Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

ЖАСТАР ЖЫЛЫ БАСТАЛДЫ

Бүгін Президенттің қатысуымен «Тәуелсіздік құрдастары» атты жастар жылының салтанатты ашылуы болып өтті. Нұрсұлтан Назарбаев жастарға қатысты жиі туындайтын бірқатар проблемаларды нақты атап өтті. Сосын әлеуметтің ең қалың тобына қатысты үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға арнайы жол картасын әзірлеуді тапсырды. 

Жол картасы жастар үшін қолжетімді әрі сапалы білім, жұмыс, тұрғын үй және отбасын құру жөніндегі маңызды қажеттіліктерді қамтамасыз ететін нақты қолдау шараларын қамтуы тиіс. Ал өз сөзінде президент жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы екеніне ерекше тоқталды. «Қазақстанның болашағы сіздерге – сіздердің білімдеріңізге, күш-жігерлеріңіз бен патриоттық сезімдеріңізге байланысты. Қазір қолға алынған жұмыстардың бәрі сіздердің бақытты өмірлеріңіз, сондай-ақ өз әлеуеттеріңіз бен мүмкіндіктеріңізді толық жүзеге асыра алу үшін атқарылып жатыр», – деді. Сонымен қатар, болашақта еңбек нарығына шығатын жастардың санының артатынын айрықша атап өтіп: «Қазіргі уақытта елімізде 300 мыңға жуық адам немесе жастардың 9 пайызы оқуға және еңбекке тартылмаған. Бұл санатқа жататын жастардың санын азайтуға септігін тигізетін тиімді шаралар қабылдау қажет», – деді.  Президент Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ «100/200» қағидаты негізінде «Жас маман» бағдарламасын әзірлеу қажеттігіне тоқталды. «Үш жыл ішінде бұл жоба еліміздің барлық өңірі бойынша 200 мыңға жуық жас азаматты қамтитын болады. Осы жоба аясында жаңғыртылған 200 оқу орнының базасында сұранысқа ие 100 индустриялық және қызмет көрсету мамандықтары бойынша кадрлар даярлау іске асырылады», – деді. Бұның сыртында президент Үкіметке жас ғалымдардың фундаменталды және қолданбалы зерттеуіне бөлінетін гранттық қаржыландыруды жыл сайын 3 млрд теңгеге арттыруды тапсырды. Ал жұмыссыз жастардың санын жылына 1 пайызға қысқарту үшін тиімді шаралар қабылдауды жүктеді. 

сурет :  akorda.kz

 

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала