Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.85

«ҚАЗАҚСТАН» КОРПОРАЦИЯСЫ «KINOMAX» МОБИЛЬДІ ҚОСЫМШАСЫН ІСКЕ ҚОСТЫ

Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Digital платформадағы жаңа жобалары мен Димаш Құдайбергеннің  29 маусым күні  Нұр-Сұлтанда өтетін «Arnau»  концертіне арналған баспасөз конференциясы өтті.

Шара барысында «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин «Kinomax» жаңа мобильдік қосымшасының іске қосылуы жайында және «Arnau» концертінің дайындық барысы жөніндегі жаңалықтарды айтып берді. «Қазір цифрландыру дәуірі, сондықтан көрермендердің көбісі әлеуметтік желілерде, түрлі интернет сайттарда өздеріне қызықты да қажетті контентті тауып, тамашалай алады.  Таңдау көп, сондықтан танымал трендтерге сәйкес келетін контент жасаушылар саны күннен-күнге көбейіп келеді, бәсекелестік күшейе түсуде. Осы орайда «Қазақстан» корпорациясы заман талабына сай жұмыс істеуде. «Өткен жылы «Qazaqstan Tv» мобильдік қосымшасын  іске қосқан болатынбыз, сол арқылы телеарналарымыздың жобаларын онлайн режимде көру мүмкіндігі пайда болды. Аздаған уақыттың ішінде қосымшаны жарты миллионнан астам қолданушы жүктеп  алды.  Сондай-ақ әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттарымызда жазылушылар саны 1 599 762 адамға жетті. Ал «Qazaqstan Tv» Youtube арнасының жазылушылар саны миллионға жетіп отыр, сондықтан қазіргі сәтте еліміздегі мемлекеттік телеарналардың ішінде ең алдыңғы орында тұр.  Маусым айында «Youtub-тың алтын батырмасын» иеленуіміз әбден мүмкін. Одан басқа,  корпорациямызға қарасты барлық аккаунттар мен домендер Qazaqstan Tv-ге ауыстырылды.  Жастар жылы аясында Youtube арнамызда жастарға арналған ситком дайындап жатырмыз, ол туралы кейінірек білесіздер», - деді Басқарма төрағасы Ерлан Тынымбайұлы.  Сонымен қатар ол корпорацияның жаңадан іске қосылған «Kinomax»  мобильді қосымшасын таныстырды.

 

«KINOMAX»  МОБИЛЬДІ ҚОСЫМШАСЫ БАРШАҒА ҚОЛАЙЛЫ

 

«Бүгін Сіздердің назарларыңызға ұсынып отырған  «Kinomax»  мобильді қосымшасы – бұл Andriod және IOS платформаларында тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді видеосервис. Осы қосымша арқылы отандық телехикаялар, көркем және деректі фильмдер, анимациялық фильмдерді онлайн режиммен қатар, оффлайн режимде де көруге болады. Қосымшада «Kinomax-тегі жаңа фильмдер» деген айдарда жаңадан енгізілген кинотуындылар жиналған, «Осы аптада танымал» бөлімінде қолданушылардың арасында танымал, жоғары бағаланған контент, ал «Дәл қазір көруде» - сол сәтте қолданушылардың тамашалап жатқан контентін көре аласыздар. Сонымен қатар, кішкентай бүлдіршіндер үшін «Балапан» режимі қарастырылған. Бұл топтамада «balapan» телеарнасының бағдарламалары, анимациялық фильмдер ұсынылған. Бұл видеосервис отандық контентті дамытумен қатар, аудитория сұранысына  сай  сапалы жобаларды ұсыну мақсатында іске асырылды. Осы арқылы біз көрермендеріміздің талғамын ескеріп, бәсекеге қабілетті және түрлі жанрлардағы контентті ұсынуды көздейміз»,-деді Ерлан Қарин.

ДИМАШТЫҢ КОНЦЕРТІНЕ КӨПТЕГЕН ЕЛДЕРДЕН КӨРЕРМЕН КЕЛЕДІ

Бұдан соң тақырып Димаш Құдайбергеннің концертіне дайындық барысы жайына ойысты. Тума таланттың концертіне келетіндердің қарасы күн санап артып, әлемінің әр түкпірінен билет сатып ала бастапты. «Концертке билет сатып алушылардың ең көбі қазақстандықтар, одан кейін Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Франция, Германия, Жапония, Түркия, Нидерланды, Румыния, Польша және т.б. Ең алыс елдердің арасында Бразилия, Мексика, Африка, Канада, Австралия. Билеттер сатылымға шыққан алғашқы күні  6926 билет (30%) сатылған. Бір аптадан кейін билеттер сатылымы 11099-ға (48,2%) жеткен. Бүгінде сатылым 66%-ды құрады, яғни, 15156 билет сатылды. Димаштың концертіне келем деушілердің саны өте көп, үлкен аншлагпен өтеді. Димаштың дауысы – бұл адамдардың жүрегін жаулап алатын,  ерекше импульс, былай айтқанда  «Kinetic Voice» (от греч. Kinetikos – қимылға әкелетін әрекет). Бұл - Димаштың концертінің басты концепциясы. Шоу  кинетикалық стильде құрылған, оның образына дейін имиджмейкерлермен кеңінен ойластырылған. Әр номер – ортақ идеяны жеткізетін жеке оқиға, мини-спектакль деуге болады. Қазіргі сәтте барлық техникалық жағдайлар, мультимедиялық шешімдер, сахнаның әрленуі, дыбыс пен жарық мәселесі шешілді. Енді декорация мен реквизит қарастырылып жатыр. Концерттін теленұсқасын сапалы түсіру жұмыстары да ойластырылуда, алдағы 3 айға жоспар құрылған.  Шығармашылық топпен музыкалық материалдар, қойылым жұмыстары мен графикалық шешімдер толық іске асырылып жатыр.  Концертке қатысатын түрлі жанрдағы бишілер тобына арнайы кастинг жүргізілді. Кастинг қорытындысы бойынша халықаралық алаңдарда өнер көрсеткен еліміздің ең мықты бишілері қатысатын болды». Тағы да бір жаңалық, 1 мамыр күні Ұлттық арна эфирінен Димаштың Наурызда Мәскеудегі Кремль сарайында өткен концерті көрсетіледі. Сондай-ақ, корпорация Димаш туралы деректі фильмнің түсірілімін бастап кетті. Бұл туындыда Димаштың өмірі, шығармашылығы жайлы баяндалады.  
 

 

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала