Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.85

Барлық дінге ортақ құндылықтар негізіндегі жадынама әзірленгені жөн – Нұрлан имам

Қазақта «дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деген жақсы сөз бар. Еліміз Тәуелсіздіктің ақ таңы атқан кезеңнен бастап, азаматтарының діни-наным сеніміне нұқсан келтірмей, емін-еркін мінажат етуіне, ғибадат жасауына барлық жағдай жасап келе жатыр. Соның арқасында қазақ жерінде егемендіктің елең-алаңынан бері діни де, ұлтаралық та қақтығыс болған емес. Бұл алдағы уақыттарда да бұлжымауы тиіс қағдида да болуы қажет. Астанадағы «Алланың гүлі» аталып кеткен Ырыскелді қажы атындағы мешіттің бас имам Нұрлан имам Байжігітұлы да еліміздегі дінаралық татулыққа жоғары баға беріп, оны одан ары дамыта түсу үшін әлі де жұмыс істеу қажеттігін айтады.

«Бүгінгі таңда еліміздегі дінаралық татулық жақсы деңгейде дамып, өрістеп, өркендеп келе жатқаны шындық. Өйткені, бұл сала қалай болғанда да әрдайым мемлекетіміздің басты назарында болуы тиіс деп есептеймін. Өйткені, дінаралық, конфессияаралық, ұлтаралық татулық күнтәртібінен еш уақытта түспейді. Сондықтан барлық дін қызметкерлері өздерінің діни догмаларын ортаға салып, «менің айтқаным былай», «менің дінімде былай» демей, ортақ концепция қалыптастыруы қажет. Мәселен, дөңгелек үстел басында кездескен кезде «біздің дінімізде былай» делінген тек консерватизм түріндегі ой-пікір қалыптасады», - деді Нұрлан имам.

Оның пайымынша, осы салаға қарайтын Дін комитеті немесе министрлік не болмаса елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында отыратын ұйымдар, діни зерттеу орталықтары тарапынан «дін қызметкерлердің өзара қарым-қатынасы қалай қалыптасуы керек», «не айтуы тиіс және қандай негізгі принциптерді ұстанғаны» жөн деген мәселе шешілуі тиіс.

«Әйтпесе, барлық дін өкілдері кездескен кезде христиандар «Киелі кітапта былай» деп, мұсылмандар «Құранда былай делінген» дейді де, ең соңында әркім өз пікірінде қалып қояды. Сондықтан барлық дінге ортақ татулық, бірлік, ынтымақ, келісім, төзімшілдік сияқты құндылықтар негізде әзірленген жадынама болуы тиіс деп есептеймін. Осы іс-шаралар қолға алынған кезде дінаралық татулық бекем бола түседі», - деді Ырыскелді қажы атындағы мешіттің бас имам.

Осы орайда Нұрлан имам Қазақстанның діни емес, зайырлы мемлекет екендігіне баса назар аудартты.

«Жалпы, мемлекетіміз діни мемлекет емес. Мемлекет өсіп-өркендеймін десе белгілі бір діннің ғана мүддесін қорғамауы қажет. Өйткені, елміз көпконфессиялы болғандықтан жалпы зайырлық принциптерін бұлжытпай нық ұстануы тиіс. Бұған қоса, мемлекет дін жұмысына араласпауы керек. Иә, белгілі бір деңгейде шектен шықса, кей әрекеттердің еліміздің конституциялық құрылымына кесірін тигізетін болса, яғни, кереғар бағытта уағыз, насихат жүргізілсе, онда мемлекет міндетті түрде араласуы қажет. Ал, жалпы діни ұйымдардың кез келген ісіне араласып, тапсырма беру арқылы оны мемлекеттің қолшоқпарына айналдырмаған жөн», - деді Нұрлан Байжігітұлы.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала