Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

ХОЖАЛЫ ГЕНОЦИДІ

Бүгін бауырлас Әзірбайжан елінде Хожалы құрбандарын еске алу күні. Себебі, Таулы Қарабахқа қарасты аталған қалаға 1992 жылдың ақпан айының 25-нен 26-на қараған түні шабуыл жасалып, жүздеген бейбіт әзербайжан өлтірілді. Бұл 27 жыл өтсе де әлі әділ бағасы берілмей келе жатқан қанды оқиғаның бірі.

Хожалы қырғынына байланысты Әзірбайжанның Сыртқы істер министрлігі мен Бас прокуратурасы арнайы мәлімдеме жасады. Онда көрсетілгендей, Армения Республикасы Әзірбайжан Республикасына қарсы жүргізген басқыншылық соғысы арқылы Әзірбайжан Республикасы жерінің бестен бір бөлігін басып алған. Ал Хожалыны оккупациялау кезінде тіпті шектен шыққан. Әзірбайжанның Таулы Қарабақ өңірінде орналасқан Хожалы қаласында трагедиялық оқиғаға дейін 7000 мың адам тұрған. Аталған қаланы 1991 жылдың қазан айынан бастап армян қарулы күштері қоршай бастаған. Ал 1992 жылдың ақпан айының 25-нен 26-на қараған түні Армения қарулы күштері бұрынғы КСРО Қарулы күштерінің 366 мотоатқыштар полкінің көмегімен артиллериялық соққы жасап, Хожалыны басып алып, қала халқына жауыздық әрекеттер жасаған. «Хожалы геноциді салдарынан 5379 қала тұрғыны депортацияланды, 613 адам, оның 63-і бала, 106-ы әйел қатыгездікпен өлтірілді, тіпті 8 отбасының тайлы-таяғы қалмаған, 487 адам жарақат алды, 1257 адам қолға түсіріліп, кепілдікке алынды. Ал 150 адамның (68 әйел, 26 бала) тағдыры әлі күнге дейін белгісіз. Армения қарулы күштерінің Хожалы қаласын басып алуы Әзірбайжан мемлекеті мен халқына 170 миллион АҚШ долларынан астам шығын әкелді» делінген құжатта. Әзірбайжанның Сыртқы істер министрлігі мен Бас прокуратурасының арнайы мәлімдемесінде Хожалыдаға қырғын олар тек әзірбайжан боғаны үшін жасалды деген түйінге келеді. Бауырлас халықтың қайғысына қатысты белгілі журналист, түркі әлемі тақырыптарында қалам тартып жүрген Аменкелді Құрметұлы өзінің фейсбук әлеуметтік парақшасында мынадай пікір білдіріпті. Толық беруді жөн көрдік.     

Аменкелді ҚҰРМЕТҰЛЫ, журналист

27 жыл бұрын, 1992 жылдың 26 ақпанында Əзербайжанның Хожалы қаласында қасіретті оқиға болған деседі. 25 інен 26 қараған түні армян қарулы топтары КСРО Қарулы күштерінің 366 мотоатқыштар полкінің (кейін полк таратылды) көмегімен Әзербайжанынң Хожалы қаласына шабуыл жасаған. Бір түнде 613 бейбіт тұрғынды қырып тастапты. Олардың ішінде 63 бала, 70 қария, 106 әйел болыпты. Сол кезде Армения қорғаныс министрі қызметін атқарған, былтырға дейін елдің президенті болған Серж Саргсян "Хожалыдан бұрын əзербайжандар армяндардың бейбіт тұрғындарға тиіспейтініне сенімді еді" депті. Яғни геноцидті əдейі ұйымдастырса керек. Із-түзсіз кеткен 150 ге жуық адам тағы бар. 25 бала тұл жетім қалса, 130 баланың ата-анасының бірі көз жұмған екен. Содан бері 27 жыл өтті. 
Айтпақшы, 366 гвардиялық мотоатқыштар полкі 25 гвардиялық мотоатқыштар дивизиясының құрамына кіріпті. Ол ол дивизия ХХ ғасырдың басында Орта Азияда әрекет еткен "3 түркістандық кавалерия дизивиясының" негізінде жасақталса керек. Ал бұл дивизия 30 жылдарға дейін "басмашыларды жоюмен" айналысқан. Қысқасы, 366 полктің әу бастағы "миссиясы" түркі халықтарына қарсы күрес болғанға ұқсайды. Полк соңғы рет түркі халқына Хожалыда қару кезенді. Бейбіт тұрғындарға қарсы оқ атты. Солай.
Хожалы қырғынын түркі жұрты ұмытпағаны жөн-ау. Кімнің дос, кімнің қас екенін естен шығармау үшін керек ол.

 

 

 

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала