Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

Қазақстанда «Ұлы дала дәмі» тұңғыш ұлттық жобасы бастау алды

Амал мерекесінде Алматы облыстық №1 балалар үйіне Қыдыр ата немересімен бірге атпен барды. Қыдыр ата балаларға Наурыз батасын беріп, «Тарту» қоржындарын үлестірді, деп хабарлайды Ulys.

Балалар келушілерге өз өнерлерін көрсетті.

«Ұлы дала дәмі» ұлттық жобасының негізгі мақсаты  – Әз-Наурызды әсіресе, балалар асыға күтетін басты мерекеге айналдыру. Ұлыстың ұлы күнін айрықша атап өтуде жаңа құндылықтар мен дәстүр қалыптастыруға өз үлесімізді қосқымыз келеді»,- дейді жоба бастамашысы, «Alatau Aqparat» медиахолдингінің бас директоры Ержан Қалымбайұлы.

Этнограф Болат Бопайұлының сөзінше, Наурызды жаңаша дәріптеуде балаларға ерекше көңіл бөлінуі керек. Қыдыр атаның немересімен жүруі ұрпақтар сабақтастығы мен ұлттық тәрбиенің мәнін көрсетеді. Қазақ ұғымында атасы ұл немерелерін, ал әжелер қыз немерелерін  тәрбиелеген. Сондықтан Қыдыр Ата мен Бақ-баланы Наурыздың балалар асыға күтетін басты кейіпкерлеріне айналдыру керек.     

Ұлттық нақышта безендіріліп киіз үй пішінінде тігілген балаларға арналған «Тарту» қоржындарының ішіне Қазақстанның әр өңірінен жеткізілген дәмдер салынған. Олардың саны жетеу: шұбат, қымыз, құрт, ірімшік, жент, бауырсақ, талқан, сондай-ақ рухани азық – кітап пен Алматының алмасы, Алтайдың балы, ұлттық кәдесыйлар мен ойыншықтар бар. Кітаптардың сыйлық құрамында болуы – жастарды білім-ғылымға шақырады.

  Қоржындардағы табиғи әрі түрлі дәрумендерге бай ұлттық тағамдар балаларды салауатты тамақтануға бастайды. Сондай-ақ, жоба ұлттық тағам түрлері мен қолөнер бұйымдарын насихаттап, сала кәсіпкерлерін қолдауға жақсы мүмкіндік.

Наурызда жастар үлкендерге арнайы барып сәлем беріп, құрмет көрсетіп батасын алған. Ұлттық жобаны ұйымдастырушылар да Асанәлі Әшімов, Асылы Осман, Төрегелді Шарманов пен Қарлығаш Әбдікәрімова сынды ел ағаларына, қоғам қайраткерлеріне сондай-ақ қарапайым еңбек адамдарына да сәлем бере барды. Оларға Наурыз қоржыны тарту етіліп, құрмет көрсетіліп, иықтарына шапан жабылды.

Үлкендерге берілген «Сыбаға» қоржынына жеті дәмнің сыртында жылы-жұмсақ: сүрленген қазы-қарта, жал-жая мен жамбас салынған.    

 Наурыз қоржын берілгендер арасында қарапайым көше сыпырушы,  «Алтын алқа» иегері мен ерекше баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ана да бар. 

Ұйымдастырушылар «Ұлы дала дәмі» ұлттық жобасын алдағы жылдары 14 наурыздан бастап айдың соңына дейін тұтас республика көлемінде өткізуді жоспарлап отыр.

Алғаш рет ұйымдастырылған ұлттық жобаның басты демеушілері: «Asiakoz» түрік көз клиникасы, «Ерке-Нұр», «Әдемі-Ай» мен «Адал Ас» сынды танымал компаниялар. Сондай-ақ, еліміздің барлық өңірінен «Zhent_chocolate», «Aqtobe damderi», «Sharman», «Asatu», «Астана-Өнім» АҚ, «Мёд Восточный», «Айқан» ЖШС сынды ұлттық тағамдар, киімдер мен бұйымдар шығаратын компаниялар, сауда маркалары және «Steppe&World Publishing» баспа үйі атсалысып, демеушілік танытты. Қазақ тағамтану академиясы, Қазақ мемлекеттік Циркі мен ұлттық тағамтанушы Саяхат Әсімхан да жобаға өз үлестерін қосты. 

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала