Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.85

НАУРЫЗДЫ ЖАҢАША ТОЙЛАУ - АМАЛ МЕРЕКЕСІ БАСТАЛДЫ

Бүгін –Амал мерекесі. Елімізде Ұлыс мерекесін жаңа форматта тойлау үшін 14-23 наурыз күндері Наурызнама онкүндігі деп жарияланды. Осы Наурызнаманың алғашқы күні батыс өңірлерде кеңінен тойланатын, жылдан-жылға аясы кеңейіп келе жатқан Амал мерекесінен бастау алады.

Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Амал күнімен құттықтады.

«Әз-Наурыздың бастауы – Амал күні құтты болсын! Бұл – халқымыздың ежелгі әдет-ғұрпын жаңғыртып, төл мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне айналған бірегей дәстүріміз. Осы күні ұлттық болмысымыз бен құндылықтарымыз ерекше дәріптеледі. Ел ырысы көбейе берсін! Жыл жақсылығымен келсін!» – деді Президент.

Амал мерекесі – Табиғат ананың, Жер ананың, жалпы тіршілік атаулының көктемгі жаңаруы мен оянуының бейнесі. Қазақстан халқы үшін Амал дәстүрі отбасыдағы жылылық пен татулықпен тығыз байланысты. Жас кішілер үлкендердің үйіне арнайы барып, сәлем береді, Жаңа жылда ақсақалдардан бата сұрайды. Бұл дәстүр қазақстандық менталитеттің ажырамас бір бөлігі, туыс-туған, дос-жаран, көрші-қолаңның көптен күткен кездесуін білдіреді. Бұл күні адамдар бір-біріне кешіріммен қарап, ескі өкпе-реніштерден арылуы қажет деп саналады. 

Мәденет және ақпарат министрлігінің хабарлауынша, биылдан бастап Наурыз мерекесі жаңа форматта тойланады. Бұдан былай жыл сайын 14 – 23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігі өткізіледі.

Наурызнаманың бағдарламасы:

14 наурыз күні – Көрісу күні-Амал мерекесі тойланады. Бұл дәстүр негізінде еліміздің батыс өңірлерінде сақталған. Бүгінгі күні аталған мерекені барлық аймақтарда тойлау ұсынылды.

15 наурыз – Қайырымдылық күні. Бұл күн ел бойынша қайырымдылыққа, мейірім мен тату көршілікке арналады.

16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Ол күні қазақтың мәдениеті, өнері мен ұлттық құндылықтары кеңінен насихатталады.

17 наурыз – Шаңырақ күні. Осы күні отбасылық құндылықтарымызды дәріптеуге, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар өтеді.

18 наурыз – Ұлттық киім күні. Қазақтың ұлттық киімдерін насихаттауға арналған түрлі іс-шараларды өткізу ұсынылып отыр.

19 наурыз – Жаңару күні. Осы күні көктемгі ағаш егу дәстүрін жалғастыру ұсынылды.

20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл күні елдің барлық аймақтарында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады.

21 наурыз – Ынтымақ күні. Бұл күннің идеясы – жалпы халық бір-біріне деген сый-құрметтерін арттырып, татулық пен бірлікті насихаттау болып табылады.

22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірлерінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этноауылдар мен түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылады.

Ал Наурызнаманың қорытынды күні, жаңа жылды қарсы алудың символы ретінде 23 наурыз – Тазару күні деп жарияланды. Бұл күні Қазақстанның барлық аймақтарында жалпыұлттық экологиялық акция өтеді.

14-23 наурыз аралығында "Наурыз-базарлық" маусымы жарияланады. Бұл күндері сауда орындарында жаппай сатылымдар өткізу, жеңілдіктер жасау жоспарланған.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала