Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

Мобильді аударымдар қандай жағдайда тексеріледі

Астананың Мемлекеттік кірістер департаментінің камералдық мониторинг басқарма басшысының міндетін атқарушы Әнуар Бекжұманов мобильді аударымдар қандай жағдайда тексеруге алынатынын түсіндірді, деп хабарлайды Kazinform.

«Қазіргі уақытта 2022 жылдың қорытындысы бойынша Мемлекеттік кірістер комитетіне үш ай қатарынан жеке банктік шоттарына әр түрлі 100 тұлғадан түскен аударымдар туралы ақпарат келіп түсті. Бұдан былай банктер тек белгіленген критерийлерге сәйкес келетін тұлғалардың деректерін әр жыл бойынша беріп отырады. Ал мобильді аударымдарды тексеру заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталып отыр. Тек әртүрлі тұлғалардан үш ай қатарынан ай сайын 100 немесе одан да көп мобильді аударымдар алған тұлғаларды ғана, яғни, кәсіпкерлік қызметтің белгілері байқалған жағдайда тексеру жүргізіледі», - деп түсіндірді Әнуар Бекжұманов Астана коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде. 

Оның айтуынша, жеке тұлғалар өздерінің туыстарына, достарына аударымдар, ата-аналар мен балаларға көмек және басқа да өмірлік жағдайлар үшін мобильді аударымдарды жасап, қабылдай алады. Алайда, мұндай аударымдар бір реттік болғандықтан, оны декларациялаудың қажеті жоқ.

«Осы ретте кәсіпкерлерге төлемдерді арнайы бизнес шоттарына қабылдау ұсынылады. Кәсіпкерлер төлем карточкаларымен төлем қабылдаудан бас тартқан жағдайда алғашында әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ескерту жасалады. Ал қайталап бұзған жағдайда – 147 680 теңге (40 АЕК) айыппұл салынады (ӘҚБтК 194-бабы).

Анықталған бұзушылықтар туралы ақпаратпен хабарламалар жіберіледі. Салық төлеуші бұзушылықтармен келісетін болса, ол жеке кәсіпкерді тіркеуге немесе табыстың декларацияланбаған сомасын көрсететін қосымша декларация ұсынуға тиіс. Ал егер салық төлеуші бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, ол бұзушылықтардың жоқтығы туралы түсініктеме және оны растайтын құжаттарды беруге құқылы», - дейді спикер.

Жеке кәсіпкерді тіркеусіз қызмет жасағаны үшін 15-тен 100 АЕК-ке дейін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Кірістерді жасырғаны үшін – төленбеген салық сомасының 200% мөлшерінде, ал қайталанған жағдайда – 300% айыппұл салынады. Чек бермегені үшін – 15-тен 50 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Әнуар Бекжұманов бұл бақылау шаралары адал салық төлеушілерге әсер етпейтінін жеткізді.

Еске сала кетейік, Салық кодексіне сәйкес, Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялау 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілді және төрт кезеңде өткізіледі. 

2023 жылдан бастап мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері және олардың жұбайлары декларация тапсыра бастады, онда 2022 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша деректер көрсетіледі. 

2024 жылдан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары, 2025 жылдан бастап – азаматтардың қалған санаттары, яғни, елдің барлық ересек тұрғындары декларация тапсырады. 

Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда 10 мың АЕК-тен аспайтын қолма-қол ақша көрсетіледі. Қазақстан аумағынан тыс мүлік, бұл жер учаскелері, үйлер, кеңселер, шетелдік банктердегі банктік шоттардағы ақша, Қазақстан аумағынан тыс жерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы қатысу үлесі, бағалы қағаздардың болуы туралы мәліметтер, дебиторлық, кредиторлық берешек, мұнда банктерге және банктерге берешекті қоспағанда, құжат нотариалды куәландырылған болуы тиіс.

Қазақстанда тіркелген жылжымалы және жылжымайтын мүлік, банк шоттары сияқты мәліметтер уәкілетті органдарда бар болғандықтан декларацияда көрсетілмейді. 

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала