Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ ТУЫН ТІККЕН ҚАРА ШАҢЫРАҚ

Қазіргі таңда Қазақстанда білім беру үрдісінің өзіндік ұлттық үлгісі орнығып, жаңа мазмұндағы оқыту жүйесі қалыптасуда. Дүниежүзілік білім әлеміне кіру мақсаты көзделіп, әрбір ғылым саласында нақты өзгерістер енгізілуде. Мұндай түрлі бағыттағы өзгерістер білім беру жүйесінің даму бағыттарын нақтылап, оны тың арнаға, жаңа сапаға қарай дамыту қажеттілігін міндеттейді. Ұстаздар үшін тың міндеттер: оқыту әдістемелерін саралап, ғылым табыстарын сын көзбен бағалау; оқушыларды болашақта жан - жақты дамыған, рухани жетілген жеке тұлға ретінде қалыптастыру және өз іс - әрекетін, кәсіби шеберлігін жаңаша қалыптастырып, жаңаша ұйымдастыруды жолға қою. Еліміздің дамыған елдермен қатар тұра алатын терезесі тең, өркениетті ел ретінде танылып, олармен білімі мен ғылымы, мәдениеті мен технологиясы теңесуі үшін маңызды істер атқару – ел мүддесі алдындағы парыз. Осы орайда Ақмола облысы Бурабай ауданы Щучинск қаласы №9 мектеп-гимназиясында «Бәсекеге қабілеттілік – басты қағида» атты ғылыми-әдістемелік тәжірибе алмасу алаңы ұйымдастырылды. Бәсекеге қабілетті тұлға даярлауда атқарылған инновациялық жобалардың аралық нәтижесін саралай отырып, өзара тәжірибе алмасу. «Мәңгілік ел» патриоттық актісі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы,  «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына негізделген «Мәңгілік ел» идеясы  мектепте» жобасының жұмысын талдай отырып, «Жастар жылында» жас буынды жан-жақты дамыту. Шараға Алматы қаласынан Абай атындағы Қазақ Ұлттық Университеті педагогика және психология кафедрасының профессоры п.ғ.к. Сайдахметов Бауыржан Сейітбекұлы, осы университеттің мектепке дейінгі тәрбие және әлеуметтік педагогика кафедрасының меңгерушісі п.ғ.к. Қыяқбаева Ұлбосын Қозыбаевна, Астана қаласынан Л.Гумелев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің өзін-өзі тану педагогика кафедрасының профессоры п.ғ.д. Кертаева Ғалиябану Махметовна, осы университеттің  физикалық және экономикалық география кафедрасының оқытушысы, п.ғ.к., «Global cапа» білім беру орталығының төрайымы Шингужина Тлектес Сайтахановна, «Жасар» қоғамдық қорының төрайымы Калиева Қорлан Султановна, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім  академиясы, үздіксіз педагогикалық  білім орталығының  қызметкері, п.ғ.к. Шуиншина Шолпан Мырзақасымовна, ҚР-ның Ұлттық мұражайының «Халық қазынасы» институтының аға ғылыми қызметкері, күйші, өнертанушы Мәулет Ардаби, Астана қаласы №52 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Аппазова Ләйлә Сағитқызы, Бурабай ауданы маслихатының депутаты Бейсенов Өтелбай Төлеуұлы, білім бөлімінің басшысы Тулегенов Жангелді Мейрамұлы, «Бурабай» газетінің редакторы Рақышев Болат Сабырұлы, БАҚ өкілдері, мектептердің оқу-тәрбие орынбасарлары, ата-аналар, мұғалімдер,оқушылар қатысты.

Тәжірибе алаңы кең пейілді, үлкен жүректі, жаста болса ғылым жолына өзінің педагогикалық әрекетін арнаған білікті басшы Кушекова Бибігүл Қуанышқызы қонақтарды қарсы алумен басталды. Мектеп алаңында  ат баптау, түйе баптау, бүркіт баптау, тазы асырау, қамшы өрудің  қыр - сырымен таныстыру мақсатында  ата-аналардың «Атадан қалған мирасым» атты шеберлік сағаты жүргізілді. Ата-бабадан қалған атқа міну мәдениетін сақтау, жеті қазынаны білу, төрт түлік малмен үндестікті көрсету арқылы оқушылардың ата-бабадан қалған дәстүрлерімізді қастерлеуге, сақтауға ұмтылдыру болатын. Келген қонақтар тамаша көрініске және құнды дүниеге куә болды. Мектептің ішіне беттеген тұста қонақтарды мектептің мұғалімдерінен құралған «Көкше толқындары» фольклорлық ансамблінің «Дала сазы» атты музыкалық шашуы қарсы алды. Содан соң «Ұлы даланың жеті қыры» атты театрландырған қолөнер көрмесін тамашалады. Екінші қабатта жас домбырашылардың әсем күйі келген қонақтардың жүрегінен орын алды. Мектеп екі жылдан бері «’’Мәңгілік ел’’ идеясы мектепте» жобасы бойынша жұмыс жасайды. Жоба аясында 15 бағыт жұмыс жасайды. Сол бағыттардың нәтижесімен бөлісу мақсатында көрме жасалды. Көрмеде әр оқушы «Табыс кілті -бизнес» бағыты, «Іскер қыздар-заманға лайық тұлға» бағыты, «Отандық өнім- ұлттық бренд» бағыты, «Smart серіктестік-бірлескен әрекет» бағыты, «Отбасы ұлағаты» бағыты, «Ұлттық рух» бағыты, «Арыстандай айбатты жас жауынгер» бағыты, «Алтын қор» бағыты бойынша жұмыстарын көпшілікке паш етті. Түстен кейін келген ғалымдар «Ұлттық тәрбие», «Білім берудегі цифровизация», «Ғылыми ізденіс», «Білімдегі бәсекелестік», «Ұлым ұлықты, қызым қылықты болсын» десеңіз..., «Ұлттық мұра», «Кәсіпкерліктің қыр-сыры» секцияларында ата-аналармен, оқушылармен, мұғалімдермен практикалық жұмыс жасалды. Кешке шараның жабылуында мектеп-директоры Кушекова Бибігүл Қуанышқызы келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, құрмет грамотасымен марапаттады. Аудандық мектептердің оқу-тәрбие ісі бойынша орынбасарлары, ата-аналар, оқушылар алған әсерлерімен бөлісті.

Ұрпақ үшін жасалған бұл іс-шара мектептің абыройын асқақтатты. Мұғалімдердің танымын кеңейтіп, ата-аналардың санасын ашып, оқушыларға серпін берді. Қазақ мектебінің ұлттық рухта жасалған қайталанбас оқу-тәрбие үрдісіндегі шоқтығы биік жетістіктері көрсетілді. Әр баланың бойынша ұлтының мақтанышы болатындай жігердің бар екенін, жасалған әр ісінде қазақы тәрбиенің иісі аңқып тұрғанын сездіре білді. Ұлттық рухтың туын тіккен қара шаңырақ, №9 мектеп-гимназиясында жасалған әр шараның астарында ұлтына, Отанына деген сүйіспеншілігі бар бәсекеге қабілетті ұрпақтың өсіп келе жатқанын көрсетеді. Ұлттық мұратқа жетуде, ұлт көшбасшыларын дайындауда «’’Мәңгілік ел’’ идеясы мектепте» жобасы жаңа инновациялық әдістемелік құрал деп толыққанды айтуға болады.

 

 

 

Б.Бекетай,

Директордың бейінді оқыту жөніндегі орынбасары,

«Мәңгілік ел идеясы мектепте» жобасының авторы

  

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала