Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.85

Солтүстікті газбен қамту қалай жүргізіліп жатыр

Қазақстан энергия көзі саналатын минералдар мен көмірге бай мемлекет саналғанымен, қазірдің өзінде газдан тапшылық сезіне бастады. Мұны біреулер 30 жыл бойы жүргізілген ысырапшыл саясаттың кесірі деп бағаласа, тағы бір топ жаңа мүмкіндік етіп көрсетуге тырысады.

Қазақстанға атом электр стансасын салу қажет деген ұстанымды қолдаушылар көмір мен газ энергиясынан неғұрлым тәуелсіз болсақ, қоршаған ортаға тигізер зиянымыз соғұрлым аз болады деген ұранды алға тартып жүр. Бір қараған адамға соңғы ұстаным орынды көрінгенімен, «жасыл экономикаға» толықтай басымдық берген Германияның жолы ойлантпай қоймайды.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін энергия көзінің тапшылығын атом энергетикасы арқылы шешкен бұл мемлекет, жиырмасыншы ғасырдың аяғына қарай АЭС қызметінен толық бас тартуға көшті. Қазір германиялық табиғат жанашырлары бір кездегі ядролық реакторлардың радиоактивті қалдықтары топырақ пен жерасты суын ластап жатыр деген дабылды жиі қағады.

ҚАЗАҚСТАН ГАЗ ҚОРЫ БОЙЫНША ӘЛЕМДЕ 22-ОРЫНДА

Қазақстан аумағында газдың 3,8 трлн текше метр қоры бар екені нақты дәлелденген. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемде 22-орында, ал ТМД елдері арасында Ресей мен Түрікменстаннан кейін үшінші орында тұр.

Соған қарамастан кейінгі жылдары бізде де газ тұтыну көлемі жылдам артып келеді. 2017 жыл мен 2021 жыл аралығында Қазақстанның газ тұтыну көлемі 13,8 млрд текше метрден 18,6 млрд текше метрге дейін өскен.  Яғни, жыл сайын газ тұтыну мөлшері  7 пайызға артып отыр. 27 наурыздағы мәлімет бойынша, бүгінде халықтың 60 пайызы немесе 12 миллион адам көгілдір отынның игілігін көріп отырған көрінеді. Жыл сайын 25 млрд текше метр газ тұтындық деген күннің өзінде біздегі газдың қоры 100 жылға жетеді дейтін есептер бар. Жыл сайын елімізде 60 млрд текше метр тауарлық газ өндіріледі. Соның 25 млрд текше метрі ішкі қажеттілікке жұмсалса, қалғаны экспорттық міндеттемелерді орындауға жұмсалып жатыр деген сөз.  Өзіміздегі газды Шығыстан Батысқа қарай 3 мың шақырымға созылып жатқан аумақтың әр түкпіріне жеткізудің шығыны өзін ақтамай қалуы да мүмкін. Сондықтан мемлекет Ресей газына «құдалық түсіп отыр».

СОЛТҮСТІКТІ ГАЗБЕН ҚАМТУ

Үкімет отырыстарының бірінде Премьер-Министр Олжас Бектенов Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтен елдің орталығы мен солтүстік-шығысы әлі де болса газдандырылмағанын айта келіп, бұл шаруа қашан іске асатынын сұраған.

Министрдлің сөзінше, бұл шаруаның екі бағыты бар. Біріншісі – «Сарыарқа» магистралдық газ құбырының екінші, үшінші көздерін салу.

«Бұл жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Орталық өңірлердің өсіп келе жатқан қажеттілігін ескере отырып, «Сарыарқа» газ құбырының алдын ала құны 100 млрд теңге болатын төртінші кезеңін және құны 2,7 трлн теңге болатын Бейнеу-Бозой-Шымкент магистралдық газ құбырының екінші тармағын салу жөніндегі техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр», - деді ол.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қатар еліне жасаған сапарында осы  «Бейнеу–Бозой–Шымкент» желісі мен «Ақтөбе-Қостанай» желісінің екінші кезегін салу жобаларын Power InternationalHolding компаниясымен бірлесіп іске асыру туралы келісімдерге қол қойылған болатын.

Ал Павлодар, Абай, Шығыс Қазақстан облыстарын газға жалғау үшін Ресейдің ләеуетін пайдалану көзделген.

«Қазіргі таңда «QazaqGaz» және «Газпром» компаниялары Ресей Федерациясына тиесілі газ құбырының мүмкіндігін пысықтап жатыр. Бүгінгі таңда, солтүстік-шығыс өңірлерді газдандырудың келешегі мен құбыр салу шарттарын талқылау бағытында келіссөздер басталды», - дейді Алмасадам Сәтқалиев.

Ресейден газ тарту жобасының өзі екі бағытқа бөлінеді. Біріншісі – Ресей Федерациясымен Павлодар қаласына «Барнаул-Рубцовск-Семей-Өскемен» тармақталған  магистральдық газ құбырын тарту. Әзірге бұл жобаның құны анықталмаған. Екіншісі – Өскеменге «Омбы-Павлодар-Семей» газ құбырын тарту.

Газдандыру жобалары арқылы әсіресе  бүкіл экономикасы жекелеген кәсіпорындарға тәуелді болып тұрған моноқалалардың тынысын кеңейтуге таптырмайтын қадам болып есептеледі. Қазіргі таңда елдегі 20 моноқаланың тоғызында ғана газдандыру жұмыстары жүріп жатыр. Оның ішінде Хромтау (Ақтөбе обл.), Құлсары (Атырау обл.), Ақсай (БҚО), Лисаковск (Қостанай обл.) және Жаңаөзен (Маңғыстау обл.) 100 пайыз газбен жабдықталған.

Ал Рудный, Жітіқара (Қостанай обл.), Кентау  (Түркістан обл.) қалалары 50-90 пайыз, Теміртау қаласы (Қарағанды обл.)10 пайыз ғана газдандырылған. 

Ендігі кезекте Степногорск (Ақмола обл.), Ақсу Екібастұз (Павлодар обл.), Риддер, Алтай (ШҚО), Курчатов (Абай обл.), Балқаш, Абай, Шахтинск (Қарағанды обл.), Сәтбаев, Қаражал (Ұлытау обл) газдандыру қажет.Бұл қалаларды газдандыру 600 мыңға жуық тұрғынды көгілдір отынның игілігімен табыстырмақ.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала