Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

 «Шал, кел, біз асығыстық жасаппыз»: Бапи ескі Қазақстанның өкілдерін сынады

Соңғы күндері еліміздегі су тасқынына байланысты әлеуметтік желілерде негізі жоқ желсөзді желдей есіп жүргендер жетерлік. Табиғи апатты пайдаланып, дабылға қиқу қосып кеткендер де бар. Олар «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартадының» керін келтіріп жүр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи айтты, деп хабарлайды Ulys.

 «Иә, орын алған апатты жағдайдың ушығып кетуіне себеп болған жергілікті биліктің қамсыздығы мен дәрменсіздігіне қатысты сын айтылуы керек. Бірақ сын – шын болуы тиіс және ол сын билік пен қоғамдағы қателіктерді түзеуге сеп болғаны жөн. Ол сын қоғамға лаң салып, іріткі тудырмауы тиіс. Дегенмен, көзіқарақты адамға бұл ақпараттық өрттің бір пұшпағын «Ескі Қазақстанның» өкілдері үрлеп жүргені байқалады. Олардың мақсаты айқын – елдегі ереуіл жағдайды еселеп, өшпенділікті өршіту және сол арқылы қоғамда тұрақсыздық тудыру.  Нәтижесінде мемлекеттік органдар орашолақ, билік берекесіз деген қоғамдық пікір тудырып, қазіргі мемлекет басшысының беделін түсіріп, халықты жік-жікке бөлуді көздесе, екінші жағынан, 30 жылғы әрекетсіздіктері мен жемқорлығы салдарынан әбден қордаланып, бүгінде орын алып отырған табиғи апаттан өздерін арашалап алғысы келеді», - дейді Е. Бәпи.

Оның айтуынша жекелеген өңірлерді топан судың басуы, өзендердің арнасына сыймай тасуы – бір күннің, не бір жылдың кінараты емес. Бұл – көктемгі су тасқынына бөлінген қаражаттың 30 жыл бойы талан-таражға түсуінің, апаттың алдын алуға және су қоймаларына арналған бөгеттер мен арналардың салынбауының, өзендер мен арықтар арнасының кеңейтілмеуінің салдары. Тиісті гидрогеологиялық ғылымды құртып, су шаруашылығы саласын таратып жіберудің зардабы.

«Қазіргі қолданыстағы су қоймалары мен бөгеттер өткен ғасырдың 50-70 жылдары салынған. Мәселен, Тарбағатай мен Зайсандағы мен өз көзіммен көріп қайтқан Қандысу және Үйдене су қоймалары 1960 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Кендірлік өзеніне су қоймасын салу жөнінде 1990 жылы көтерілген жергілікті бастаманы құлаққа қыстырған ескі билік жоқ. Мұндай керенау фактілер басқа аймақтарда да орын алғанын тасқын басқан өңірлерге барып қайтқан депутаттар да айтып келді. 

Елде соңғы 30 жылда бір де бір жаңа су қоймасы салынбаған. Міне, қазір соның зардабын тартып жатырмыз. Жемқорлықты бұйдасыз жіберіп, халықтың қазынасы есебінен шылқып байыған ескі жүйенің тасада отырған жымысқы жемқорлары бұған бүгінгі жаңа буынды кінәлі қылмақ ойлары бар.

Енді міне, елдегі апатты жағдайды пайдаланып, «ескі Қазақстанның» өзеуреген өкілдері ақпараттық майданның отына май құя бастады.

«Шал, кет!» деген ескі ұранды жаңғыртып, «шал, кел, біз асығыстық жасаппыз» деген далбасаны жалаулатып, ескіні аңсаудың амалымен ағайын арасын арандатқысы келеді. Кімнің – кім екенін, «ескі» мен «жаңаның» айырмасын халық жақсы білуі тиіс. «Ескінің» есесін іздегендер тик-ток желісіне салып, әлеуметтік желілер мен уатсаб сегментінде тарап жатқан «Тоқаевтың кезінде халық кедейленіп кетті» деген технологиялық пропагандаға қарсы көптеген дерек келтіруге болады.

«Сезікті бұрын секіреді» дегендей, ескі Қазақстанның кейбір өкілдері «мұндай ақпаратқа біздің қатысымыз жоқ» деп, ат тонын ала қашып, ақталып бағуда. Сондықтан ел Үкіметіне, Бас прокуратураға ақпараттық кеңістігімізге тұрақты мониторинг жасап, елдің бірлігіне сына қағатын, арандатушылық сипаты бар, заңға қайшы, негізі жоқ фейк ақпараттарды таратудың алдын алу шараларын қолға алуды ұсынамын», - дейді депутаты.

Депутат                                                                       Е. Бапи

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала