Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

Елімізде құс еті бағытында 30 жуық фабрика бар

Қармақшыда құс фабрикасы іске қосылдыБылтыр жыл соңында Қармақшы ауданында құс фабрикасы іске қосылып, облыста тағы бір өндіріс орны пайда болды. Еліміз бойынша құс еті бағытында отызға жуық фабрика бар екен. Ал аймақтағы осындай алғашқы өндіріс орны өңірдің экономикалық дамуына тың серпін бермек. Бұл туралы Egemen Qazaqstan басылымы жазды.

Бұрындары Сыр бойында өндіріс орнының санаулы екенін екінің бірі айтатын. Мұның зардабы негізгі табыс көзі – мұнай қоры сарқыла бастағанда байқалды. Жан-жақтың бәрі індеттен үркіп, қақпасын қымтай жапқан коро­навирус пандемиясы кезінде де өзі өндірмегеннің өзгеге кіріп­тар болатыны тағы есімізге түс­ті. Сондай сәтте әлеуметтік маңы­зы бар деп танылған 19 түр­лі азық-түлік тауарының ішін­де тек кү­ріш пен тұз ғана жергі­лікті өнім екенін білгендер шара­сыз­дықтан бас шайқаған. Осы­дан да болар, жергілікті кәсіп­кер Нұрлан Іздібаев түрлі себеппен құрылысы іркілген жобаны жалғастырғанда ауыл шаруашылығында мол тәжі­рибе жинаған азаматтың жаңа саланы меңгеріп кетуіне тілекшілер көп болып еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы «Әділетті Қазақстанның экономи­ка­лық бағдары» атты Жолдауында елімізде сапалы ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеуді дамытуға бағытталған жобаларға басымдық беріп, құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығара­тын кәсіпорын ашу арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін тапсырған болатын. Мысалы, осы Қызылорда об­лы­­сының тұрғындары жылына 14,1 мың тонна құс етін пай­да­­ла­нады екен. Осыған дейін оның барлығын сырттан алып кел­дік. Былтыр жыл соңынан бері Қар­мақ­шыдағы құс фабрикасы арқы­лы аймақ жұрты жергілікті өнімге қол жеткізе бастады.

Жалпы, 3 млрд теңгеге іске ас­қан жобаның бастапқы 456 млн теңгесі «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан бөлініпті. Кәсіпкер фабрика­ны жабдықтауға «Аграрлық не­сие корпорациясынан» 880 млн тең­ге жеңілдетілген несие ал­ған. Жергілікті әкімдік те көмегін аяп қалған жоқ, индустрияландыру бағдарламасы аясында респуб­ликалық және облыстық бюджеттен 443,2 млн теңге бөлініп, өндіріс орнының инженерлік инфра­құрылымы жасақталды. 

Кәсіпкер өндіріс орнын ашу арқылы туған топырағын түлетіп,  жерлестерін жұмыспен қамтуды көздегенін айтады.

«Оларға жұмыс тауып, бала-шағаларын асырауға мүмкіндік жасаудан сырттап қалсам, азамат­­тығыма сын болар еді. Сол се­бепті фабриканы өзімнің туып-өскен ауылыма салуды жөн көр­дім. Осы күні жерлестер жәрде­мімен қолға алған істің барысына жұрт ризалық танытып жатыр. Амандық болса, алда талай жоспар бар», дейді кәсіпкер. 

Құс фабрикасы жобасына 3 млрд теңге инвестиция салын­ған. Сыйымдылығы 60 000 құсқа арналған 6 бордақылау, инкуба­ция­лық, сою, қалдықтарды өңдеу цех­тары және әкімшілік ғимара­ты бар өндіріс орнында 2023 жыл­дың қазанында инкубатордан алғаш­қы 57 000 балапан шығып, борда­қылау цехына жіберілді. Тез жетілетін бройлер тұқымдас қанаттылар қарашаның ортасынан бастап пышаққа ілінді. Осылайша, алғашқы 4 күнде 10 тоннадан ас­там өнім дайындалыпты. Алдағы уақытта толық іске қосылғанда 42 күндік тауықтың таза салмағы 2,2-2,5 келіге жетеді. Сол кезде тәу­лігіне 13-14 тонна өнім шығара бастайды. 

Қазір сіз бен біз алып жүрген тауық етінің дені мұздатылған. Осыны көтеріп жүрген мамандарға сенсек, тауық еті -40°С-та құрамы мен маңызын жояды екен. Сон­дықтан фабрикада жергілікті өнім­нің тұтынушыға құнары мен балғындығын сақтай отырып, сал­қындатылған күйде жетуі қадаға­ланып отыр. 

Бүгінде мұндағы 90-нан астам жұмысшының көпшілігі Ақтөбе ауылының тұрғындары болса, Ақжар мен Жосалы кентінен келетін бригадалар да бар. Барлық цех толық жұмысқа қосылғанда өндіріс орнында жұмыс істейтіндер саны 120-дан аспақ.

Жаңа жобаны жетілдіре түсудің жоспары көп. Соның бірі – Ақтөбе ауылы мен Қызылорда қаласынан құрама жем зауытын салу. Қазір осы бастама соңында жүрген кәсіпкер мұндай зауыт осы салада жүрген аймақ кәсіпкерлеріне де тиімді боларын айтады. Өңір үшін тың кәсіп бастаған кәсіпкер жергілікті азаматтарды құс шаруа­шылығының қыр-сырына қанықтыру үшін сырттан мамандар шақырыпты. Астана қаласы мен Атырау, Петропавл облыстарынан келген технолог, ветеринар-дәрігер, ветеринар-техниктер жергілікті мамандарды жаңа іске баулыды. Жалпы, көпшілігіміз құс баққанды оңай көретініміз рас. Шын мәнінде олай емес, әрине. Жаныңды салып істемесең қай кәсіптің де көгермейтіні анық.

Фабрикада балапанның өсіп жетілуіне қарай ауа тұрақтылығы, температурасы сақталып, қорегі, витамині уақтылы беріліп отырады. Өндірістің талапқа сай болуын қалаған кәсіпкер жұмыртқа тасымалдайтын арнайы көлік те алдырды. 

«Алда тауық етінен шұжық да­йындайтын зауыт ашу жоспар­да бар. Сонымен қатар өнім қалдық­тары, оның ішінде тауық­тың мойын еті мен ішкі құрылысы, си­рақ­­тары мен қанаттарын жарата оты­рып тыңайтқыш өңдеу де ойда жүр», дейді кәсіпкер Нұрлан Іздібаев.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала