Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

Тоқаев Қырғызстан Президентін Ақордада күтіп алды

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровты Ақордада күтіп алды.  Бұл туралы Kazinform хабарлады.

Көрші ел Президентінің сапарына орай салтанатты рәсімдер залында Құрмет қарауылы сап түзеп, оның бастығы Мемлекет басшысы мен мәртебелі мейманға рапорт берді. Осыдан кейін Президент оркестрі екі елдің әнұранын орындады.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.

Бұдан әрі мәртебелі мейман мен Қасым-Жомарт Тоқаев кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туына қарай жүрді.

Оның алдына келгенде Садыр Жапаров тоқтап, басын сәл иіп, ілтипатын білдірді.

Салтанатты рәсімнен кейін Қазақстан мен Қырғызстан президенттері шағын құрамдағы кездесуге өтті.

Сапар аясында бүгін жоғары деңгейде екіжақты келіссөз жүргізіледі және бірқатар маңызды құжатқа қол қойылады деп жоспарланып отыр.

Еске салсақ, кеше Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Қазақстанға ресми сапармен келді. Оны ҚР Президенті елорда әуежайында күтіп алды.  

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала