Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.85

СҰЛТАН БЕЙБАРЫС МЕШІТІН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУГЕ МЫСЫР ҚОМАҚТЫ ҚАРЖЫ БӨЛДІ

Мысыр үкіметі Сұлтан Бейбарыс мешітін қалпына келтіру үшін 181 миллион фунт бөлді. Бұл жайлы ақпарат аталған елдегі Қазақстан елшілігінің фейсбук әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында жарияланды.

Мысыр Парламентінде Қазақстанның Елшісі Арман Исағалиевпен өткен кездесу барысында Мысыр Араб Республикасы Уақыптар министрі Мұхтар Джумаа Каирдегі Сұлтан Бейбарыс мешітін қалпына келтіру үшін Мысыр Үкіметі 181 миллион фунт (яғни, 10,5 миллион АҚШ доллары) бөлгенін айтты. Бұған қоса, Уақыптар министрлігі өз қаражатынан бұл жобаны тез аяқтау мақсатында қосымша 10 миллион фунт бергенін басып айтты. Бұл жаңалық Қазақстан мен Мысыр арасындағы тарихи байланыстардың рәмізіне айналған қазақ даласының перзенті Сұлтан Бейбарыстың мұрасын жаңғырту жұмыстары көп ұзамай аяқталады деген сенім ұялатады.
2007 жылғы 28 қазанда ҚР мен МАР үкіметтері арасында қол қойылған келісім негізінде аталған мешітті реставрациялау жобасы және оның 12,0 млн. АҚШ доллары мөлшерінде бюджеті бекітілген еді. Келісімге сәйкес, аталған соманың 4,5 млн. АҚШ долларын Қазақстан тарапы бөлді, ал қалған бөлігін Мысыр үкіметі қаржыландыруы тиіс еді. Жоба 2011 жылдың қазанында аяқталуы керек болған, алайда Мысырдағы сол кезге болған саяси және экономикалық дағдарыс себебімен тоқтап қалған еді. 
2018 жылғы қазан айында, яғни 7 жылдан соң, Сұлтан Бейбарыс мешітінің реставрациялау жұмыстары қайта басталды. Жоба МАР Көне ескерткіштер министрлігі және бас мердігер «Араб контракторс» компаниясы іске асырады. Мешіттің шаңырақты бөлмелері, дәлізі, күмбезі, мұнаралары қайта көтеріліп, орталық алаң мен сыртқы қабырғалары жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жобаның техникалық бақылауын мысырлық археологтар мен тарихи сәулетшілерден құрылған арнайы комиссия жүргізеді. 
Мысырда көлемі бойынша екінші орынды иемденген бұл мешіт қалпына келтірілгеннен кейін елдегі ең танымал тарихи және туристік орталықтардың біріне айналатынына күмән жоқ.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала