастықтың ӘДР-ді ресми түрде тануын қамтамасыз ету болды. Париж бітім конференциясында осы бағыттағы келіссөздердің табысты түрде аяқталуы сыртқы саяси ведомствоның ірі жеңісіне айналды. Өкінішке орай, 1920 жылдың сәуір айында большевиктік Ресейдің әскери басқыншылығы салдарынан ӘДР құлады. Алайда, тұңғыш Республиканың идеялары ұмытылған жоқ. Сондықтан 1991 жылы Әзербайжанның тәуелсіздігін қайта қалпына келтіру кезеңінде Әзербайжан дипломатиясы өзінің қайта жандану дәуірін бастан өткерді деуге болады. Осылайша, ӘДР-дің сыртқы саяси ведомствосының тәжірибесіне қайта қажеттілік туындады.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміз үшін аса қиын кезең болды. Көршілес Армения әскери басқыншылық жасап, Әзербайжанның байырғы территорияларын басып алды. Осындай шарттарда СІМ-нің басты міндеті - әскери басқыншылық туралы ақиқатты әлемдік қауымдастыққа жеткізіп, Әзербайжан территорияларына қарсы бағытталған басқыншылық әрекетке тосқауыл қою болды.

1993 жылы әзербайжан халқының жалпы ұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиев билікке қайта оралғаннан кейін СІМ-нің жұмыстары жаңа серпін алды. Халықтың ыстық ықыласы мен зор құрметіне бөленген мемлекет қайраткері қысқа мерзім ішінде сыртқы саяси ведомствоның озық дәстүрлерін қайта қалпына келтіріп, оның алдына маңызды міндеттер қойды. Әзербайжанның сыртқы саясатының концепциясы мен басымдықтары айқындалып, ӘДР Сыртқы істер министрлігінің жетістіктерін тану арқылы дәстүр жалғастылығы көрініс тапты.

Гейдар Әлиев Әзербайжан сыртқы саясатының құрамдас бөлігі ретінде мұнай-газ стратегиясының да негізін қалады. Осының арқасында шетелдегі армян лоббиі жүргізген мақсатты дезинформациялық амал-әрекеттер салдарынан 1990 жылдардың басында қалыптасқан жағымсыз көзқарас қысқа мерзім ішінде өзгерді.

1994 жылы «Ғасыр келісім-шартына» қол қойылғаннан кейін тәуелсіз Әзербайжанның тарихында жаңа ұлттық мұнай стратегиясын жүзеге асыру дәуірі басталды. Шетелдік мұнай компанияларымен келісімдерге қол қойылып, елге трансұлттық инвестициялар тартылып, әлем мемлекеттерінің Әзербайжан экономикасына қызығушылығы артты. «Ғасыр келісім-шарты» Әзербайжанның халықаралық байланыстарының кең қанат жаюына мықты серпін берді.

Әзербайжан барлық бағыттарда белсенді сыртқы саясат жүргізе бастады. Бұл саясаттың басты бағыттарының бірі - бауырлас Қазақстанмен байланыстарды нығайтып, дамыту болды.

 

Әзербайжан - Қазақстан: ортақ өткеннен жарқын болашаққа бірге

 

Қазақстан мен Әзербайжан халқының генетикалық шығу тегі, салт-дәстүрі, тілі мен діні бір. Бұл құрамдас бөліктер - екі бауырлас елдің қарым-қатынастарының негізі. Мыңдаған жылдар бойы әзербайжандықтар мен қазақтар арасында қандай да бір қақтығыс болған емес, ал бұл - әлемдік практикада өте сирек кездесетін жайт.

Тарихтың әртүрлі кезеңдерінде Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы байланыстарды нығайта түсуге сеп болған маңызды оқиғаларды ерекше атап көрсетуге болады. Бұл байланыстар тек ресми тұлғалардың өзара әрекеттестігі деңгейімен шектеліп қоймай, қарапайым халықтың жүрегінен де орын тапқан болатын. Бұл тұрғыда, тәуелсіздігімізді алмастан көп бұрын халықтарымыз арасында қалыптасқан өзара көмек беру мәдениеті еліктеуге тұрарлық ерекше үлгі-өнеге болып табылады.

Мұның ең жарқын үлгісі - 1911-1913 жылдары шығып тұрған «Қазақстан» газеті. Аталмыш мерзімді басылымда қаржылық қиындықтар туындаған кезде баспагерлер танымал әзербайжан меценаты Қажы Зейналабдин Тагиевтен жәрдем сұрап, өтініш жасайды.

Осы оқиғадан бір жыл өткеннен кейін газеттің баспагерлері былай деп жазады: «Өткен 1911 жылғы мамыр айының басында халық арасындағы талқылаудан кейін қабылданған шешім бойынша «Қазақстан» газетінің жұмысын жолға қою үшін, біз, екі кісі, Алланың мейрімін медет етіп, Баку қаласында тұратын Қажы Зейналабдин Тагиевқа жол тарттық. Бұл ойымыздың бос әурешілік екенін айтқан кісілер аз болмады. Бірақ біздің жолымыз сәтті болып, ниетіміздің орындалуын шын жүректен тілеп, дұға еткен жандардың да бар екенін жақсы білдік.  Алла солардың тілегін қабыл алып, біздің таза ниетімізді қолдады. Қажы біздің өтінішімізді қанағаттандырды. Ол «Қазақстанға» көмек ретінде мың рубль берді, сондай-ақ өзінің әкелік тілегін айтып, қазақ халқына қасиетті Құран кітабының үш данасын сыйға тартты. Қоштасып жатқан кезде ол көңілі босап, толқып: «Бүкіл қазақ халқына менің сәлемімді жеткізіңдер. Байлық маған емес, халыққа тиесілі», - деді».

pastedGraphic_1.png

З.Тагиевтің соңғы сөздері меценаттың аталмыш газетке өз атынан емес, бүкіл әзербайжан халқының атынан жәрдем бергенін, сондай-ақ халықтарымыз арасындағы рухани байланыстың сол кезеңдердің өзінде-ақ терең тамыр жайғанын көрсетеді.

1917-1920 жылдарда екі халықтың өзара көмегі өз жалғасын тапты. Қаржылық мүмкіндіктерінің шектеулі болғанына қарамастан ӘДР Түркістан аймағында өзінің дипломатиялық өкілдігін ашып, ол жерге тәжірибелі саяси қайраткер Алекпербек Садыговты тағайындады. Бұл тарихи факт біздің еліміз үшін бауырлас Қазақстанмен қарым-қатынастың қаншалықты маңызды екендігінің жарқын дәлелі болып табылады.

Бұл мәселеде басқа да мысалдар баршылық. Мәселен, 1918 жылдың басында Түркістан Үкіметін басқарған Мұстафа Шоқай большевиктік Ресейдің әскери басқыншылығынан кейін Кавказға кетуге мәжбүр болды. Ол Бакуде болып, ӘДР-ге қолдау көрсетті. Ұлы тұлғаларымыздың ұлт тәуелсіздігі жолындағы ынтымақтастығы мен достығы эмиграция кезінде де жалғасын тапты. Кейін олар Еуропада «Прометей» ұйымын құрып, эмиграцияда большевизмге қарсы бірлесе күрес жүргізді.

М.Шоқай Парижде тұрған кезінде әзербайжандық саяси эмигранттар - ӘДР-дің негізін қалаушы Мәмед Емин Расулзаде, Әлимардан бек Топчубашов және Жейхун Гаджыбейлімен кездесіп тұрды. М.Шоқай Еуропада 1929-1939 жылдары шығып тұрған «Яш Түркістан» журналында әзербайжандық саяси эмигранттардың мақалаларын кең түрде жариялады. Бұл журнал тек Түркістанның ғана емес, бүкіл түркі халықтарының ұлт-азаттық қозғалыстарына қатысты мәселелерді көтеріп отырды.

1934 жылы Парижде Әлимардан бек Топчубашовты жерлеу рәсіміне қатысқан М.Шоқай бүкіл түркі халықтары атынан аталмыш тұлғаға деген зор құрметін: «Ол үнемі отанын, халқын ойлады. Ол нағыз күрескер болатын... Біз, Түркістанның түркі халықтары Әлимардан мырзаны түркі әлемінің көрнекті мемлекет қайраткері ретінде танимыз. Әлимардан мырза секілді тұлғалар Түркістанның, Қазанның, Қырымның түркі халықтары болсын, Әзербайжанның түркі халықтары болсын, оларды бөле-жармай бірдей қарады», - деген сөздерімен білдірген болатын.

Өкінішке орай, кеңес дәуірінде біздің халықтарымыздың ауыр сынақтарды, әсіресе, саяси репрессияны бастан өткеруіне тура келді. Бауырлас Қазақстанда жүргізілген мұндай сорақы саясаттың белсенді жетекшілерінің бірі - Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Левон Мирзоян еді. Ол 1925-1929 жылдары Әзербайжанның КП ОК-тін басқарып тұрғанда да әзербайжандық зиялы қауымға қарсы дәл осындай репрессия саясатын жүргізген болатын.

1937-1938 жылдары жүздеген мың жазықсыз жан репрессияланды. Олардың арасында 1926 жылы Баку қаласында өткен І Бүкілодақтық түркологиялық съезге қатысқан зиялылар да болды. Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұхамеджан Тынышпаев,  Сұлтанбек Қожанов, Санжар Асфендияров, Ораз Жандосов секілді Қазақстанның ғылым мен шығармашылық саласында еңбек еткен мыңдаған зиялысы, мемлекет пен қоғам қайраткері атылды не болмаса жер аударылды. Тарихи құжаттар бойынша, Қазақстанды басқарған қысқа мерзім ішінде Л.Мирзоянның нұсқауымен 16 мың зиялы қауым өкілі мен қоғам белсендісі атылған екен.   

Осындай тағдыр басқа да тарихи тұлғаларды күтіп тұрды. Мәселен, Қазақстанның мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов 1921-1922 жылдары Бакуде РКФСР-дің ұлт істері жөніндегі халық комиссариатының өкілетті өкілі болып қызмет атқарды. Ол 1937 жылы «Біртұтас түркі-татар мемлекетін» орнату үшін тиісті территорияларды кеңестерден азат ету және астыртын «Бүкілодақтық бірыңғай орталық» құру мақсатында бұрынғы Ресей империясының территориясында түркі-татар халықтарының ұлт-азаттық қозғалысын ұйымдастырды деген айыппен тұтқындалды. Т.Рысқұлов түркі тілдес халықтар тарихи тұрғыда бөлініп, бытыраңқы қалған, бірақ бір ғана ұлт деген идеяны алға тартқаны үшін 1938 жылдың 10 ақпаны күні пантүрікшіл деген айыппен атылды. Осындай қайғылы тағдыр әзербайжандық қайраткерлер, профессорлар Бекір Чобанзаде мен Әзиз Ғұбайдуллинді де күтіп тұрды. Олар жоғарыда аталған ұйымның мүшелері деген айыппен тұтқындалып, атылды.

Өткен ғасырдың 1930-1940 жылдары мыңдаған әзербайжандық отбасы Әзербайжан, Армения және Грузиядан Орта Азияға депортацияланды. Бауырлас қазақ халқы біздің отандастарымызға қол ұшын беріп, осынау қиын кезеңде жаңа қоныстарына бой үйретулеріне көмектесті. Көптеген әзербайжандық әйелдер саяси репрессия құрбаны болып, «Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагеріндегі» (АЛЖИР) тұтқындар қатарына қосылды. 44 әзербайжандық әйел, соның ішінде көрнекті ақын, Әзербайжанның мемлекеттік ән ұранының авторы Ахмед Жавадтың жұбайы  Шүкрия ханым да осы лагерге жіберілді. Репрессия құрбандары мен олардың ұрпақтары әлі күнге дейін қазақ халқының жер аударылған әйелдерді аштықтан аман алып қалу үшін қалай жәрдем еткенін, жасырып құрт беріп отырғанын ерекше алғыс сезіммен еске алады. Қазіргі таңда бұл тағам тек ұлттық дастарханның ғана емес, қазақ халқының бауырмалдығы мен жанашырлығының да айрықша символы болып табылады.

Біздің халықтарымыз ең қиын сәттерінде бір-біріне үлкен қолдау көрсетіп отырды. Әзербайжан халқы көрнекті қазақ ақыны, саяси қайраткер Олжас Сүлейменовтың 1990 жылдың қаңтар айында кеңес әскерлерінің Бакуде жасаған қанды қылмысын айыптап сөз сөйлеген батыл әрекетін әсте естен шығарған емес. Сол секілді, Арменияның Әзербайжанға қарсы әскери басқыншылығы басталған алғашқы күндерде-ақ Қазақстан әділ ұстанымынан танбай, қақтығыстарды тоқтату мақсатында бітімші болуға тырысты.   

Бауырлас Қазақстан жерінде өмір сүріп жатқан әзербайжандықтар Қазақстан қоғамының бөлінбес бір бөлшегіне айналды. Олар - ел дамуына өзіндік үлес қосып жатқан тең құқылы Қазақстан азаматтары. Олардың арасында дәрігер, педагог, заңгер, кәсіпкер, музыкант, суретші секілді түрлі мамандық өкілдері бар. Қазақстандағы бірлік пен өзара келісім ортасы әзербайжандықтардың өздерін жайлы сезініп, қабілеттері мен әлеуеттерін толық ашып, барлық бағытта дамуға толық мүмкіндік берді.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Әзербайжанға 2017 жылдың сәуір айындағы ресми сапары барысында Президент Ильхам Әлиевпен кездескен кезде екі жақты байланыстардағы әзербайжандық қауымның рөлін: «Жақсы мүмкіндік бар - ол «арадағы дәнекер көпір». Бұл - Қазақстанда өмір сүріп жатқан 130 мың этникалық әзербайжандықтар. Олар біздің азаматтарымыз, олар барлық іске толық тартылған» деген сөздерімен жоғары баға беруі кездейсоқ емес.

  Әзербайжан халқының жалпы ұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиев пен Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттеріміздің тәуелсіздігінен көп бұрын басталған достығы екі жақты байланыстардың дамуына мықты іргетас қалады.

pastedGraphic_2.png

Қазір Әзербайжан мен Қазақстан арасында тұрақты дипломатиялық қарым-қатынас орнатылып, екі елдің халықаралық ұйымдар шеңберіндегі көптеген мәселелерде ортақ ұстаныммен әрекет ететінін сеніммен айтуға болады. Біздің елдеріміз түркі тілдес елдердің интеграциясына мүдделі екендіктерін жүйелі түрде ең жоғары деңгейде көрсетіп келеді.

Тіпті КСРО кезеңінің өзінде Гейдар Әлиев «Қорқыт Ата кітабының» 1300 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде өткізу, 1973 жылы  ұлы әзербайжан ақыны Нәсимидің 600 жылдық, ұлы әзербайжан ақыны Мұхаммед Физулидің 500 жылдық мерейтойларын атап өту, түркі мемлекеттері басшыларының саммитін ұйымдастыру секілді түркі әлемі үшін маңызды мәселелерді көтеріп, қолға ала білді. Сонымен қатар, Әзербайжанда «Манас» эпосының 1000 жылдық, Әмір Темірдің 660 жылдық, қазақтың ұлы ақын-философы Абайдың 150 жылдық мерейтойларын мемлекеттік деңгейде атап өтуге тікелей нұсқау берді.

pastedGraphic_3.png

Әзербайжанға сапары кезінде 2005 жылдың 24 мамыры күні Гейдар Әлиев Қорында болған Қазақстанның тұңғыш президенті Әзербайжанның ұлы көшбасшысының атқарған істерін жоғары бағалаған болатын. Естелік кітапқа Н.Назарбаев қазақ тілінде: «Гейдар Әлиевтің есімі халықтың жүрегінде мәңгі сақталады. Ол бүкіл ғұмырын халықтың әлеуетін көтеруге, ұлтының жаңғырып, өрлеуіне арнады, мәңгі өлмес дара тұлғаға айналды» деп жазған болатын.

Әзербайжан мемлекеті де қазақстандық көшбасшының еңбектерін жоғары бағалады. Президент Ильхам Әлиев Н.Назарбаевты Г.Әлиев пен әзербайжан халқының үлкен досы ретінде екі ел арасындағы достық байланыстар мен ынтымақтастықтың дамуына қосқан ерекше үлесі үшін Әзербайжан Республикасының жоғары марапаты - «Гейдар Әлиев» орденімен марапаттады. Марапаттау салтанатында президент Ильхам Әлиев Қазақстанның аймақтық мәселелерде өте маңызды рөл ойнайтынын атап көрсетті. Көптеген табысты жобалардың бастамашысы болып табылатын Қазақстан аймақта да, бүкіл әлемде де бейбітшілікті нығайтуға үлкен үлес қосып келеді.

pastedGraphic_4.png

Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындау мәселесінде де Қазақстан мен Әзербайжан бір ұстанымда болды. Екі ел де бес жақты келіссөздер барысында ортақ ұстаныммен әрекет етті. Мұның соңы табысты аяқталып, 2018 жылы Ақтау қаласында өткен Каспий теңізінің жағалауындағы Мемлекет басшыларының V саммитінде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияға қол қойылды. Аталған маңызды келісімге қол қойылуы аймақта транспортық-коммуникациялық ірі жобаларды жүзеге асыруға қатысты жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.

Әзербайжан мен Қазақстан сенімді серіктестер ретінде әлемдік деңгейде абырой-беделге ие болды. Екі елге БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің жұмыстарына қатысуға рұқсат берілуі жаһандық деңгейде оларға деген үлкен сенімнің айқын белгісі болып табылады. Әзербайжан 2012-2013 жылдары, ал  Қазақстан 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болды. Сонымен қатар, бұл жайт сыртқы саяси ведомстволарымыздың халықаралық қатынастар саласында Мемлекет басшыларымыз белгілеген стратегияны қаншалықты кәсіби түрде жүзеге асып жатқанын көрсетеді.

 

Ортақ мүдделерге негізделген ұзақ мерзімді серіктестік

 

Әзербайжан мен Қазақстанды жоғарыда аталған тарихи және мәдени тамырлармен қатар, өзге де маңызды факторлар бірлестіреді. Әрине, бізді ұқсас геостратегиялық позициямыз, бай табиғи қорларымыз, Солтүстіктен Оңтүстікке, Шығыстан Батысқа қарай созылған транспорттық дәліздеріміз жақындастырады. Бұл артықшылықтар аймақтың ірі саяси ойыншылары ретінде Әзербайжан мен Қазақстанға қандай да бір мемлекеттің мүддесімен санаспай-ақ, аймақтың дамуына бағытталған жобаларды жүзеге асырып, теңгерімді саясат жүргізуіне мүмкіндік береді.

Әзербайжан мен Қазақстан мұнай өндіруші елдер болуына қарамастан, ешқашан бір-бірімен бәсекелес болуға ұмтылған емес. Керісінше, екі елдің экономикалық жүйелері бір-біріне жаңа мүмкіндіктер туғызып, толықтырып отырады. Бұл фактор біздерді тек тату көршілер ретінде ғана емес, сондай-ақ ұзақ мерзімді серіктестер ретінде де бірлестіре түседі. Қазіргі таңда елдеріміз арасындағы қарым-қатынастар стратегиялық сипат алды.

pastedGraphic_5.png

Жоғары деңгейдегі саяси қарым-қатынастар экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсуге жаңа мүмкіндіктер тудырды.  Каспийдің қарама-қарсы жағалауларына орналасқан географиялық жағдайына қарамастан, жылдам қалыптасқан коммуникациялық инфрақұрылым Шығыс-Батыс тасымал дәлізінде үстем позицияға ие болды. Каспий елдерімізді бөлуші емес, байланыстырушы теңізге айналды. Осы тұста, әзербайжан мұнайшыларының кеңес кезеңінің өзінде-ақ Каспий теңізінің қазақстандық секторында кен орындарын ашу, игеру жұмыстарында, кадрларды даярлау және жалпы алғанда, Қазақстанның мұнай өнеркәсібінің құрылысында маңызды рөл ойнағанын атап өтпеске болмайды.   

Қазіргі таңда Қазақстан өз мұнайын Әзербайжан арқылы да Еуропа елдеріне тасымалдайды. Сонымен қатар, екі жақты инвестициялау және екі елдің бизнес-қауымдастығы арасындағы байланыстарды кеңейту саласы белсенді түрде дамып келеді. Мәселен, экономикалық әлеуеті үлкен, территориялық мүмкіндіктері мен табиғи қорлары мол Қазақстанға әзербайжандық инвесторлар үлкен қызығушылық танытады.

Екінші жағынан, Қытай мен Еуропаны байланыстырған тарихи Ұлы Жібек жолының қайта жандануы, Әзербайжанда Баку-Тбилиси-Карс темір жолының қолданысқа енуі, Алят халықаралық теңіз сауда айлағының ашылуы, Қазақстанда Ақтау портының реконструкциясы және жаңа Құрық портының құрылысы, Қытай-Қазақстан-Әзербайжан-Грузия-Түркия халықаралық транзит бағыты бойынша жүк тасымалының артуы, екі елдің транзиттік әлеуеті мен логистикалық мүмкіндіктерінің кеңеюі ынтымақтастықтың одан әрі кең қанат жаюына негіз қалайды.

Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырымен қатар, Баку-Тбилиси-Эрзурум газ құбыры, ТрансАнадолы құбыр жолы (TANAP),  аяқталу сатысында тұрған Трансадриатикалық құбыр жолы және жаңа қолданысқа енген  темір жолдар желісі екі ел үшін ортақ Шығыс-Батыс тасымал дәлізін құрайды.

2018-2020 жылдардағы сауда-экономикалық ынтымақтастыққа арналған жол картасын тиімді қолдану да өз жемісін бере бастады. 2018 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 2017 жылмен салыстырғанда 1,6 есе артып, 220,7 миллион долларға жетті.

Осылайша, екі ел арасында жалпыұлттық көшбасшы Гейдар Әлиев пен Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған достық және бауырластық байланыстарды Президент Ильхам Әлиев пен Президент Қасымжомарт Тоқаевтың нығайта түсіп, одан да биік стратегиялық деңгейге көтеретінін нақты болжауға болады. 2005 жылы екі елдің  көшбасшылары қол қойған «Стратегиялық серіктестік және одақтастық қарым-қатынастар туралы шарт» бұған басты негіз болады.

pastedGraphic_6.png

Арадағы өзара құрметке, сенімге негізделген қарым-қатынастар мен саяси, экономикалық және қоғамдық байланыстардың жоғары деңгейі біздің елдеріміздің бұдан да тығыз интеграциясы үшін кең мүмкіндіктер туғызатынын сенімді түрде айта аламыз.

 

pastedGraphic_7.png

 

Бізде табысты дипломатиялық қарым-қатынастардың жалғастылығын қамтамасыз етерлік мықты негіз бар. Ол - біздің өткеніміз. Ал ортақ келешегімізді болжау тіпті оңай - бұл өткеніміз бен бүгініміздің жетістіктері мен табыстарының қосындысы.

 

 

 

 

 

Әдебиеттер тізімі:

           

Газета «Приуралье». “Зейнелгабиден Тагиев”. № 154, Четверг, 28 декабря 2017 годаhttp://priru.kz/wp-content/priru/news/img/2017/12/154.pdf

Azərbaycan Xalq Cümhuriyyəti Ensiklopediyası. İki cilddə. I cild. Bakı, “Lider nəşriyyatı”, 2004, 440 səh., s.173

Шоқай М. Таңдамалы. Т.2. - Алматы: Қайнар, 1999. - 520 б.

“Белсенділер Мирзоянның есімін көше атауынан алып тастауды сұрады”. https://kaz.nur.kz/307971-belsendiler-mirzoyannyn-esimin-koshe-atauynan-alyp-tastaudy-syrady.html

Президенту Казахстана Нурсултану Назарбаеву вручен орден «Гейдар Әлиев». https://president.az/articles/23244

Президент Казахстана Нурсултан Назарбаев посетил Фонд Гейдара Алиева

https://heydar-aliyev-foundation.org/az/content/view/59/862/Qazax%C4%B1stan-prezidenti-Nursultan-Nazarbayev-Heyd%C9%99r-%C6%8Fliyev-Fondunda-olub

 

      

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала