Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.85

ҚАЗАҚСТАН ЕЛШІСІ ТҮРКИЯ ПАРЛАМЕНТІ ТӨРАҒАСЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Бинали Йылдырыммен кездесті. Жылы атмосферада өткен кездесу барысында Қазақстан мен Түркияның екіжақты және көпжақты ынтымақтастығына қатысты бірқатар мәселелер талқыланды. Бұл туралы ақпарат Түркиядағы елшіліктің әлеуметтік желідегі парақшасында жазылды.

Қазақстанның халықаралық аренадағы беделінің ұдайы өсіп келе жатқанын тілге тиек еткен Бинали Йылдырым Қазақстан Президенті Нұрсүлтан  Назарбаевтың Орталық Азия мен Түркі әлеміндегі ынтымақтастықты дамытудағы рөлін айрықша атап өтті. Түрік спикерінің пайымдауынша, Ресей, Қытай, АҚШ сияқты алпауыт мемлекеттер Қазақстанның басшысын ерекше құрметтейді және кеңестеріне құлақ асады. Ол, сондай-ақ, Түркия басшылығының да Елбасыға деген ерекше ілтипатына тоқталып, Қазақстанда  жүргізіліп жатқан сындарлы сыртқы саясат, соның ішінде Астана процесі үшін алғысын білдірді.

Өз кезегінде, елші Абзал Сапарбекұлы Қазақстан мен Түркияның стратегиялық әріптестер екендігіне назар аударып, өткен 2018 жылдың еіжақты қарым-қатынас тұрғысынан өте жемісті болғанын атап өтті. Осының дәлелі ретінде бір жылдың ішінде Түркияға Қазақстан Президенті, Премьер-Министрі, Сенат және Мәжіліс Төрағалары, Мемлекеттік хатшы, Сыртқы істер министрі және басқа да министрлер мен жоғары лауазымды тұлғалар деңгейіндегі сапарлардың өткенін келтірді.

Елші сондай-ақ Орталық Азияда болып жатқан жақындасу үдерістерге кеңірек тоқталып, өткен жылы Астанада аталған аймақтың мемлекет басшыларының алғашқы саммиті өткеніне назар аударды. Бұл ретте ол Түркияның да Орталық Азия үшін саяси және экономикалық тұрғыдан маңызды серіктес екенін де атап өтті.

Тараптар бұның сыртында екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық, заңшығарушылық салаларындағы ынтымақтастық мәселелеріне тоқталды. Атап айтқанда, түркі спикері Астанада орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымына қатысты тиісті заңның Түркия Парламентінде жедел түрде қабылдануын қамтамасыз етуге уәде берді.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала