Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.85

АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ 175 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ АТАЛЫП ӨТІЛЕДІ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келесі  жылы қазақтың біртаур ұлы тұлғасы Абайдың  мерейтойын мерекелеу туралы қаулыға қол қойды. Akorda.kz сайтында жарияланған Жарлықта 2020 жылы қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын жоғары ұйымдастырушылық және мазмұндық деңгейде мерекелеуді қамтамасыз етудің жолдары жазылған.

 

Қаулының мәтіні төмендегідей:

1. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) 2019 жылғы 1 шілдеге дейін 2020 жылы қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын (бұдан әрі – Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы) дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрсын;

2) 2019 жылғы 1 қазанға дейін Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспарды бекітсін;

3) Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейін кешенді жаңғырту жөнінде қажетті шаралар қабылдасын;

4) 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізсін;

5) Абай Құнанбайұлының еңбектерін кең таралған негізгі шет тілдеріне сапалы аударуды жүзеге асыру, басып шығару және халықаралық ілгерілету жөнінде қажетті шаралар қабылдасын;

6) Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын Біріккен Ұлттардың Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) мен Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) аясында мерекелеуді ұйымдастыру жөніндегі мәселені пысықтасын;

7) осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де шаралар қабылдасын. 

2. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

 

 

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала