Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.85

Жаңаратын энергия көздерін дамыту үшін салаға заңнамалық қолдаулар қажет

Еліміз Көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясын қабылданды. Бұл дегеніміз елімізде жаңартылатын энергия көздерін қарқынды дамыту қажет деген сөз.

Өйткені, бүгінде электр энергиясының 70 пайызға жуығын және жылу энергиясының 99 пайызын көмірді жағу есебінен алып отырмыз. Еліміздегі көмірмен жұмыс істейтін стансалар 6 517 ГВт электр энергиясын береді. Ал тағы 2 883,54 МВт қуат 146 жаңартылатын энергия көзінен алынады. Оның ішінде жиынтық қуаты 1 409,55 МВт 59 жел электр станциясы, жиынтық қуаты 1 202,61 МВт 45 күн электр станциясы, жиынтық қуаты 269, 605 МВт 39 су электр станциясы  және жиынтық қуаты 1,77 МВт 3 биогаз электр станциясы бар. 2026 жылға қарай 4 өңірде атап айтқанда, Алматы, Қызылорда Түркістан және Ұлытау облыстарында жалпы 1 700 МВт қуаты бар икемді генерация көздері жұмыс істейді деп жоспарлануда. 2027 жылға қарай тағы 1,4 гигаваттық қуат көздері іске қосылмақ. Жалпы, соңғы 5 жылдың ішінде елімізде өндірілетін қуаттың жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергетиканың үлесі 5 пайызға жуық өсіп отыр.

Жаңаратын энергия көздерін дамыту үшін салаға заңнамалық қолдаудың да қажет екендігі анық. Сондықтан да таяуда ғана Мәжіліс жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау, электр энергетикасы және табиғи монополиялар мәселелері туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған болатын. Депутаттардың бастамасымен әзірленген заң жобасында «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі шағын ауқымды объект» ұғымы алғаш рет енгізіліп отыр. Бұл – қуаттылығы 200 МВт-тан аспайтын жел, күн және басқа да баламалы электр станциялары. Төмен қуатты жаңартылатын энергияның мұндай көздерін шағын және орта бизнестің, шаруа және фермер қожалықтарының, сондай-ақ жеке және көппәтерлі үйлердің қажеттіліктері үшін пайдалануға болады. Мұндай қондырғылардың иелері артық өндірілген электр энергиясын энергиямен жабдықтаушы ұйымға сата алады. Ол үшін жаңартылатын энергия көздері нысанының иесі жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің қажеті жоқ.

Күн электр станциясы демекші, әлемнің бірқатар елінде дәл осы жаңартылатын энергия көзіне қатысты ұлттық бағдарламалар әзірленген. Мәселен, Германия мен Жапонияда «100 мың күн шатыры», АҚШ-та «1 млн күн шатыры» бағдарламасы сәтті жүзеге асырылып жатыр. Елімізде арнайы бағдарлама қабылдамаса да, күн панельдерін орнату біршама жолға қойылған. Айталық, Алматы қаласында 19 үйге күн панельдері орнатылған. Олардың әрқайсы 5 кВт-тан 80 кВт-қа дейін электр энергиясын береді. Түркістан қаласындағы орта мектепке қуаты 50кВт-тық күн станциясы орнатылған. Ал еліміздегі 7 мыңға жуық мектептерде осындай күн электр станциясын орнатсақ, онда қуат көлемін 350-400 МВ-қа дейін арттыруға мүмкіндік бар. Шағын шаруашылықтардың басым бөліктері жарықты осы күн панельдерінен алып отырғаны белгілі.

Еліміздің шағын су электр станцияларын дамытуға да әлеуеті жеткілікті. Алайда, өкінішке орай, қазіргі уақытта мұндай шағын стансалар өндірген энергияларын сатуға келгенде бірқатар кедергілерге ұшырап отырғаны белгілі. Мәжіліс қарауында жатқан жоғарыдағы заң жобасы арқылы алдағы уақытта олардың проблемасы шешілмек. Яғни, шағын су электр станцияларының иелеріне ерекше жағдай жасалатын болады. Нақтырақ айтқанда, заң қабылданғаннан кейін қуаты 10 МВт-қа дейінгі шағын су электр станцияларына электр энергиясын реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға – жеке-жеке кәсіпорындарды электрмен жабдықтаушы компанияларға тікелей сату құқығын береді.

Қазақстан баламалы және жаңартылатын энергияның үлесін ұлғайту мәселесін үнемі көтеріп келеді. Оның жоспары да баршылық. Ол үшін Үкіметтің жоспары, алға қойған  мақсаттары мүлтіксіз жүзеге асырылуы тиіс.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала