Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

Бүгін сағат 18:00-ден ең белсенді кезең - сайлау алдындағы үгiт басталады

Осыған орай ҚР Бас прокуратура қазақстандықтарға үндеу жасады. Ulys сайты Бас прокуратураға сілтеме жасап мәтіннің толық нұсқасын жариялайды.

*** 

Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттығына кезектен тыс сайлау тағайындалған күннен бастап біз прокуратура органдарының алдына заңнамамен қойылған міндеттерді орындауға кірістік.

Олардың ішіндегі ең бастысы сайлау науқанының барлық кезеңінде заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалауды қамтамасыз ету.

Орталықтағы және жергілікті жерлерде жұмылдырылған барлық прокурор осыған бағдарланған.

 Оны өткізу тәртібі мен шарттары «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңмен егжей-тегжейлі реттелген.

Белгіленген нормаларды сақтамау жауаптылыққа әкеп соқтырады.

Атап айтсақ, сайлау құқықтарына қол сұғатын құқық бұзушылықтар жасаған үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте 26 бап көзделген. Оның 9-ы сайлау алдындағы үгітті жүргізу тәртібі мен шарттарын бұзған үшін.

Біріншісі – 102-бап бойынша тыйым салынған кезеңде, яғни бүгін сағат 18:00-ге дейін, сондай-ақ дауыс беру күні және оның алдындағы күні – 18 және 19 наурызда сайлау алдындағы үгітті жүргізгені үшін жауаптылық.

Келесісі – 103-бап. Ол кандидаттарға, саяси партияларға, олардың сенiм бiлдiрілген тұлғаларына сайлау алдындағы үгiтті жүргiзу құқығын iске асыру процесiнде кедергi келтірген үшін жауаптылықты көздейді.

Кодекстің 112-бабында БАҚ және онлайн-платформалар арқылы сайлау алдындағы үгiтті жүргiзудің «Сайлау туралы» Конституциялық заңда белгіленген шарттарын бұзған үшін жауаптылық көзделген.

Құқық бұзушылықтың бұл түріне мыналар кіреді:

1) БАҚ-тың сайлау науқанын объективті көрсетпей, олармен байланысты оқиғалар мен фактілерді бұрмалауы;

2) БАҚ-тың және онлайн-платформаларды пайдаланушылардың кандидаттың немесе саяси партияның абыройына, қадiр-қасиетiне және iскерлiк беделiне көрінеу нұқсан келтiретiн үгіт материалдары мен өзге де ақпаратты жариялауы, сондай-ақ теріске шығаруды тегін жариялауына мүмкіндік беруден бас тартуы;

3) кандидаттардың БАҚ-та сөйлеп жатқан сөздерін бөлу және сөйлеген сөздерінен кейін іле-шала түсініктеме жасау;

4) БАҚ-тың бір кандадатқа келісім бере отырып, басқа кандидатқа эфир уақытын, баспа алаңын бөлуден бас тартуы.

Мұнда мен бір маңызды өзгеріске назар аударғым келіп отыр.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске былтыр қарашада енгізілген түзетулерге сәйкес енді осы бап бойынша кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне қасақана нұқсан келтіретін үгіт материалдарын жариялаған үшін БАҚ-пен бірге онлайн-платформаларды пайдаланушылар да жауаптылыққа тартылады.

Үгіт жүргізу кезеңінде жол берілуі мүмкін әкімшілік құқық бұзушылықтардың басқа да құрамдары бар.

Атап айтқанда, ӘҚБтК-нің 113-бабы бойынша әкімшілік жазаға міндетті деректемелері жоқ анонимді үгіт материалдарын дайындаумен немесе таратумен ұштасқан заңсыз іс-әрекеттер әкеп соғады.

114-бап үгіт материалдарын қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін жауаптылықты көздейді.

Ал ӘҚБтК-нің 120-бабымен жаза сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу шарттарын бұзғаны үшін белгіленген.

Бұл баппен жауапқа сауалнама нәтижелерін жариялау тәртібін бұзған БАҚ-тармен қатар, сол сауалнамаларды заңсыз жүргізген адамдар да тартылуы мүмкін.

122-баппен заңмен тікелей тыйым салынған адамдардың сайлау алдындағы үгіті және үгіт материалдарын таратқаны үшін әкімшілік жауаптылық көзделген. Олар-мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары, әскери қызметшілер, ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, судьялар, сайлау комиссияларының мүшелері және діни бірлестіктер.

Осы бап бойынша сайлаушыларды сатып алған тұлғалар, сондай-ақ БАҚ арқылы сайлауды жариялауға қатысқан кандидат ретінде тіркелген журналистер әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін.

Үгіт материалдарын ескерткіштерде, тарихи, мәдени немесе сәулеттік құндылығы бар ғимараттар мен құрылыстарда, сондай-ақ дауыс беруге арналған үй-жайларға орналастырғаны үшін жауаптылық ӘҚБтК-нің 124-бабымен белгіленген.

ӘҚБтК-нің 125-бабы бойынша әкімшілік жазаға республикалық бюджеттен үгіт жүргізуге бөлінген қаражаттың мақсатсыз жұмсалуына жол берген депутаттыққа кандидаттар тартылуы мүмкін.

Осы аталған баптардың барлығы бойынша жаза түрі – 10-нан 50-ге дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл көзделген.

Тағы бір айта кететін жайт – ол ӘҚБтК-нің 102112 және 122 баптары бойынша кандидаттардың, саяси партиялардың және олардың сенім білдірілген адамдарының жауапкершілігі айыппұлдан бөлек, олардың тіркеуі туралы шешімнің күшін жоюға әкеп соғады.

Сайлау құқықтарына қатысты осы және басқа да әкімшілік істерді қозғау прокурордың айрықша құзыретіне жатады. Ал істерді соттар қарайды.

Бұл ретте, азаматтар өздерінің сайлау құқығы бұзылған жағдайда, өз бетінше тікелей сотқа да жүгіне алады.

Мұндай жағдайда аталған санаттағы істерді бірден соттар қарайды, бірақ міндетті түрде прокурордың қатысуымен.

Бүгінгі таңда сайлау бойынша қоғамдық пікірге сауалнама жүргізудің, сондай-ақ сайлау алдындағы үгітті жүргізудің белгіленген тәртібі мен шарттарын сақтамаумен ұштасқан бірқатар бұзушылықтар тіркелді.

Олардың сауалнама жүргізуге қатысты біреуі елордада орын алған.

Кінәлі адамға Астана қаласының «Сарыарқа» ауданы прокурорының қаулысымен қысқартылған іс жүргізу тәртібінде ӘҚБтК-нің 120-бабының 3-бөлігі бойынша 7,5 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.

Сондай-ақ, кандидаттарды және партиялық тізімдерді тіркеу аяқталғанға дейін үгіт жүргізуге салынған тыйымды бұзудың 5 фактісі анықталды.

Біреуі бойынша Талдықорған қаласының тұрғыны «WhatsApp» мессенджерінде үгіт жүргізгені үшін сот қаулысымен ӘҚБтК-нің 102-бабы бойынша айыппұл түрінде әкімшілік жазаға тартылды.

Қалғандары бойынша кінәлілерді осы баппен жауаптылыққа тарту жөніндегі шаралар қабылдануда.

Ағымдағы жылғы 19 наурызға тағайындалған сайлаудың қоғамға және бүкіл ел үшін ерекше маңыздылығы мен өзектілігін ескере отырып, оны өткізу барысында барлық сайлау науқанына қатысушылар заңдарда белгіленген талаптарды мүлтіксіз сақтауы тиіс.

Бұзушылықтың әрбір фактісі бойынша біз заңдарда көзделген барлық құқықтық шараларды қабылдайтын боламыз.

 

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала