Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша жаңа қарары: Мәжілісімендер не дейді

17 қаңтарда Еуропалық Парламент депутаттары «Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша Стратегиясы: серіктестікті нығайтудың жаңа мүмкіндіктері» атты қарарын қабылдауға дауыс берді.
 
Тиісті мамандардың айтуынша, құжат «жаһандық және өңірлік геосаяси өзгерістер контекстінде Еуропалық Одақ пен Орталық Азияның неғұрлым тығыз ынтымақтастығының мүмкіндіктері мен проблемаларын қарастыру» мақсатында әзірленген.

Бұл қарар туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депуттары не дейді? Осы ретте Ulys өз оқырмандарына бірнеше депутаттың пікірін жинақтап бергенді жөн санайды.

Парламент депутаты Айгүл Құспан халықаралық маңызды қарарға қатысты мынадай пікір айтты.

«Құжатта еуропалық парламентшілер ЕО елдерін «геостратегиялық маңыздылығын» ескере отырып, Орталық Азия мемлекеттерімен өзара іс-қимылды жандандыруға шақырады. Еуропалық Парламент ОА елдерімен парламентаралық байланыстарды дамытуға жәрдемдесуге дайын екендігін білдірді. Парламенттер желісі бойынша Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы ынтымақтастық белсенді дамып келеді.

Атап айтқанда, ЕО Сыртқы істер комитетінің төрағасы, Еуропалық Халық Партиясының Вице-президенті Дэвид Макаллистер бастаған делегациясы Қазақстанға 2023 жылғы тамызда келді.

СІМ-дегі кездесу барысында еуропалық әріптесім Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы саяси диалогтың өзекті жай-күйіне жоғары баға берді, сондай-ақ екіжақты және өңірлік ынтымақтастықтың басым бағыттары бойынша қарқынды өзара іс-қимылды құптады. «Қазақстан Еуроодақтың аймақтағы сенімді және тұрақты серіктесі, кең Азияға қақпа ашатын рөл атқарады. Орталық Азия Еуропа үшін маңызды. Ал Еуропа Орталық Азия үшін маңызды», - деді сол кезде еуропалық саясаткер...

Еуропалық депутаттар дайындаған жаңа баяндама Еуропарламенттің Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы өзара іс-қимылдың кең спектрін дамытуда аса маңызды рөл атқара алатынын, сондай-ақ еліміздің Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықты дамыту жөніндегі күш-жігерін қолдай алатынын көрсетті», - деп жазды Айгүл Құспан.

Ал тағы бір Мәжіліс депутаты Айдос Сарым бұл қарардың бұрынғыға қарағанда өзгеше екенін тілге тиек етеді.

«Өткен жылдардағы ұқсас құжаттармен салыстырғанда, 2024 жылғы Орталық Азия бойынша ЕО қарары өзінің сипатымен ерекшеленеді.
Мұнда алғаш рет Орталық Азия келесідей өңір ретінде қарастырылады: 1) өзінің өңірлік бірегейлігін – қазіргі заманғы халықаралық және өңірлік қатынастардың жекелеген мәселелері бойынша тәуелсіз ұстанымдарын ойдағыдай қалыптастырған; 2) саудада, инвестицияларда, бизнесте және инновацияларда өңірлік мүмкіндіктерді біріктірген.
Еуропалық парламент Еуропалық Одақ пен Орталық Азия үшін жаһандық және өңірлік сын-қатерлер мен қауіптердің ұқсастығын мойындайды, бұл ұзақ мерзімді, құрылымдық және өзара тиімді ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады.
Осыған байланысты Еуропаның заң шығарушы органы Еуропалық Одақты «геостратегиялық маңыздылығын» ескере отырып, Орталық Азиямен өзара іс-қимылды жандандыруға және саясат пен экономика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту арқылы Орталық Азия мемлекеттерімен стратегиялық әріптестікті ілгерілетуге шақырады», - дейді Айдос Сарым.

Депутат өз сөзін Еуропалық Одақтың Орталық Азия мемлекеттерімен өзара іс-қимылының қажеттілігіне қатысты Еуропалық парламентшілердің үндеуін тек қана құптауға болатындығын сөзінде анық айта келе былай дейді.
«...Сонымен бірге, біз «саяси қудалау» және «саяси тұтқындар» деп аталатын мәселе бойынша келіспейтініміз анық.
Қазақстан заңнамасында оған сәйкес еліміздің азаматтары қандай да бір саяси көзқарастары үшін қудаланатын бірде-бір жарлық, бірде-бір заң және нормативтік құжат жоқ. Елде Конституциямен цензураға тыйым салынады.
Керісінше, реформалар адам құқықтарын қорғау жүйесін, ой білдіру мен жиналыс бостандығын нығайтты. Парламент белсенді саяси пікірталастар мен халқымыз үшін маңызды мәселелер бойынша полярлық пікір білдіру алаңына айналуда. Заң Үстемдігі қағидаты - сот жүйесінің тәуелсіздігі мен кәсібилігі дәйекті түрде нығайтылуда.
Қазақстанның алдында тұрған басты міндет-Заң Үстемдігі мәдениетін нығайту. Заң мен тәртіптің диктатурасы Заңның барлығына бірдей қолданылуын қамтамасыз ету керек – ешкім бұдан тыс қалмауы керек. Қазақстан осыған ұмтылады және осы бағытта күн сайын жұмыс істейді»,- дейді А.Сарым.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала