Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

Мұнайлы аймақтағы тасқын жанармай бағасына қалай әсер етуде

Фото: Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің облыстық департаменті

Елдің 12 өңірін қамтыған биылғы тасқынның салдарын жою күзге дейін жалғасатын түрі бар. Адамдардың жеке мүлкі мен малының шығынын есептеудің өзі ұзаққа созылатыны қазірдің өзінде айқын көріне бастады.

Бұған дейін  Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров тасқынның экономикалық шығыны 200 млрд теңгеден асатыны туралы болжам айтса, «Шаңырақ» ұлттық агро-қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алмасбек Садырбаев шығын көлемі 150-200 млрд теңге төңірегінде болады деп отыр.

Төтенше жағдайлар министрлігінің соңғы мәліметі бойынша, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында  6 046 жер үй, 1 130 аула әлі су астында қалып отыр.

 634 МҰНАЙ ҰҢҒЫМАСЫНА ТАСҚЫННАН ҚАУІП ТӨНДІ

Тасқын елдің энергетикалық жүйесін де сынақтан өткізіп жатыр деп айтуға болады. Оның үстіне көктемгі егіс науқанымен қабаттасып келгені және бар. Тасқын аз жылдардың өзінде көктемгі дала жұмыстарына жанармай жетпей, елді әбігерге түсіретін жүйеміз әзірге сыр бере қойған жоқ. Тасқынның негізгі ошақтары мұнайлы өңірлерде болып жатқаны, қазақ мұнай индустриясының алтын діңгегі саналатын Құлсары қаласындағы күрделі ахуал қара алтын өндірісіне де кедергі келтіре бастады. Энергетика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, тасқын салдарынан Ақтөбе және Атырау облыстарының бірқатар мұнай өндіруші кәсіпорындарында 634 ұңғыманың жұмысы тоқтатылған. Ал мұнай өндірудің жалпы шығыны 16 мың тоннаға жеткен.

«Бүгінгі таңда 141 ұңғыманың жұмысы қалпына келтірілді. Тағы 493 ұңғымада мұнай өндіру тоқтап тұр. Оның ішінде Ақтөбе облысында «СНПС– Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ға тиесілі 440 ұңғыма, «ҚМК Мұнай» АҚ-ға тиесілі 25 ұңғыма, «Фирма Ада Ойл» ЖШС-ге тиесілі 24 ұңғыма (барлығы 489 ұңғыма – ред.) және Атырау облысында Ембімұнайгаз» АҚ-ға тиесілі 3 ұңғыма, «5А Ойл» ЖШС-ге тиесілі 1 ұңғыма бар», - дейді Энергетика министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Ілиясов.

ЕЛДЕГІ ЖАНАРМАЙ ҚОРЫ НЕШЕ КҮНГЕ ЖЕТЕДІ?

Бұл ақаулар елдегі жанармай бағасына қалай әсер етеді? Министрлік мамандары АИ-92 бензиін мен дизельдің бағасын тасқын болған өңірлерде де, жалпы республика бойынша да қазіргі деңгейде ұстауға толық мүмкіндік бар екенін айтады.

Нақтырақ айтсақ, Атырау облысында 43 күнге жететін 48 мың тонна жанармай, Батыс Қазақстан облысында 40 күнге жететін 16 мың тонна өнім, Солтүстік Қазақстан облысында 83 күнге жететін 51 мың тонна бензин мен дизель, Шығыс Қазақстан обылсында 26 күнге жететін 20 мың тонна жанармай, Қостанай облысында 41 күнге жететін 47 мың тонна дизель мен бензин қоры сақтаулы тұр.

Ал бүкіл Қазақстан бойынша 33 күнге жететін   480 мың тонна бензин, 56 күнге жететін 107 мың тонна авиаотын, 39 күнге жететін 610 мың тонна дизель қоры бар.

ТАСҚЫННЫҢ ҚАУІПІ ҚАНДАЙ?

 «Қазгидромет» сәуірдің соңғы онкүндігінде Жайық арқылы Ресейден келетін тасқын толқыны Батыс Қазақстан мен Атырауды әбігерге салатынын болжап айтқан. Елдегі санаулы мұнай өңдейтін зауыттың бірі Атырау облысында тұр. Қазір бұл нысанды тасқыннан қорғау жұмыстары жүріп жатыр. Қазір мұнда тәулік сайын 15,9 мың тонна мұнай өңделеді. Яғни қалыпты деңгей сақталып отыр.

Тіпті Атыраудағы зауытқа тасқын қаупі төнгеннің өзінде елдегі барлық жанармай түрлінің қоры кемінде 33 күнге жететінін жоғарыда айттық. Оның үстіне Мамыр айының басында Шымкенттегі мұнай өңдейтін зауыт жоспарлы жөндеуден кейін іске қосылмақ. Ал бұл кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 6 млн тонна мұнай өңдеуге қауқарлы.

Осының бәрін қорытсақ, тасқынға қарамастан, қазақстандық жүргізуші куәлігі бар және көлігін Қазақстан аумағында тіркеткен азаматтар үшін жанармай бағасы өзгеріссіз болады. Нақты айтсақ, АИ-92 мен АИ-3 бензинінің бір литрі 205 теңгеден, дизель литрі  295 теңгеден босатылады.

Энергетика министрлігінің дерегі бойынша, Қазақстандағы жанармай бағасы іргелес нарықтардың ішіндегі ең арзаны болып тұр.

Елдер          АИ-92 бензині (теңгемен)       Дизель

(теңгемен)

Армения     555    612

Қырғызстан 318    363

Ресей 244    316

Өзбекстан   405    450

Қазақстан    205    295

Министрлік мамандары бұл жағдай біздегі салыстырмалы түрде арзан жанармайдың түрлі жымысқы жолдармен іргелес елдерге сатылуына түрткі болады деп қауіптенеді. 11 сәуірде Энергетика министрлігі «Ашық НҚА» порталына бензиннің бөлшек саудадағы бағасын көтеріп, дизель бағасын төмендету туралы бұйрық жобасын жариялады.

Осылайша ел аумағында АИ-92 және Аи-93 бензиндерінің әр литрі 245 теңгеден,  дизельдің бір литрі 315 теңгеден сатыла бастады. Ал жанармайдың көтерме саудадағы бағасы өзгеріссіз қалды.

Бұдан шығатын қорытынды, бензиннің 20 пайыз қымбаттап, дизельдің 43 пайыз арзандауы тасқынға байланысты емес, жоспарлы шараның әсері.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала