Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

Мемлекет басшысы екі өңірдің әкімдерін қабылдады

Мемлекет басшысына Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыны қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

Шымкент қаласының 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп берілді.

Ғабит Сыздықбековтің баяндамасынан:

— былтырғы қорытынды бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 26% артып, 724,3 млрд теңгені құрады. Былтыр 1 млрд 51 млн теңгенің өнеркәсіптік өнімі өндірілді. Құрылыс саласы айтарлықтай жанданып, 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді;

— өңірде өнеркәсіп саласын дамыту үшін жалпы аумағы 867 гектар болатын 5 өндірістік аймаққа инфрақұрылым тарту жұмыстары қолға алынып, инвестициялық жобалардың пулы жасақталған;

— қазір 128 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 16,4% көп. Кәсіпкерлікті дамыту үшін 3498 жобаға жалпы сомасы 19,8 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілген;

— қалада жаңа әуежай терминалының құрылысы және теміржол вокзалын реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде;

— шаһарда «Ізетті зейнеткер» сауықтыру орталығы, Конгресс холл, Үстел теннисі кешені және жаңа ипподром сияқты нысандар салынған;

— былтыр үш мектепке қосымша ғимарат, Оқушылар сарайы және Балаларға арналған шығармашылық орталық ашылған;

— «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 28 мың оқушыға арналған 18 білім беру мекемесінің құрылысы басталған;

— 233 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, үлкен жолайырық пайдалануға берілген;
қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында биыл қала көшелеріне 3000 бейнебақылау камерасын орнату, 1000-ға жуық көшені жарықтандыру жоспарланған. Соңғы жылдары мұндай жүйелі шараның нәтижесінде қылмыс саны 33% азайған;

— жылдар бойы қараусыз қалған бұрынғы Фосфоршылар сарайы қала балансына қайтарылды.

Орталықтағы «Спутник» гүлзары мемлекет меншігіне өтіп, демеушілер есебінен қайта абаттандырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ғабит Сыздықбековке қала экономикасын одан әрі әртараптандыру, қосымша инвестиция тарту, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдау шараларын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Сонымен қатар Президент Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыны қабылдады. Мемлекет басшысына Түркістан облысының былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берілді. 

Өткен жылдың қорытындысы бойынша аймақтың негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінде оң динамика байқалады.

Атап айтқанда, өңірдегі өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,5% өсіп, 1 трлн теңгеден асқан. Өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін жалпы сомасы 30,2 млрд теңге болатын 20 жоба іске қосылып, 594 жаңа жұмыс орны ашылған;

Алдағы 5 жылда өңірдің өз кірісін 100 млрд теңгеге арттыру жоспарланып отыр.

Алдын ала есеп бойынша былтыр жалпы өңірлік өнім көлемі 3,8 трлн теңге болған.

Ал ауыл шаруашылығындағы өнім көлемі 1,1 трлн теңгені құраған. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республикада көш бастап тұр.

Саланы әртараптандыру нәтижесінде 3,3 млн тонна көкөніс, бақша өнімдері жиналды. Бұл — рекордтық көрсеткіш.

Ауыл шаруашылығында өнім көлемін арттыруға, суды үнемдеуге ықпал ететін жаңа әдіс-тәсілдер мен технологиялар енгізіліп жатыр.

Облыстағы кәсіпкерлік субъектілерінің саны 211 мыңға жетіп, 1,6 трлн теңгенің өнімі өндірілген.

Облыста жалпы сомасы 407,5 млрд теңге болатын құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 898,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

Үш мыңға жуық отбасы баспаналы болды.

Былтыр бюджет есебінен 35 мектептің құрылысы жүргізіліп, 20 мектеп ашылды.

«Жайлы мектеп» жобасы аясында облыста үш жыл ішінде 49 мың оқушыға арналған 63 мектеп салынады.

Өткен жылы облыстағы 20 елді мекенге жаңадан ауызсу құбыры тартылды. Тоғыз ауылдағы ескірген су тарту жүйелері жаңартылды.

62 газбен қамту нысанының құрылысы аяқталып, 48 елді мекенге көгілдір отын жеткізілді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкіміне халықтың әл-ауқатын арттыру, өңірдің экономикалық жағдайын жақсарту жөнінде берген тапсырмаларын жүйелі әрі сапалы орындау қажет екенін айтты.

Сондай-ақ Түркістан өңірін дамыту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. 

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала