Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

АНКАРАДА АЛҒЫС АЙТУ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

Түркияның астанасында Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігі Алғыс айту күнін атап өтті. Елші Абзал Сапарбекұлы басына қиын-қыстау күн туғанда қазақ бауырластарына құшағын ашқан түрік үкіметі мен халқына Қазақ елі атынан алғыс білдірді. Шара аясында Елшіліктің қолдауымен қоғам қайраткері, белгілі публицист марқұм Сағат Әшімбаевтың «Әдеби сын мақалалар» атты еңбегі мен танымал жазушы Шәрбану Бейсенованың «Бір махаббат баяны», «Сүзгенің соңғы күндері» «Бозоқ аруы» атты түрік тіліне аударылған туындыларының тұсаукесері болды. Бұл туралы аталған елшіліктің фейсбук парақшасында https://www.facebook.com/kzembassy жазды.

 

Шараға Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу, Түріксой халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қайсейінов, Еуразия жазушылар одағының төрағасы Якуп Өмероғлу, Түркияның мемлекеттік және қоғам қайртакерлері, БАҚ өкілдері, Түркияда білім алып жатқан қазақ жастары, қазақ диаспорасы өкілдері және түрік оқырман қауымы қатысты.

Алғыс айту күнінің Қазақстан қоғамындағы маңыздылығы туралы сөз қозғаған  Елші Абзал Сапарбекұлы  Президент Н. Назарбаевтың «Біздің ұстанымымыз – татулық пен тыныштық, ұранымыз – береке мен бірлік» деген сөздерін келтірді. Бүгін сол бейбіт өмір мен ынтымақ үшін, қастерлі Тәуелсіздігіміз үшін бір-бірімізге алғыс айтатынымызға ерекше тоқталды. Сондай-ақ ол басына қиын-қыстау күн туғанда қазақ бауырларына құшағын ашқан түрік үкіметі мен халқына да Қазақ елі атынан алғыс білдірді. Елші Алғыс айту күні мақсатының өскелең ұрпақтың бойына достық, төзімділік және патриотизм құндылықтарын сіңіру екендігін айтты.

Сондай-ақ, А. Сапарбекұлы 1999 жылғы 1 наурызда «Нұр Отан» партиясының құрылғанын еске сала отырып, екі күн бұрын 20 жылдық мерейтойға орай өткен партия съезінде Қазақстан Президентінің халықтың ертең емес, бүгін бақытты болуын қалайтынын, осы тұрғыда әлеуметтік дамуға бағытталған жүйелі шараларды ұсынғанын жеткізді. Бұның сыртында  Н. Назарбаевтың өткен жылы жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласының қазақ халқының рухани жандануы ғана емес, жалпы түркі әлемінің бірлігі үшін маңызды қадам екендігін айтты. Сөзінің соңында А. Сапарбекұлы әйгілі әдебиет сыншысы С. Әшімбаев пен оның жары Ш. Бейсенованың түрікшеге аударылған кітаптарына қысқаша шолу жасап өтті.

Өз кезегінде, Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі Я. Топчу ата-бабаларының месхетиялық түріктер екенін айтып, түріктер және басқа халықтар атынан қиын-қыстау кезеңде пана болып, барымен бөліскен қазақ халқына, соның ішінде Президент Н. Назарбаевтың ата-анасына үлкен алғысын білдірді. Н. Назарбаев пен Р. Т. Ердоғанды Түркі әлемінің, жалпы Еуразиялық кеңістіктің екі алыбы деп ерекше атап өткен Я. Топчу екі елдің қарым-қатынастарының одан әрі дами беретініне сенімді екендігін мәлімдеді.

Ялчын Топчуға Қазақстан мен Түркияның достық қарым-қатынастарының дамуына қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне арналған мерекелік медаль табысталып, іс-шара кітап тұсаукесерімен жалғасты.

Тұсаукесерде сөз алған Еуразия жазушылары одағының төрағасы Я. Өмероғлу Алғыс айту күні сияқты маңызды мерекелердің іргелі, ұлы мемлекеттер жасайтын шара екенін мәлімдеді. Ол, сондай-ақ, түрлі себептермен қазақ елінде қоныс тепкен халықтардың тарихи отандарының 1 наурыз сайын Қазақстанға делегациялар жіберіп, алғыс айту шараларына қатысуын ұйымдастыруды ұсынды.

Я. Өмероғлу «Сүзгенің соңғы күндері» повесі әйел қаһармандығын суреттейтін шығарма деп баға берді. Ол Сүзге ханшайымның Сібірдің соңғы ханы Көшімнің жары болғанын айтып, жалпы, повесті қазақтардың татар және башқұрт сияқты солтүстік түркі халықтарына қашан да қолдау көрсеткенін меңзейтін маңызды шығарма деп есептейді. Я. Өмероғлу «Бозоқ аруы» повесінің түркі әйелдерінің батырлығы мен қайсарлығын дөп сипаттауымен оқырманның есінде қалатынын айтты.

Кітаптардың авторы Ш. Бейсенова шығармаларында өмірдің қиындықтарынан, тіпті өлімнен де тайынбайтын батыл және қаһарман әйелдерді сомдайтынын жеткізді. Тарихтағы Сүйімбике, Сүзге, Бозоқ аруы сияқты тұлғалар мен Сібірге айдалған М. Қаратаевтың артынан еріп, тіреу болған жары Мархума сияқты әйелдердің ішкі жан дүниесін бейнелеуге тырысқанын айтты.

Автордың артынан сөз алған аудармашы Ж. Кынажы жиналған қауымды шығармалардың сюжетімен таныстырып, «Бозоқ аруы» повесін Президент Н. Назарбаевтың барлық түркі халықтарына ортақ тұлғаларды насихаттау бойынша ұсынысының орындалуы деп бағалады. Сөзінің соңында Ж. Кынажы Елшіліктің бұған дейін де көптеген казақ авторлары кітаптарының түрікше жарық көруіне қолдау көрсеткенін еске салып, Елші А. Сапарбекұлы жүргізіп отырған мәдени дипломатияны жоғары бағалады.

«Балдырған» журналының бас редакторы Д. Мағлұмов, өз кезегінде, Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері көптеген қазақ авторлары кітаптарының Түркияда жарық көргенін атап өтіп, жиналған қауымды С. Әшімбаевтың өмірбаянымен қысқаша таныстырды.

Жиын Ш. Бейсенованың түрік оқырмандары үшін кітаптарына қолтаңба беруімен, сондай-ақ, қазақ халық және эстрада әндері шырқалған мерекелік концерт және ресми қабылдаумен жалғасты.

 

 

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала