Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.85

Мұсылмандар үшін қасиетті ай –  Рамазан басталды

Осыған орай ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшысы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздегі бүкіл мұсылман қауымды құттықтады. 

«Сіздерді Рамазан айының басталуымен құттықтаймын! Халқымыз үшін Қасиетті оразаның мән-маңызы айрықша. Бұл – қоғамда имандылық, адалдық, жанашырлық, мейірімділік сияқты мызғымас құндылықтарға барынша мән берілетін кезең. Бүкіл мұсылман қауымының ынтымағы артып, бір-біріне бауырмалдығы айқын көрінетін мезгіл. Ораза айы рухани тазаруға, мұқтаж жандарға көмек қолын созып, қайырымдылық жасауға үндейді. Сол арқылы барша адамзаттың береке-бірлігі нығая түсуіне ықпал етеді. Дін мен дәстүр сабақтастығын берік ұстанатын ел татулығын, тұрақтылығы мен тыныштығын сақтап, кез келген сын-қатерден сүрінбей өте алады. Мен Қазақстан халқының әрдайым рухани үндестікте өмір сүріп, болашаққа нық қадам басатынына сенемін. Ораза қабыл болсын! Баршаңызға зор денсаулық, амандық, толайым табыс тілеймін!», - деп жазылған Президент құттықтауында.

Баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын деп басталады Бас мүфтидің құттықтауы.

 «Баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді берекелі Рамазан айының келуімен құттықтаймын! Рамазан — он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Күнделікті тіршілік қамымен жүретін пенденің жүрегіне бұл айда иман нұры құйылады. Өйткені ораза адамды тақуалыққа тәрбиелейді. Сабыр, қайырымдылық, мейірім, бауырмалдық секілді адамдық асыл қасиеттер артып, иман күшейеді. Рамазан — Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген қасиетті ай. Бұл — Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі. Рамазанның қадірін жақсы түсінген сахабалар оразаға алты ай қалған сәттен бастап: „Раббымыз, бізді Рамазан айына аман-есен жеткізе гөр!“ — деп дұға еткен. Сауап еселеніп жазылатын айда жасалған қайырлы істің қайтарымы адам баласы үшін құпия-сыр. Тіпті ауыз бекіткен адамға берілетін сый мен сауап, құрмет пен марапат пайғамбарлар мен періштелерге де беймәлім. Құдси хадисте Алла Тағала  „Ораза — тек мен үшін. Оның сыйын (сауабын) өзім ғана беремін“ деп оразаның қадірі мен қасиетін, мәні мен маңызын баяндаған. Демек шарапаты мен шапағаты мол айда сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Жаратушының разылығын алуға асыққан абзал. Пенденің осы айда ұстаған оразасы, Аллаға ұнамды барлық құлшылықтары, өзгелерге жасаған қайырымдылығы, сауапты амалдары еселеніп жазылады», — дейді бас мүфти.

Ораза — күндіз тек ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Ораза — рухтың азығы, тәннің шипасы. Рамазан жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі.

Аузы берік жандар өзіне дөрекілік көрсеткен кейбір кісілерге «мен оразамын» деген бір ауыз сөзбен көркем мінездің керемет үлгісін көрсетеді. Нәпсісіне тоқтау салып, сабыр сақтайды. Ал сабыр иесіне берілетін сый — жәннат.

Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, денсаулығына байланысты немесе кәрілік жетіп ораза ұстауға шамасы жетпеген адамдар ауыз бекіткен кісілерге ауызашар берсе, ол да — үлкен сауап.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала